2 206 көрілім

Адамдардың көбі еш мақсатсыз өмір сүреді, ал алдарына нақты мақсат қойғандардың көпшілігі соған жете алмай ойларына алғандарынан бас тартып жатады. Неге? Мұның себебін табандылықтың жоқтығымен түсіндіруге болады. Ерік-жігерге негізделген ойына алған мақсатынан қайтпайтын қайсарлық – табандылықтан туындайды.

Ерік күшінің қайнар көзі – табандылықта.

Жігерсіз адам ешқашан алдына нақты мақсат қойып, соған жетуге құлшынбайды. Оған оның шамасы да жетпейді. Жігерсіз адам әдетте «бұл менің қолымнан келмейді, ол өте қиын, қолға алған күнде де еш нәтижеге жете алмаймын» деп алдын ала өзін құрдымға құлатып қояды. Адамды биіктерге жетуге құлшындыратын күш – ерік-жігер десек, оның өзі табандылықтан бастау алады.

«Тамшы – тас теседі» деген сөз бар. Яғни, тырсылдап тынымсыз таматын кішкентай тамшы гранит тасты тесіп, қақ айырады. Сол сияқты ерік күші күнде жасайтын тынымсыз әрекеттен бастау алады. Ал ондай әрекетті күнде жасап отыру үшін табандылық қажет. Мәселен, сіз күн сайын таңертең 25-30 минут дене жаттығуын жасадыңыз делік. Демалыс, мереке күндері ме, бәрібір сіз еш үзіліссіз күнде дене жаттығуын жасайсыз.

Осының арқасында көп ұзамай сізде ерік күші жиналады. Ал ерік күші арқылы ойыңызға алған мақсатыызға жетуге қажетті құлшыныс туындайды. Онсыз сіз ешқашан мақсатыңызға жете алмайсыз.

Жігерлі жанның жеңбейтіні жоқ.

Күнделікті қолданып жүрген кәдімгі электр лампасын ойлап тапқан американдық өнертапқыш Эдисон лампаны жасау үшін 10 мыңнан астам тәжірибе жасапты. Соншама мәрте сәтсіздікке ұшыраса да алған бетінен қайтпаған ол 10001-ші әлде онан да кейінгі жасаған тәжірибесі сәтті болып, электр лампасын ойлап тапқан.

Ал ұшақты жасаған ағайынды Райтерлер 365 рет сәтсіз тәжірибеден кейін 366-шы рет жасаған батпырауықтары көкке көтеріліп, соның арқасында ұшақ дүниеге келген. Алған бетінен қайтпай, мақсатына жетуде сонша өлермендік танытқан мұндай адамдар тарихта аз болмаған. Біздің қазіргідей биікке көтерілуімізге дәл солардың тигізген ықпалы аз болмағандығы анық.

Өмір жолы тақтайдай тегіс деп ойлайтын адам ақымақ және ол ешқашан мақсат биіктеріне көтеріле алмайды. Өмірде біз күтпеген неше түрлі кедергілер мен қиындықтар көп. Ойға алған мақсатқа жету үшін сондай қиындықтарды түгел жеңуге қажетті ерік күш болуы керек. Ал ондай ерік-күш  табандылықтан пайда болады.

Табандылық қалай қалыптасады.

Жоғарыда айтып кеткеніміздей, табандылық қасиет бірден келмейді. Оған ұзақ уақыт тынымсыз жүргізілген жұмыстың нәтижесінде жетуге болады.  Мәселен, мен өзіме күн тәртібін белгіледім және соны біраз жылдардан бері қатаң сақтап келемін. Таңертең 5-те тұрамын. Мұздай суға шомылып, екі сағаттай медитациямен айналысамын. Содан кейін 40-45 минут дене жаттығуын жасаймын. Күніне бір сағаттай таза ауада серуендеймін. Кешкілік 22.00-де ұйқыға жатамын.

Міне, осы күн тәртібін қатаң сақтауға тырысамын. Рас, алғашында қиналып, өзімді өзім зорлап жасап жүрдім. Бірақ кейін келе күн тәртібін орындау жеңіл бола түсті. Ал қазір онсыз өмір сүре алмастай сезінемін. Нәтижесі қандай? Денсаулығым жақсарып, жұмысқа деген қабылетім артты. Бүгінде мен екі жерде жұмыс істеймін, оған қоса интернет бизнеспен айналысамын. Бірнеше сайтым бар. Интернетте жұмыс жасау үшін көптеген курстарды оқуға, білімімді ұдай жетілдіруге тура келеді. Бәріне үлгіріп, уақыт табамын.

Тест: өзіңіздің шамаңыз жететіндей күн тәртібін жасаңыз. Таңертеңгі дене жаттығуы, тамақтану, ұйықтау кестесі, оған қоса интеллектуалдық жағынан жетілу үшін қажетті оқу курстарын оқу сияқты пайдалы нәрселерді қамтыңыз. Күн тәртібі алғашында жеңіл болуы шарт. Кейін келе басқа да пайдалы істерді қосып, күрделендіре түсуге болады. Ең бастысы, күн тәртібін демалыс, мереке деп қарамай, барлық уақытта қатаң сақтауға тырысыңыз. Сонда ғана нақты нәтиже болады. Яғни, табандылыққа жетіп, сол арқылы ерік-жігер пайда болады. Ал ол өз кезегінде ойыңызға алған мақсаттарыңызға жетуге үлкен ықпалын тигізеді.

 

Пікір қалдырыңыз

Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники

Бір пікір жазбаға “Мақсатқа жету үшін қажетті қасиеттің бірі – табандылық”

  1.  Жомарт жазды

    Ассалаумагалейкум ага.Калай жагдайыныз. Адам алдына койган максатына озiн озi дамыту аркылы жетедi дейдi. Мен Сiздiн блогыныздан коп нарсе уйрендiм, Алланын нуры жаусын, жумысынызга табыс тiлеймiн.

Пікір қалдырыңыз

Яндекс.Метрика