1 018 көрілім

өзін жетілдіруБлогымызда барлық іс-әрекетімізді, жалпы өмірімізді жоспарлап отырудың қаншалықты игі әсерінің болатындығы туралы бұрынырақта жазған болатынбыз. Бұл тақырыпқа қайта оралуымызға бір оқырманымыздың өтініші себеп болды. Яғни, аталмыш тақырыпқа деген қызығушылық бар екендігі байқалады.
Адамдардың басым көпшілігі жұмыстарын, жалпы өмірін еш жоспарсыз жүргізеді. Ондай адамдардың тірлігін жалпылама былайша сипаттауға болады: таңертең оянып, таңғы асын ішкен соң жұмысқа асығады. Содан басшылардың тапсырмасын орындап, күнделікті ағымдағы жұмыстардың ықпалымен кешке дейін уақыт өткізеді.

Жоспар санамыздағы ретсіздікті тыяды.

Жұмыстан үйге келген соң теледидар көреді немесе тамыр-таныстарына қонаққа барады, әңгіме дүкен құрып, түн ортасы ауа демалуға жатады.
Алдарына нақты мақсат қойып, соған жетемін деп саналы түрде ұмтылмайтын ондай жандар ешқашан биіктерге көтеріле алмайды. Жөпелдеме кездейсоқ бақ құсы қонып, әлденеге жете қалғанның өзінде оны ұстап тұру, онан әрі жетістігін дамытуға қабілет-қарымы жетпей жатады.

Мұндай жағдайда ағымдағы тірлікпен кеткен пенде қандай жұмысты атқарғанын, қандай істі атқаруы керектігін, бірінші, екінші кезектегі шаруаларының ретін, өткен уақытта қаншалықты пайдалы іспен айналысып, нәтижеге жеткендігін мүлдем білмейді. Ол адамды өзенмен көзін тарс жұмып алып ағыс қайда әкетсе сонда ағып бара жатқан ағашпен теңеуге болады. Әлденеге тіреліп немесе жағаға шығып қалғанша ағаш ағыспен аға береді.
Барлық әрекетімізді, өмірімізді жоспарлап отыру санамыздағы ретсіздікті тыйып, өмір жолымызды, бағыт-бағдарымызды, жүріп өткен жолымызды, алдағы жолдың бағдарын айқындауға көмектеседі. Яғни, жоспармен өмір сүрген адамды қолында компасы мен картасы бар жолаушыға ұқсатуға болады.

Жоспарды қалай және қанша уақытқа жасау қажет?

Ең алдымен сіз бір жылға арналған жоспар жасаңыз. Оны кәдімгі бизнес-жоба немесе мұғалімнің күнтізбелік жоспары сияқты жасаудың қажеті жоқ. Жыл басында биылғы жылы қандай мақсаттарға жетемін, қалай жетемін деген мәселеге орай атқаратын шаруаларыңызды реттеп, ақ қағазға түсіріңіз.
Содан кейін бірінші тоқсанда немесе жартыжылдықта мынадай межеге жетемін, жыл соңында мынаған жетемін деп нақтылап алыңыз. Бұл сіздің сол жылғы өмір жолыңыздың бағдары болуы тиіс. Сіз ол жоспарыңызға жиі-жиі қарап, қандай межеге жеткеніңізді, әлі қанша істер бар екендігін еске түсіріп отырыңыз.
Жоспарды бір бағытта емес, физикалық, эмоционалдық, интеллектуалдық және рухани даму бағытында жасағаныңыз дұрыс. Өйткені, бұл бағыттардың бірін ескермей қалдырсаңыз, оның өміріңізге үлкен кері әсері болады. Ол туралы блогымызда бұрын жазылған мақаладан толығырақ мәлімет алауыңызға болады.

Қысқа мерзімді жоспар.

Орыста «утром вечере мудренее» деген сөз бар ғой. Сол сияқты таңертең ұйқыдан оянып, жұмысыңызға кіріспей тұрған кезде осы күні атқаратын істеріңізді жазып қойыңыз. Ол үшін ежедневник ашыңыз. Мәселен, бүгін жарты сағаттық дене жаттығуын жасаймын, бір сағаттай таза ауада серуендеймін, жұмысымда мынадай істерді жасаймын, деп рет-ретімен біраз шаруаларды жазып қойыңыз.
Содан кейін күнұзақ ежедневникке қарап, қанша шаруаңыздың орындалғанын, әлі қанша іс бар екендігіне назарыңызды аударып отырыңыз. Кешкілік таңертең өзіңіз белгілеген істердің орындалғандарының жанына плюс, орындалмағандарына минус белгісін қойыңыз. Және орындалмаған шаруалардың не себепті орындалмағанына назар аударыңыз, оны атқаруды келесі күнге қалдырыңыз.

Табысқа жетудің кілті – жоспармен іс атқаруда.

Егер сіз бүгінде миллионер, миллиардер болып, кедейліктен мол байлыққа қол жеткізген немесе ғылым, білім, мансап саласында биіктерге жеткен тұлғалардың өміріне назар аударып көрсеңіз олардың басым көпшілігінің алдарына нақты мақсат қойып, сол мақсатқа қадамдап жетуге күш салғандығын аңғарар едіңіз.
Жоспармен өмір сүру оншалықты сізге ауырлық әкелмейді. Оның қаншалықты пайдалы екендігін бірер айдан кейін-ақ іс жүзінде аңғарып, көзіңізді жеткізе аласыз. Сондықтан, алдыңызға айқын мақсат қойып, жоспармен тірлік кешіңіз. Табысқа жетудің кілті де дәл осында.

Пікір қалдырыңыз

Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники

Пікір қалдырыңыз

Яндекс.Метрика