50 көрілім

Коммунистердің көсем Лениннің мемлекетке берген бағасы мынадай: «мемлекет дегеніміз үстем таптың мүддесін қорғайтын машина». Өкінішке орай, пролетариат көсемінің бұл айқындамсының шыншылдығын өмір үнемі көрсетіп келеді. Қай мемлекетті алып қарасаңыз да, мемлекет белгілі бір топтың мүддесін көздеп, қалған халықтың мүддесіне қайшы келетін әрекеттер жасап жатады.

Зейнетақы қоры зейнеткерлерге не береді?

Сонау 1998 жылы құрылған зейнетақы қоры содан бері біраз өзгерістерді басынан өткергенімен, негізгі қызметі – адамдардың жалақыларынан жырып алған ақшаларын сақтау және көбейтумен айнпалысу болып отыр.

Аты айтып тұрғандай, бұл қордың міндеті қарапайым азаматтардың табан ет, маңдай терімен тапқан табысының бір бөлігінен құралған қаржыны сақтау және жәй сақтап қоймай, оны көбейту. Өкініштісі сол, қор өз міндетін жетімді атқара алмай келеді. Ол туралы жұрт айтып та, жазып та жатыр. Десе де, мемлекет құрған бұл құрылым өз жұмысын өзгертпей, баяғы қалпында әрекет жасауда.

1998 жылдан бергі менің зейнетақы қорыма жиналған қаржы 4 миллион теңгедей болыпты. Бір қарағанда жаман емес сияқты, дегенмен, 20 жыл бойы жалақымның 10 пайызы мөлшерінде салынып отырған ақшаның көлемі жеке өз басымды еш қанағаттандырмайды. Өйткені, мен соңғы жылдарда банк депозитімен айналысып жүрмін.

Осы орайда, қарапайым депозитке салатын болсам, 20 жылдың ішінде жалақымның 10 пайызы қазіргідей 4 миллион емес, долбарлап алғанда кемінде 20 миллион теңге болады екен. Ал 20 миллион теңге депозитің болса, қазіргі ең төменгі 10 пайызбен алғанның өзінде айына 200 мың теңге табыс түсіреді екен. Ау, 200 мың теңге табыс тауып отырсам, маған жұмыс істеп керегі не?

Таяуда Сенат депутаты Мұрат Бақтиярұлы зейнетақы қорындағы ақшаны депозитке салу жөнінде ұсыныс айтты. Зейнетақы жинақтау қорында қанша адам қызмет етеді, оларға жалақы керек және отыратын кеңсесі үшін төлейтіндері, оған қоса кеңсе құралдары, іссапарларға жұмсалатын шығындарды қосыңыз. Бұның бәрі сіз бен біздің зейнетақы қорымыздың есебінен алынуда. Ал егер әр адам банк депозтын ашып, соған жалақысының 10 пайызын салып отырса, қазіргі зейнетақы қорынан кем дегенде 3-10 есе көп табыс түсірер еді.

Мемлекет пен халық мүддесі бір ме

Жоғарыда айтылған жайлардан көзге ұрып көрініп тұрған осы тәсілді неге мемлекет қолдамайды? Өйткені, мемлекет белгілі бір топтардың мүддесі үшін қызмет етеді. Иә, бұл белгілі бір адамдарға ыңғайлы және пайдалы болып отырған сияқты. Егер қарапайым халық үшін қолайлы және пайдалы нәрсені жасайтын болса, әлгі адамдардың мүддесіне нұқсан келмек.

Бұндай жайлар тек зейнетақы мәселесінде ғана емес, барлық салаларда көрініс береді. Қазір барлық сала жекешеленді. Мәселен, егін егетін, мал өсіретін шаруашылықтардың 100 пайызы жеке меншік. Бірақ сол салаларға жетекшілік жасайтын мемлекеттік органдар бар. Аудандық ауыл шаруашылығы бөлімдерінен бастап, облыстық басқармалар мен ауыл шаруашылығы министрлігі осы салаға жетекшілік жасайды. Ау, жеке меншік иесіне қандай жетекшілік керек?

Қызығы сол, жылда көктемде алқалы жиын өткізіліп, осы саланың басшылары шаруашылықтарға тұқымды қашан, қалай себу кетектігіне нұсқау беріп жатады. Жеке меншік иесіне мемлекеттік қызметкер қалай нұсқау бермек? Егінді қашан, қалай себетінін әркім өзі біліп, шешуі керек емес пе?

Егер былай қисынға салып қарасаңыз: бәрі жеке меншіктің иелігінде, әрбір жеке меншік иесі өз жұмысын өз күшімен, қаржысымен, ақылымен жүргізіп жатыр, ендеше оларға ақыл-айтатын артық құрылымның қанша қажеті бар? Оларды ұстау үшін сіз бен біздің қалтамыздан салық ретінде алынатын миллиардтаған қаржы жұмсалады.

Қазақстанда 18 миллион халық болса, мемлекеттік қызметшілердің саны 90 мыңнан асады екен. Ал Жапонияда 140 миллион халыққа 10 мың ғана мемлекеттік қызметші қызмет көрсетеді. Әлемнің басқа елдеріндегі жағдай да осыған ұқсас. Қарапайым қисынға салсақ: әлгі 90 мыңның 80 мыңын қысқартсақ, миллиардтаған ақша үнемделер еді. Ал оны қарапайым халыққа жағдай жасауға жұмса: кәсіпкерлерге төмен пайызбен кредит бер, күнін көре алмай отырғандарға жәрдемақы төле, зейнетақы мен жәрдемақы көлемін өсір, т.б.

Осылай жасау арқылы халықтың тұрмысын жақсартуға болар еді. Бірақ мемлекет олай жасамайды. Өйткені, бұл әлдекімдердің мүддесіне қайшы келеді. Яғни, осыған қарап, мемелкет дегеніңіз Ленин айтқандай белгілі бір топтың мүддесін қорғайтын машина демеске лажың жоқ.

 

 

Пікір қалдырыңыз

Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники

Пікір қалдырыңыз

Яндекс.Метрика