1 116 көрілім

исламМеккеге қажылыққа барып, мұсылмандық парыздарының бірін өтеу исламды ұстанатын әрбір пенденің арманы. Жыл сайын Құрбан айты қарсаңында қажылық парызын өтеу үшін 2 миллиондай адам Меккеге келеді екен. Биылғы жылы қажылық парызын өтеуге келгендер күтпеген апатқа тап болып, Арафат тауына бара жатқандар мен қайтып келе жатқан қалың топтың түйісуі салдарынан 717 адам тапталып қаза тапса, 800-дей адам ауруханаға түскен.

Меккедегі мұндай апат бірінші рет болып отырған жоқ

Қажылық парызын өтеуге келгендер арасында қалың нөпірдің табан астында қалып, тапталып өлу оқиғалары биыл бірінші рет болып отырған жоқ. Мұндай қайғылы апаттар үнемі қайталанып отырады екен. Дегенмен, биылғы жылы қаза тапқандар саны бұрынғы жылдардағымен салыстыранда әлдеқайда көбейіп кеткен.

Қасиетті жерге барып, мұсылмандық парызын өтеу әрбір мұсылман үшін үлкен қуанышты жағдай екені анық. Бірақ та, ешкім де қасиетті жерге ажал табу үшін бармайды. Осы орайда, Меккеде хажылық парызды өтеу барысында жыл сайын дерлік қайталанып жататын бақытсыз жағдайларды болдырмау шарасын жасауға жергілікті биліктің неліктен көңіл бөлмейтіні түсініксіз.
700-ден астам адам қаза тапқан биылғы бақытсыздықтан кейін ғана Сауд арабиясының королі алдағы уақытта хажылық кезіндегі жүріс-тұрыс ережелерін қайта қарайтынын жеткізді. Тағы бір айта кетерлік жай, осыдан бірнеше күн бұрын ғана Меккедегі әл-харам мешітінде мұнара құлап, 102 адам қаза тапқан болатын.

Миллиондаған қойды союдың қажеті бар ма?

Меккеге қажылыққа келген әрбір мұсылман қой сатып алып, құрбандық шалады екен. Сырттан қажылыққа 2 миллиондай адам келетінін ескерсек, соншама қой сойылмақ. Миллиондап жазықсыз жануарды союдың қанша қажеттігі бар?

Рас, ертеде құрбан айты кезінде мал сойып, етін жетім-жесірлерге тегін тарататын. Бұның астарында сол тұстағы аш баырларына бақуатты мұсылмандардың көмек беруін қамтамасыз ететін қайрымдылық жатқаны белгілі. Жалпы, исламның бір парызы саналатын – қайыр-садақа, пітір, зекет берудің астарындағы негізгі мән – мұқтаж жандарға көмектесу, қайрымдылық жасау.

Ал Меккедегі миллиондап сойылған мал мұқтаж жандарға беріліп жатыр ма? Сауд арабиясы тек қасиетті жерге тәу ете келгендердің ақшасымен ғана халқын тойындыра алады. Яғни, бұл елде қайыр сұрап жүрген мұқтаж жандар соншалықты көп емес. Осыған орай, миллиондап сойылған мал еті мұқтаждар үшін емес, қажылыққа барғандардың жалпақ тілмен айтқанда мақтаншылық үшін жасаған әрекетінің жемісі десе, жалғандық болмас.

Құрбан шалудың, қайыр-садақаның ең басты мәні – мұқтаж адамдарға көмектесу,яғни сауапты, қайрымды іс жасау екендігі шындық. Алла біздің сойған қойымызға, оның қаны мен етіне мұқтаж емес. Барша әлемнің бар байлықтың иесі Аллаға біздің шалған құрбанымыз емес, оны кедей-кепшікке үлестіру арқылы, адамдардың бір-біріне қайрымдылық жасауы қымбат десек, ақиқаттан алыс кетпейміз.

Егер солай болса, қажылыққа барғандар миллиондаған қойды құрбандыққа шалып, мұқтаж жандарға емес, онсыз да тұрмысы жақсы бақуатты Мекке тұрғындарына таратып беруінің қаншалықты қайрымдылыққа қатысы бар? Онан да, олар сол қойды сатып алған ақшасын өздері сияқты мұсылмандардан қорлық көріп, туып-өскен ел-жұртын тастап жат елге босып кеткен сириялық босқындарға көмкекке жіберсе, ең САУАПТЫ іс болар еді.

Бұл Алланың мұсылмандарға ескертуі емес пе?

Ислам діні ең бейбіт және басқалармен жылы қарым-қатынасты уағыздайтын таза дін. Пайғамбарымыз бен онан кейінгі халифалар тұсында ислам мемлекетінде христиандар мен иудейлер мұсылмандармен қатар өз діндерін еркін ұстап тұрды. Ал қазіргі жыл санап саны артып бара жатқан әсіре діншілдер исламнан басқа діндердің бәрін «кәпір» санап, жәй тіл тигізіп қоймай, олардың бәрін қырып-жойып, жер бетіндегі халықтарды түгел мұсылманға айналдыруды жақтап, үн көтеруде.

Олар бұл әрекеттерін жазықсыз жандардың өмірін қиып жатқан лаңкестіктермен, Ауғанстан, Ирак, Сирия сияқты елдердегідей қанды соғыстармен ашық көсретіп келеді. Өкініштісі сол, бұндай қанды әрекеттердің бәрі дін, оның ішінде ислам дінінің атын жамылып жасалып жатыр.
Дәл Құрбан айты басталған күні Иемендегі мешітте жұма намазына жиналған халықтың арасына барып бір жанкешті өзін жарып жіберген. Соның салдарынан 29 мұсылман қаза тапты. Ал Сириядағы қауға сақалдылар Құрбан айты күндерінде де қолдарын қанға малып, атыс-шабыстарын жалғастырды.

Бүгінде 1 миллиондай сириялықтар мен ирактықтар христиан елдеріне барып, мүсәпірлік хал кешуде. Олардың бәрі өздері сияқты мұсылмандардан тепкі көріп, бас амандап қашқан босқындар. Резеңке қайыққа отырып, теңіз аспақ болған сириялық босқындардың көбі суға қарық болып, өліп жатыр.

Күні кеше өздері сияқты мұсылмандардың қанын суша төгіп жүрген әсіре діншілдер «кәпір» атаған христиандық Германия сириядан келген 230 мыңдай босқындарды асырап-сақтау үшін 3,2 миллиард евро қаржы бөлді. Осылайша, тағдыр тепкісіне ұшыраған бейшара халыққа христиандар қол ұшын беріп, САУАПТЫ іс жасады. Ал Меккеге жиналған мұсылман қажылар миллиандап қой сойып, ақшаларын ысырап қылды.

Құранда «Алла ысырапшылдықты ұнатпайды» деген аятты қаперіне алмаған мұсылман қауымы осылай жасау арқылы САУАП таптық деп ойлайтын сыңайлы.
Меккедегі дәл Құрбан айты қарсаңында болған жүздеген жанның өмірін қиған екі бірдей үлкен апат Алланың бірін-бірі қырып, ислам дінінің атын жамылып лаңкестік, экстремистік әрекеттер жасап жатқан мұсылмандарға жасаған ескертуі емес пе екен деген ой келеді.

 

Пікір қалдырыңыз

Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники

Пікір қалдырыңыз

Яндекс.Метрика