172 көрілім
Сайтқа ақысын төлеп, мақалаңызды жариялауға мүмкіндік бар. Ақысы келісімді. Тапсырыс беру үшін kalkoz25@mail.ru поштасына немесе 87013001474 телефонына (вадсап бар) хабарласуыңызға болады.

Кеңес әскерінің арасында жиі айтылатын мынадай нақылға айналып кеткен сөз бар: «генерал болмаймын деген солдат, солдат емес». Бұның мәні: мансап баспалдағымен биікке ұмтылмаған жауынгерден ештеңе шықпайды дегенге саяды. Жалпы кеңес заманында бұл қағидат тек әскерге ғана қатысты емес, барлық сала бойынша айнымас ережеге айналып кеткен болатын.

Санасын мансапқорлық улаған адамның өмірі тамұққа айналады

Төрт түлік малға байланған ежелгі қазақ қоғамында мансапқорлық деген дерт қарапайым халық арасында мүлдем болмайтын. Ол дерт тек төре әулетінен шыққан хан тағына ұмтылушы ақсүйектерге ғана тән еді. Қарапайым көпшілік мансап дегеннен аулақ  қаперсіз жайлы тұрмыс кешті. Ал ақсүйектер болса хан тағына таласып, бірін бірі аяқтан шалып, тіпті өлтіріп, қырықпышақ болып қырқысып жатты.

Ілияс Есенберлиннің «Көшпенділер» және «Алтын Орда» трилогияларын оқитын болсаңыз, тақ үшін баласы әкесін, бауыры аға-інісін, әкесі баласын өлтірген жағдайлар өте көп болған. Әсіресе, Алтын Орда мемлекеті дәуірінің соңғы кезінде хандар тұрақтамай, қырқыс мүлдем шиеленісіп кетеді.

Кеңес заманында да мансап үшін талас-тартыс барлық деңгейдегі мекемелерде жиі болып тұратын. Оның шет жағасын көріп, естідік. Редактордлың орынбасарлығына таласқан біреулер бәсекелесінің зина жасайтынын да жоғарыға жазып, соның салдарынан әлгі кісінің отбасының ойраны шыға жаздады. Осылайша, адамдар мансап үшін бірін бірі аямайтын.

Қарамағындағы адамдарды орнымды тартып алады деп қорқып, бір-бірімен атыстырып-шабыстырып қойып отыратын, ұжымда сәл-пәл беделі бар қабылетті адамды түртпектеп қуып шығуға жанталасатын бастықсымақтарды да көрдім. Ал қызметінен алып тастағанда инфаркт алып, ауруханаға түскен біреуді өліп қала ма екен деп қорыққан үлкен басшы қызметінде қалдырғаны да бар.

Мансапқа құл болған пенде күндіз-түні мансабынан айрылып қалмаудың жайын ойлап, сәл-пәл қатер төнсе немесе жоғары басшылардан қаттырақ сөз ести қалса, жүрегі суылдап, ұйқысы қашып, мазасы кетіп, жүйкесі жұқарып жатады. Яғни, олардың өмірі үнемі қыл үстінде тұрғандай қатерге толы болады. Осылайша, мансапқор пенде өз өмірін өзі тамұққа айналдырады.

Қанағат қарын тойғызар

Ажал аузында жатқан бір белгілі тұлғадан өмірінде неменеге өкінетінін сұрағанда «уақытымды босқа өткізгеніме, дүние-ақша қуып азапқа түскеніме, жақындарыма көңіл бөліп, солармен араласып қаперсіз тірлік кеше алмағаныма өкінемін» -деген екен. Мансапқор адам мансапқа жетемін деп және мансабын сақтап қаламын деп жанталасып жүріп өмірінің қалай өткенін де сезбей қалады.

Шындығында, зерделі адам мына өмірдің уақытша екендігін, мансап, атақ пен байлық – өткінші екендігін жақсы түсінеді. Сондықтан, зерделі жан Жаратқанның бергенін қанағат тұтып, байлыққа, мансапқа, атаққа жетемін деп аласұрмай, уақытын пайдалы іспен айналысып, айналасындағы адамдармен жылы қатынаста жаймашуақ тірлік кешеді.

2002 жылдың көктемінде өкпеме суық тиіп, екі айдан астам уақыт ауруханада жаттым. Бұрын жұмысбасты болып үнемі аласұрумен уақытымның қалай өткенін білмейтін мен айналама зер салып қарауға мұршам болмайтын. Ауруханада жатқан күндерде  жұмыс жайын мүлдем ұмытып, әдеби кітаптар оқыдым, таза ауада серуендедім. Ештеңе ойламай, қаперсіз жүргендіктен бе, миым тынығып, өзімді өте көңілді және сергек сезіне бастадым. Ал содан кейін бір айға Бурабайға шипажайға демалуға жіберген кезде, көркем табиғат аясында алаңсыз демалдым. Сол күндерде мен жұмысбастылықпен мүлдем көңіл бөлмеген көркем табиғатты, айналамдағы жақсы адамдарды көріп, сезініп, басқа әлемге енгендей күйге бөленген едім.

Иә, біз уақыттың, өмірдің қадір-қасиетін білмейміз. Оған мансапқорлық, дүниеқұмарлық сияқты дерттер мұрша бермейді. Анаған жетемін, мынаған жетемін деп жанталасумен алтын уақытымызды, бақытты күндерімізді қалай өткізгенімізді білмей, ажал аузында тұрған сәтте ғана ах ұрып өкініште қалып жатамыз.

Қазақ тілінде кез-келген тақырыпта мақала жазуға, мәтінді орыс тілінен қазақшаға аударуға, өз атынан кез-келген тақырыпта кітап жаздыруға тапсырыс беруге болады. Ақысы келісімді. 8-701-3001474 телефонына немесе вадсапқа хабарласыңыз.

Пікір қалдырыңыз

Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники

Пікір қалдырыңыз

Яндекс.Метрика