1 146 көрілім

жақсы сөзМамандық таңдаудың адам өмірінде алатын орны ерекше. Егер сіз жаныңыз қалаған, өзіңізге ұнайтын мамандықты таңдасаңыз және мамандығыңыз жақсы табыс түсірсе, онда жарты бақытымды таптым деп санауыңызға болады. Өйткені, жарты өміріңіз жұмыста өтеді. Сондықтан өміріңіздің мән-мазмұны мен тартымдылығы сол таңдаған мамандығыңызға тығыз байланысты болмақ.

Жалақы ең басты өлшем бе?

«Байлық – мұрат емес, кедейлік – ұят емес» деп саналатын кеңес заманының өзінде адамдардың біразы ақшаны мамандықтан, қоғамда алатын дәрежеден жоғары қоятын. Ал қазір ақша билеген нарық заманында адамдардың басым көпшілігі ең бірінші орынға ақшаны, яғни жалақыны қоятын болды.

Ұлы Абай айтқандай-ақ, «есектің артын жусаң да мал тап» дейтін заман туды. Дегенмен, сіз ең басты орынға жалақыны қойсаңыз, онда өзіңізге мүлдем ұнамайтын, тіпті, «есектің артын жуу» сияқты жиреніш туғызатын жұмысты істеуге мәжбүр боласыз. Ал ондай жұмыстың сізге ешқашан көңіл қуанышын сыйламайтыны анық. Бұлай болғанда, сіз өзіңізді бақыттымын деп санай алмасыңыз дау туғызбас шындық.

Өкінішке орай, адамдардың басым көпшілігі бүгінде ақшаны басты орынға қойып, өздеріне еш ұнамайтын шаруалармен айналысуға мәжбүр болуда. Ондай жұмыстан рахат таппаған пенде содан кеш болса мейрамханаларды жағалап, сонша терін төгіп тапқан ақшасын көңіл көтеруге жұмсайды. Осылайша, жанына ұнамайтын жаман іспен айналысқан тартымсыз тірліктің өтеуін қайтармақ болады.

Қазір өзім тұратын Көкшетау қаласында мейрамхана, дәмхана дегендерден көп нәрсе жоқ. Қызығы сол, әлгіндей мейрамаханалар түн болса адамдарға лық толады. Тапқан таянғандарын көңіл көтеруге жұмсайтын әлгілердің бар армандары байлыққа қол жеткізу болса да, ешқашан бақуатты болып, молшылыққа жете алмайтыны айдан анық.

Ең жақсы мамандық – көңіліңе ұнайтын мамандық

Осыдан бірнеше жыл бұрын облыстық соттың қолдауымен қазақша-орысша шығатын интернет-газет аштым. Бұрын өмірі қолға алмаған тың шаруа, сондықтан маманның көмегіне жүгінуге тура келді. Виталий деген жап-жас орыс жігіті сайт жасап берді және онымен жұмыс істеудің қыр-сырын үйретті.

Ол біраз жылдан бері еш жерде жұмыс жасамай, тек сайт жасаумен және сайт арқылы табыс табумен күн көреді екен. Табысы жаман емес. Ең бастысы, ешкімге тәуелсіз, өзі би, өзі қожа. Таңертең тұрып, басқалар сияқты жұмысқа бармайды, бастығының қас-қабағына қарап, қашан жалақы береді, қашан демалыс болады деп сарылмайды.

Мені тағы бір қайран қалдырғаны, Виталий өз жұмысын өте жақсы көреді екен. Сайт жасаудан және сайтпен жұмыс істеуден кәдімгідей рахат алады. Күніне үш-төрт сағат жұмыс жасайтын ол, қалған уақытын көңілі қалаған істермен айналысуға арнайды. Жоғары білімі жоқ. Орта мектепті бітірген соң жұрт сияқты оқуға түсуге талпынбапты да.

Өзім араласатын таныстарымнан өзгешелігі сол, Виталий әрдайым көңілді жүреді және өзін еркін ұстайды. Ақша туралы әңгіме айтпайды, оған онша қызықпайтын секілді. Бәлкім жақсы табыс табытындықтан, ақшаға деген мұқтаждық жоқтықтан болар.

Ал менің таныстарымның бәрі дерлік үнемі қабақтарын қарыс жауып, көңілсіз жүреді. Кездесе қалғанда айтатындары жалақы төмен, кредиттері бар, ақша жетпейді, ал бастықтары нағыз хайуанның өзі. Қашан жалақы береді, қашан жұмыс күні бітеді, қашан демалыс келеді деп соны күтумен күн өткізетін олардың жалғыз қуаныштары – жалақы берген күні қолдарына ақша ұстау. Бірақ, алған ақшаларын қарыздарына, кредитті жабуға жұмсап, аз уақыттан кейін тағы да таныстарынан қарыз сұрап жүреді.

Түйін.

Бұдан не түйіндеуге болады? Сіз ең басты орынға жалақы мөлшерін қойсаңыз, жаныңыз қаламайтын іспен айналысып, өзіңізді азапқа ұшыратасыз және тапқан табысыңыз қанша көп болса да, ешқашан бақуатты бола алмайсыз. Өйткені, құлазыған көңіліңізді көтеру үшін сол тапқан ақшаңызды түгел бей-берекет шашасыз.

Ал жаныңыз қалаған іспен айналыссаңыз, біріншіден, жан рахатын табасыз, екіншіден, көңіліңіз қалаған іс болғандықтан оны зор ынтамен жасайсыз, ал ынтамен атқарылған істің сапасы қашанда жоғары болады. Сапалы жұмыс бірден жақсы бағасын алып, қызмет баспалдағымен биікке көтерілесіз, жалақыңыз немесе табысыңыз өседі. Яғни, біршама уақыттан кейін бақуаттылыққа қол жеткізесіз.

Бұл екі жолдың қайсысын таңдау сіздің өз екіңізде. Егер алғашқы жолмен жүрген болсаңыз, әлі де кеш емес, жаныңыз сүйетін шаруамен анйалысуға көшіңіз. Сонда бақытқа да, табысқа да жетесіз.

Пікір қалдырыңыз

Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники

Пікір қалдырыңыз

Яндекс.Метрика