1 453 көрілім

Қазіргі күні Қазақстанда ғаламторды пайдаланушылар саны 10 миллионға жетіп жығылады екен. Интернеттің смартфондар мен планшетке орнатылуы оны қолжетімді етіп, жаппай қолдануға жағдай жасап берді. Ғаламтордан барлық қалаған ақпаратыңды алып, кино көруге, музыка тыңдауға, ұнаған нәрсені жүктеп алуға болады. Адамдардың алдынан ақпарат әлеміне кең мүмкіншілік ашқан осы ғасыр жаңалығына үлкен көлеңкесін түсіретін бір жай бар, ол – интернет арқылы таралатын компьютерлік вирус.

Адамдар ойлап тапқан «ғасыр дерті»

Өмірімізге компьютер алғаш ене бастаған 90-шы жылдарда компьютерлік вирус дегенге жағамызды ұстап таңғала қараушы едік. Темір мен пласмассадан жасалған зат ауыра ма екен деп қайран қалатынбыз. Сөйтсек, зат та ауырады екен және ол аурудың ауыры мен жеңілі, тіпті жазылмайтын, компьютердің жанын жаһаннамға жіберетін сойқандары де болатын көрінеді.

Сонымен, ет пен сүйектен жаратылған адам емес, темірден жасалған затты дертке шалдықтыратын компьютерлік вирус дегеніміз не және ол қайдан, қалай пайда болған? Адамдардың көбі компьютер деген темір мен пластмассадан жасалған процессор мен монитор деп санайды. Шындығында, компьютер – бұл бағдарлама, яғни программа. Ал процессор мен монитор сол программа тұратын мекен-жай ғана.

Компьютерлік бағдарлама арқылы сіз жұмысыңызды жүздеген, мыңдаған есе жеңілдетіп, қалаған ақпаратыңызды ала аласыз. Осындай ғажайып бағдарламаны жасаған адам деп аталатын екі аяқты пенде сол бағдарламаға қарсы – вирус деп аталатын тағы бір бағдарламаны ойлап тапқан. Вирустың жалғыз міндеті мен мақсаты – компьютерлік бағдарламаны бұзып, оны істен шығару және файлдарға кіріп, ақпаратты ұрлау.

Компьютерлік бағдарлама жетілген сайын, вирустар да жетіліп, олар, тіпті компьютерлік бағдарламалардан да ілгері озып, өзінің бүлдірушілік әрекетін емін-еркін жасап жатыр. Қазір компьютерлік вирус деген қай жерде де өріп жүр. Ол, тіпті мемлекеттердің ең құпия мекемелерінің ақпараттық базаларына да еркін кіріп, бүлдіріп жатыр. Хакер деп аталатын «компьютерлік ұры-қарақшылар» күн сайын адамдардың миллиардтаған ақшаларын тапа-тал түсте қолды қылып, миықтарынан күліп жүр.

Қарғыс арқалаған хакерлер

Пайғамбарымыздың көзін көрген сахабалардың бірінің айтқан «Алла адамның көршісі, сондықтан Жаратқан көршісін ренжіткенді ұнатпайды» деген сөзі бар. Құранда «кімде кім біреуге жамандық жасаса, соншалықты жамандық табады, жақсылық жасаған адамға да соншалықты жақсылық бар» деген аят бар. Мұны индустар карма заңы деп атайды. Яғни, жалпақ тілмен айтқанда «не ексең, соны орасың» дегенге келеді.

Адам ойлап тапқан заңнан айырмасы сол, Алланың заңы дәл және мүлтіксіз орындалады. Заңды айналып өту немесе алдау еш мүмкін емес. Ал енді қарапайым интернет тұтынушылардың мазасын алып, оларға үлкен залалын келтіріп жатқан хакер деп аталатын алаяқтардың күн сайын қаншалаған адамды, яғни Алланың көршілерін ренжітіп, олардың наласына, қарғысына қалып жататыны Жаратқанға ғана аян.

Сайтани программа арқылы өзгелерді алдап, олардың ақпаратын, ақшасын ұрлап алуды және ақпарат сақталған файлдарын бүлдіруді көздейтін, сол мақсаттары орындалған жағдайда өзгелерге үлкен залалын тигізіп жататын хакерлердің осы әрекеті үшін қаншалықты күнәға бататыны айтпаса да түсінікті.

Алланың заңын білмеу, азаптан құтқармайды.

Таяуда бір компьютерлік тегін бағдарламаны жүктеп алмақ болып, біраз әуреге түстім. Қызығы сол, бұрын талай мәрте жүктеп алған әлгі бағдарламаны жүктеп ала алмай қойдым. Бпағдарламаны жүктеп ал деп ұсынған сайттардың бәрі алаяқтар болып шықты. Бағдарламаның жүктелмейтіні өз алдына, компьютеріме көп вирус кіріп, жұмысты мүлде қиындатып жіберді.

Бір сайтты ашсам-ақ жылтыңдап бес-алты терезе шығып, жарнамаларын ұсынады. Оны жабайын десең, жабылмай, басқа бет ашылып, ит әуреге салады. Басқаны былай қойып, қазақ тіліндегі өз блогыма кіре алмай қор болдым. Жылтыңдаған, жыбырлаған бірдеңелер алдымды орап, сайтыма мақала жазып, салуға мүмкіндік бермеуге айналды. Әбден қапаланған соң хакерлерді екі дүниенің азабын тартып, тамұқта мәңгі шыңғырып қалыңдар деп қарғадым.

Жалғыз мен емес, күн сайын ондаған, жүздеген адамды ренішке салып, қарғыс арқалап жүретін хакерлердің екі дүниеде де жақсылыққа жетпей, Алланың заңына сай азап тартатыны дау туғызбас ақиқат. Өкінішке орай, саналарын надандық шелі басқан шерменделер, өздерінің өзгелерге жасап жатқан жамандығының түптің түбінде қара бастарына келерін ұқпайды. Құранның «Кімде кім жамандық жасаса, өз залалына, жақсылық жасаса, өз пайдасына» деген аятының бар-жоғын да білмейтін бұл бейшаралар ертең тозақ отына түскенде бармақтарын шайнары айдан анық.

Түйін.

Осы жайдан не түюге болады? Жә, адамдардың ауруын Алла жіберді делік. Ал компьютердің ауруы қайдан келді? Оны ойлап тапқан адам емес пе? Осылайша адамдар бірінің өмірін бірі азапқа айналдырып, бір-бірлеріне зиянын тигізіп жатыр. Неге, не үшін? Қарақан бастарының қамымен, бес күндік ғұмырда бес тиын пайда тауып қалу үшін. Оларда ар да, намыс та, ұят та, имандылық та жоқ. Адами қасиеттен жұрдай, жандарын сайтанға сатқан БЕЙШАРАЛАР.

Егер адамдар бір-біріне зиянын тигізбей, адал өмір сүрсе, онда мына жер бетінде КЕДЕЙЛІК, БАҚЫТСЫЗДЫҚ, ӘДІЛЕТСІЗДІК сияқты жамандық аитаулы жойылар еді. Онда барша адам БАҚЫТТЫ ӨМІР КЕШЕР ЕДІ…

Пікір қалдырыңыз

Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники

Пікір қалдырыңыз

Яндекс.Метрика