1 547 көрілім

Адамдардың көбі алдарына нақты мақсат қоймаса да, ойындағы бір арман-тілектеріме жетсем дейді. Бәлкім ол жалақысы көптеу жұмыс табу, мемлекеттік бағдарлама бойынша баспаналы болу, көңілі қалаған адамымен отбасы құру, т.б. болуы мүмкін. Бірақ алдарына нақты мақсат қойған адам да, «мынаған жетсем жақсы болар еді» деп іштей тілейтін жан да шын мәнінде мақсаттарына жете алмай жатады. Бұның себебі неде?

Мақсатқа жетуге не кедергі?

Сіз өміріңізде қоршаған ортаға, табиғатқа ой жүгіртіп байыппен қарап көрдіңіз бе? Олай жасамасаңыз, бір рет солай жасап байқаңыз. Мәселен, қазір күндіз. Бірнеше сағаттан соң күн батып, түн болады. Сосын тағы таң атып, күн шығады. Енді бірнеше айдан соң қыс аяқталып, көктем келеді. Осылай табиғат тұрақты бір заңдылыққа қатаң бағына жұмыс жасайды. Яғни, барша табиғат өте үлкен дәлдікпен жұмыс істейтін заң шеңберінде өмір сүреді.
Табиғаттың кішкентай бөлшегі болып табылатын адам да ол заңның ықпалынан тыс қалмайды. Адамға әсер ететін және оның өмірін қатаң бақылайтын заң – карма заңы деп аталады. Оны — «не ексең, соны орасың» деген нақылмен салыстыруға болады. Егер сіз біреуге жақсылық жасасаңыз, ол міндетті түрде өзіңізге қайтады. Жамандық та, белгілі уақыттан соң өзіңізге оралады.
Яғни, сіз өз болашағыңызды өзіңіз жасайсыз. Адам бір сәт те тыныш тұра алмайды. Ол ойы, сөзі немесе әрекеті арқылы үнемі әрекет жасайды. Ал әрекет жақсы немесе жаман болуына байланысты, сіздің болашағыңыз сол жасаған әрекеттеріңізге сай айқындалады. Бүгін сіз болашағыңызды жасап жатырсыз. Бұл – ақиқат.
Карма заңы компьютердің бағдарламасы сияқты өте үлкен дәлдікпен және мүлтіксіз жұмыс жасайды. Сіз күн сайын ой, сөз және әрекет арқылы ондаған, жүздеген жақсы-жаман әрекеттер жасайсыз. Болашағыңыз да соған орай айқындалып, жақсылыққа немесе жамандыққа ұшырап жатасыз.
Егер сіздің жолыңыз болмаса, қанша әрекет жасап, алдыңызға мақсат қойып, талпынғаныңызбен ісіңіз алға баспаса, онда бұның себебін карма заңына сай өміріңіздің осы кезеңінде жасаған жаман істеріңізді өтеумен байланысты болған құбылыс деп қабылдау қажет. Мәселен, түнгі сағат 12-де неге күн шығып, таң атпайды деген жөн бола ма? Таң ату үшін біраз уақыт өтуі шарт. Сол сияқты карма заңына сай сіздің өміріңіздің түні, яғни қиындық шағы келсе, оны аттап өте алмайсыз.

Карма заңын бұзуға бола ма?

Болады. Карма заңы қатып қалған нәрсе емес. Оның соққысын жеңілдетуге, залалын азайтуға мүмкіндік бар. Ол үшін жақсы істер жасап, имандылықты серік еткеніңіз жөн. Дегенмен, өмірінде ешкімге жақсылық жасамайтын, қарақан басын ғана ойлайтын адамдардың ойына алған мақсаттары түгел орындалып, тасы өрге домалап жататыны болады.
Бұның өзіндік себебі бар. Мен бір теологтың лекциясын тыңдадым. Оның айтуынша, адам ой күші арқылы өз кармасын топтастыра алады екен. Мысалы, сіздің соншалықты мөлшерде жаман және жақсы кармаңыз бар делік. Карма заңы бойынша сіз аз уақыттан кейін жаман карманың жемісін татып, тауқымет тартуыңыз керек.
Бірақ сіз ой күші арқылы барлық жақсы кармаларыңызды топтастырып, соның жемісін тата аласыз. Ондай жағдайда сіздің өмір жолыңыз тақтайдай тегіс болып, асығыңыз үнемі алшасынан түсіп тұрады. Бірақ барлық жақсы кармаңызды тауысқан соң енді түгелдей жаман карманың жемісін татуыңызға тиіс боласыз.
Бүгінде өзін-өзі сендіру (самовнушение), аутотренинг сияқты тәсілдермен ойлаған мақсаттарына жетіп жатқандар бар. Бірақ бұл жасанды жолмен бала таптыратын қазіргі медицинаның тәсілі сияқты және оның болашақта зардаптары болады.

Мақсатқа жетудің кілті.

Егер сіз тағдырдың басыңызға салғанына көніп, карма заңына сай жақсылыққа кенелетін кезді сабырмен күтуге шамаңыз жетпесе, өз күшіңізбен ойыңызға алған мақсатыңызға жетем десеңіз, оның амалы – жаныңыз сүйген іспен айналысу. Егер сіз бір жұмысты үлкен құлшыныспен және рахаттанып жасайтын болсаңыз, ол өте сапалы орындалады. Соған орай, ол жұмыс сізге міндетті түрде мол табыс әкеледі.
Біздің табысқа жете аламуымыздың бір себебі, жоғарыда айтылған карма заңынан басқа, бір істі қолымызға алған кезде ойымызда «осы шаруаны атқару арқылы мынанша табыс табамын» деп алдын ала ойлауымызда. Осыған орай, біз сол жұмысты атқарғанда жұмыс жайында емес, содан келетін табыс туралы ғана ойлаймыз. Ойымыз жұмысқа емес, оның нәтижесіне шоғырланады.
Сондықтан, біз ол жұмысты сапасыз орындаймыз және жұмыстан еш қанағат таппаймыз. Біз үшін бұл жұмыс табыс табуға мүмкіндік беретін әрекет қана. Осыған орай, сапасыз атқарылған жұмыстың нәтижесі де біз күткеннен төмен болады. Бұл өз кезегінде бізді ренжітіп, көңілімізді қалдырады. Көп ұзамай нәтижеге жеткізбеген бұл жұмысты біз оп-оңай тастап кетеміз.
Ал егер жанымыз сүйетін іспен айналыссақ, кездескен қиындықтарға қарамастан, біз оны ешқашан тастамаймыз. Мейлі табыс әкелмесін, бірақ сол жұмысты көңіліміз қанағат табатындықтан, құлшыныспен жасаймыз. Ал бұл жағдайда түптің түбінде біздің нәтижеге жетеріміз анық.
Түйін: Егер сіз ойыңызға алған мақсатыңызға жеткіңіз келсе, ең алдымен ол мақсат сізге не береді, қандай игілік әкеледі, соны нақты айқындап алыңыз. Содан кейін мақсатқа жеткізетін тәсіл ретінде көңіліңіз қалайтын істі таңдаңыз. Ол жұмыстан жаныңыз рахат табатын болуы шарт. Нәтиже деген бірден келмейді. Ол бәлкім бір, екі немесе бес жылдан кейін келер. Ең бастысы, нәтижеге жетуден емес, жұмысты атқарудан рахат алуға талпыныңыз.
Алекс Яновскиидің айтынша, беру мен алу – бұл инь және янь деген қараңғы-жарық бастаулы қуат. Мақсатқа жете алмаудың сыры – адамдар тек алғысы келеді. Яғни, тек нәтижені ғана ойлайды. Ал табиғат заңы бойынша инь-янь алма-кезек келіп отырады. Яғни сіз алу үшін беруіңіз қажет. Алудан, яғни нәтижеге жетуден ғана емес, беруден – жұмыс жасаудан да рахат алыңыз.
Дәл осы шартты ұстану арқылы нақты нәтижеге жетіп жатқандар аз емес. Мен өткен жылы Яновскийдің курсында оқыдым. Сонда дәл осы шартты пайдаланып, нақты нәтижеге жеткен көп адамдардың пікірлерін тыңдадым. Яғни, бұл жұмыс жасайтын шарт.

Пікір қалдырыңыз

Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники

Пікір қалдырыңыз

Яндекс.Метрика