53 көрілім

Мына фәниде адамдар әртүрлі игіліктерге ие болу үшін өле-өлгенше еңбек етіп, түрлі әрекеттер жасап жатады. Бала кезінде мектепке барып, оқып, білім алады. Содан кейін жоғары оқу орнына түсіп оқып, мамандық алады.  Үйленіп, отбасы құрған соң бала-шағасын асырау үшін зейнеткерлікке шыққанша тер төгіп еңбек етеді.

Жетістікті сақтау үшін үнемі әрекет ету қажет

Егер мына фәни дүниеге ақыл көзімен байыптап қарайтын болсақ, материализмнің негізін салушы Маркстің айтқанындай, өмірдің үнемі қозғалыста болатынын бағамдаймыз. Яғни, тіршілік дегеніміздің өзі – тынымсыз қозғалыс. Егер сіз өмір сүргіңіз келді ме, онда үнемі әрекет етуіңіз қажет болады.

Адам, тіпті шіріген бай болса да, еш әрекетсіз тірлік кеше алмайды. Шалқасынан түсіп күндіз-түні ұйқыдан бас алмайтын пенде жоқ. Адам болғасын тұрып жүруге, тамақтануға, сөйлеуге, адамдармен қарым-қатынаста болуға тура келеді. Ал қарапайым жандар тамағын тойдыру үшін ақ тер, көк тер болып өле-өлгенше жұмыс істеуге мәжбүр.

Жан-жағыңызға қарасаңыз, жан-жануарлар, аң-құстар – бәрі де тіршілік үшін түрлі әрекеттер жасайды және ол әрекетті бір-ақ рет жасап қоя салмайды. Қасқыр қарнын тойғызу үшін күнде аң аулайды. Мал аштан өлмеу үшін күні бойы далада жайылып, шөп жейді.  Сол сияқты адам да отбасын асырау үшін күн сайын таңертеңнен кешке дейін жұмыс істеуге мәжбүр.

Егер сіз жұмыс істеуді тоқтатсаңыз, онда сіздің бұрынғы  істеген жұмыстарыңызға қарамастан, сізге жұмыс беруші ақша төлеуді тоқтатады.  Сол сияқты қалталы бизнесмен ақша табу әрекетін тоқтатса, сол кезге дейін істеген шаруаларына қарамастан, кәсібі ақырындап қожырап, көп ұзамай жұмысын тоқтатады. Яғни, табыс түсірмейтін болады.

Егер әлемге аты танылған спортшы жаттығуын тоқтатса, көп ұзамай денесі болбыр тартып, формасын жоғалтады және жарыста еш нәтиже көрсете алмай, абыройынан айрылады. Осылардан не түюге болады? Яғни, адам жеткен жетістігін сақтау және одан әрі дамыту үшін үнемі, тынымсыз әрекет етуі тиіс. Әрекет тоқталған замат, нәтиже де жоғалады.

Фәни дүниедегі жетістіктің бәрі өткінші

Жоғарыда айтылған жайлардан байқайтынымыз, мына фәни дүниедегі кез-келген адамның жеткен жетістігінің бәрі өткінші. Егер пенде тіпті, өле-өлгенше әрекет жасап, жеткен жетістігін сақтап қана қоймай, одан әрі үнемі дамытып отырса да — уақыты келгенде ажал оның жетістіктерін түгел жоққа шығарады.

Жарты әлемді жаулап алған Ескендір Зұлқарнайын деген патша болыпты. Ол өлген соң империясы ыдырап, біраз жылдардан соң із-түзсіз жоғалған. Шыңғыс хан деген патша да жарты дүниені жаулап алып, алып империясын құрған. Кейінірек ол империя да құрып жоғалды.

Кеңес заманында әр ауылда, қалада Ленин атындағы көше болатын. Әр елді мекенде Лениннің ескерткіші тұратын. Ленин деген кеңес адамдары үшін Құдайдан да жоғары тұрған, табынатын ұлы тұлға болды. Кеңес үкіметі құлаған соң Лениннің аты да, заты да жоғалды. Қазіргі жастардан Ленин кім деп сұрасаң, білмейді.

Мына фәни жалғанда адам қандай жетістікке жетпесін, бәрібір уақыт оның жетістіктерін түгел  НОЛЬГЕ АЙНАЛДЫРАДЫ. Яғни, барлық жетістіктерін жалмап жұтып, ұмыттырады. Бұл жалғанда ақ тер, көк тер болып еңбек етіп, қандай жетістікке жетпесін, пенде түптің түбінде соның бәрінен жұрдай болып айрылады. Ол сәл-пәл әрекет етуін тоқтатса болғаны, жетістіктері құм сияқты сусып жоғала бастайды. Ал ажал арқылы келген Алланың қуаты ол жетістіктерді мүлдем жоғалтады.

Мәңгілік жетістік бар ма?

Веда ілімінің шыңы саналатын – Бһагавад Гитада тірі пенденің туу мен өлім шеңберінде мәңгі айналатыны туралы айтылады. Осы дүниеде ақылымен, еңбегімен үлкен жетістікке жетіп, бай-бақуатты болған, биік мансапқа ие болып, балалы-шағалы, немерелі-шөберелі болып, армансыз тірлік кешкен пенденің бар жетістігі өліммен аяқталады. Өлген пенде келесі өмірінде қандай тән алатынын, қандай жағдайда өмір сүретінін білмейді.

Адам бақытты тірлік кешті, көп жетістіктерге жетті, содан кейін өлді. О дүниеде пенде осы өмірде жасаған жақсы-жаман әрекеттерінің салдары бойынша не жұмаққа барып, рахат кешеді, не тамұққа түсіп азап шегеді. Сөйтіп, пенде өлгесін жұмаққа еніп, жан рахатына бөленсін делік. Жақсы істерінің қоры таусылған соң, бір күні оны жұмақтан шығарады. Енді пенде өткен өмірінде жасаған әрекеттеріне сай басқа тән алады. Сәби бейнесінде дүниеге қайта келеді. Өткен өмірінде ғұлама болып, фәни дүниенің бар ғылымын игерген адам бәрін қайтадан басынан бластап, мектепке барып жазу-сызуды үйренеді, жоғары оқу орнында оқып мамандық алады, кәсіби біліктілігін жетілдіреді. Осылайша ол бәрін қайтадан басынан бастап жасауға мәжбүр болады. Яғни, оның өткен өмірінде жасаған әрекеттерінің салдары да, алған білім-тәжірибесі де жоғалып құрып кетті.

Ал адамның жасаған әрекеті мен алған білімі жоғалмай, өлген соң да, келесі өмірлерінде  сақталатын жағдай бар ма? Бар. Ол үшін материалдық әрекет емес, рухани әрекет жасау қажет, материалдық білім емес, рухани білім алу керек.

Рухани әрекет және рухани білім дегеніміз не? Егер адам Аллаға махаббатпен беріліп құлшылық жасаса, бұл – рухани әрекет. Өйткені, Алланың табиғаты – бақи, яғни  рухани. Рухани әрекет – мәңгі. Ол ешқашан жойылмайды. Сіз Аллаға махаббатпен құлшылық еттіңіз бе, онда келесі өміріңізде де сол құлшылығыңыз арқылы алған нәтижелеріңіз сақталып, одан әрі дамытуыңызға болады.

Сол сияқты сіз Алланы танып-білуге ұмтылдңыз ба, бұл – рухани білім болады. Ал рухани білім өлген соң да, келесі өміріңізде де санаңыздан жоғалмайды. Сіз келесі өміріңізде рухани жеткен жетістігіңіздің деңгейінен әрі қарай дамый бастайсыз.

Мәңгілікке қол жеткізгіңіз келсе, мына фәниде ғана құны бар материалдық әрекет пен білімге емес, рухани әрекет пен рухани  білімге ұмтылыңыз.  

Пікір қалдырыңыз

Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники

Пікір қалдырыңыз

Яндекс.Метрика