706 көрілім

ақиқатӘлемнің барлық халықтарында қысқаша бірер ауыз сөзбен түйінделетін даналықты арқау еткен мақал-мәтелдер бар. Қазақтың мақалдарынан өте көп нәрсені үйренуге болады. Өйткені, мақал-мәтелде халық өмірден көрген-түйгенді, ақиқатты негізге алады. Өкініштісі сол, адамдардың көбі халықтың осы тегін ен қазынасын пайдаланбайды.

Ұрлық – түбі қорлық

Қазақтың осы мақалының астарында жатқан ащы өмір шындығын көзімізге шұқып дәлелдейтін жайларды қай-қайсымыз да өмірде күнде дерлік көріп, естіп жүреміз. Бірақ, соған назар аударып, мән беріп,  ой қорытып жататын ешкім жоқ.

Менің поштама кеше облыстық ішкі стер департаментінің баспасөз қызметінен біраз қылмыс-ақпараттар келді. Солардың ішінде 24 жастағы ауылдың пошта бөлімшесінде кассир болып істейтін қыздың зейнеткерлердің ақшасы алаяқтықпен алып, пайдаланғаны туралы ақпарат бар. Ол 100 мың теңгедей ақшаны алдап алыпты. Енді осы әрекеті үшін сот алдында жауап беруіне тура келеді. Заң бойынша оған аса ірі көлемде, яғни алған ақшасынан 100 есе көп мөлшерде айыппұл салынбақ. Бұл – 10 миллион теңге. Оны төлей алмаса біраз жыл абақтыға қамалады. Міне, жап-жас қыздың жасаған әрекетінің салдары.

Осыдан алты жыл бұрын Көкшетау қаласындағы бір кәсіпорынның екі бірдей күзетшісін атып өлтіріп, бір миллион теңгедей ақшаны ұрлаған екі ұры өткен жылдың күзінде ұсталды. Енді олар осы қылмысы үшін ұзақ мерзімге сотталып, түрмеге отырғызылады. Мұндай мысалдарды көптеп келтіре беруге болады. Яғни, бұдан «ұрлық түбі – қорлық» деген қазақтың мақалының ақиқаттығын анық көреміз.

Ашу – дұшпан, ақыл – дос

Қазақтың бұл мақалы да ғасырлар бойғы өмірлік тәжрибе негізінде айтылғаны анық. Оның ақиқаттығын дәлелдейтін жайлар өмірде күн сайын дерлік кездесіп жатады. Тіпті, көбіміз дұшпан – ашудың ықпалына түсіп, өкінішті жағдайға тап болған кездеріміз де бар шығар.

Өткен жылы Көкшетау қаласында қанды оқиға болды. Оған себеп болған жай – ашу. Жұмыстан шаршап келіп, ұйқыға жатқан жігіт ағасымен бірге келіп, асүйде арақ ішкен оның бөтелкелесінің барқырап сөйлеп, қарқылдап күлгенінен мезі болып, ұйқысы қашады. Арақ ішкендердің әңгімесі таусылмай, шаршаған ағасы таң алдында ғана төсегіне жатады. Ал оның бөтелкелесі асүйде стол басында қалады.

Ұйқысы қашқан інісі дәретханаға барғанда дәлізге шыққан мас қонақпен соқтығысып қалады. Тәлтіректеген қонақ былдырап бірдеңелерді айтады. Ұйқы бермегеніне әбден ыза болған жігіт сол сәт ашуға беріліп, асүйден пышақ алып, мас қонақтың кеуде тұсынан аямай әлденеше рет пышақ салады. Қансыраған қонақ сол арада жатып, жан тапсырады.

Кейін сотта жігіт қатты шаршаған едім, ұйқы бермеді, соған ашуландым деп ақталмақ болғанымен, оның бұл уәжін сот қабылдамады. Ол ұзақ мерзімге сотталып кете барды. Бұрын сотты болмаған, арақ ішпейтін жас жігіт осылайша ашу-дұшпанның кесірінен адам өлтіріп, оған қоса түрмеге түсті.

Түйін: егер жоғарыда аталған пошта бөлімшесінде істейтін қыз «ұрлық түбі – қорлық» деген мақалды жадында ұстап, халық даналығына мән берсе, мұндай қылмыстық әрекетке бармас еді. Онда қызметін істеп, Алланың бұйырған несібесін қанағат тұтып, тыныш өмір сүрер еді. Енді оның жиған-тергенін түгел беруі (ауылда тұратын, жалақымен жан баққан адамда 10 млн. қайдан болсын) немесе бес-алты жыл абақтыда отыруы қажет.  Қазақтың мақал-мәтелдерін санамызға сіңіріп, халық даналығынан сабақ алсақ, өкінішке ұшыратар жамандықтан аулақ болар едік.

 

Пікір қалдырыңыз

Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники

Пікір қалдырыңыз

Яндекс.Метрика