359 көрілім

тәубеБүгінде идеясы келмеске кеткен Лениннің «мемлекет дегеніміз үстем таптың төменгі тапты езуіне көмектесетін машина» деген сөзі бар. Осы кісінің «қандай мемлекет болмасын – ол күш қолдану құралы» деген анықтамасы және бар. Егер тарихқа зер салып қарасаңыз, күн көсемнің айтқан бұл сөзінің ақиқаттығына көз жеткізер едіңіз.

Мемлекет қай заманда да белгілі топтың мүддесіне қызмет еткен

Ерте замандарда патша, хан аталған билік өкілдері билік құрған кезеңдерде, онан кейінгі демократиялық қоғам орнығып, халық президент деп аталатын әміршіні сайлап қоятын кезеңде де мемлекет Ленин берген анықтамадан еш айныған емес. Яғни, ол белгілі бір топтың мүддесіне қызмет етіп, жалпы бұқараны мәжбүрлеп сол билікке көндіруге күш салды.

Әрине, кез келген күш қолдану, мәжбүрлеу адамдардың тарапынан наразылық туғызып отырады. Бұл наразылық жинақтала келе күндердің күнінде халық көтерілісі түрінде көрініс берген. Тарихтан бізге белгілі сондай көтерілістер аз емес. Мәселен, Англиядағы Уот Тайлер бастаған көтеріліс, Франциядағы 1793 жылғы ұлы француз революциясы, Ресейдегі орта ғасырлардағы Степан Разин, Емелян Пугачеч көтерілістері, қазақтар арасындағы Исатай-Махамбет, Сырым батыр көтерілістері, т.б.

Дегенмен, бір ғана ашу-ызаға негізделген  стихиялы көтерілістер ұйымдасқан, тәртіпті билік әскерінен әрдайым жеңіліс тауып отырған. Осылайша, халық билікке деген ашу-ызасын сыртқа шығарған соң, сабасына түсіп, баяғыша биліктің езгісіне қайта мойынсұнған. Тарихқа зер салып қарасаң, үнемі осы жағдай қайталанып отырғанын бағамдауға болады.

Бүгінгі қоғам демократиялық, яғни халық билігіне негізделген деген аты болмаса, бұл да сол белгілі топтың мүддесіне қызмет ететін Ленин тілімен айтқанда «үстем таптың езу құралы» болып отыр. Оған әлемнің әр елдерінде арадік болып тұратын халықтың наразылық шерулері, оны үкімет күшінің күшпен басып отыруы айғақ болады.

Уақытша тіркеу кімге тиімді?

Жаңа жылдың басында Праламент қабылдаған жаңа заң күшіне еніп, енді қазақстандықтар уақытша тіркеу деген рәсімдеуден өтетін болды. Қалаларда жатақханада, пәтер жалдап тұрып жатқан студенттер, ауылдан келген жұмысшылар, баспанасы жоқ адамдар, үйлерін пәтерге берушілер, бір жаққа бір айдан артық мерзімге жұмыс сапарымен немесе қыдырып барғандарға қатысты бұл заң талабы шын мәнінде қазақстандықтардың көп бөлігін қамтиды.

Содан болар, осы заң күшіне енген кезден бастап халыққа қызмет көрсету орталықтарына ағылған адамдар көп болды. Онда бұрын болмаған қара-құрым кезек пайда болып, халық арасында абыржу басталды. Тіпті, Алматы облысында бір орталықта кезекте тұрған егде адам жүрегі қысылып қайтыс болғандығы туралы БАҚ жазды.

Осы заңды дайындаған ІІМ басшыларының айтуынша, ол еліміздің қауіпсіздігіне қатер төндіретін экстремистердің жолын кесуге көмектеседі екен. Дегенмен, заңгер сарапшылардың пайымдауынша, заң лаңкестерді ұстауға оншалық көмектесе қоймайды, оның мақсаты ішкі көші-қонды құқық қорғаушылардың бақылауына мүмкіндік туғызу дейді.

Осылайша, мемлекет ішкі миграцияны реттеп, бақылауды көздейтін құқық органдарының мүддесі үшін қарапайым көпшілікке басы артық шығын мен әурешілік әкелетін қосымша шаруа тауып берді. Бұған іштей ренжісе де,  лажсыздан көпшілік ЦОН-ға барып, кезекке тұрып, әурешілігі көп істі атқаруда.

Аңдастырған екеуін құдайым-ай

Ұлы Абайдың «Қараша желтоқсан мен сол бір екі ай» деген өлеңінде «Байда мейір, жалшыда пейіл де жоқ, аңдастырған екеуін құдайым-ай» деген жолдар бар. Нарықтық экономикаға негізделген қоғамда өмір сүретін әлемнің барлық елдеріндегі жағдай осылай. Бір басы мен отбасын ғана емес, жүздеген, тіпті мыңдаған адамдарды еркін асырауға жететін байлығы бар бақуатты адамдарда мейір болмаса, күнін әзер кешіп жүрген кедей-кепшікте оларға деген пейіл жоқ.

Бай мен кедейдің арасындағы бұл қайшылық өле өлгенше созылып, бір-біріне деген сенімсіздік пен жеккөрініш іштей жиналып, ара-тұра наразылықтар түрінде шығып жатады. Бұл – сонау бағзы заманнан бері өзгеріссіз келе жатқан өмір ережесі. Коммунистер осы ережені бұзғысы келіп еді, бірақ одан еш нәтиже шықпады. Үстемдік етіп келген бақуаттылардың орнын коммунист көсемдер басты. Бар айырмашылық осы ғана. Үстемдік те, мәжбүрлеу мен езу де сақталып қалды. Тіпті, кеңес заманында адамдардың құқығы қазіргіден де шектеулі болды.

Түйін: егер сіз мемлекетке сеніп, ол сізге жақсылық жасайды, жағдай туғызады десеңіз, онда тарихты, тарихи қалыптасқан ақиқатты білмейтіндігіңіз. Ешқандай мемлекет, еш заманда қарапайым халықтың мүддесіне қызмет еткен емес. Мемлекет әрдайым белгілі бір аз топтың ғана мүддесін қорғап, соған қызмет етіп келді және солай бола береді. Ендеше ұлы Абайдың «Алладан берекет, адамнан әрекет» деген қағидасын естен шығармаңыз. Мемлекеттен емес, тек Алладан тілеп, өзіңіз әрекет жасаңыз. Сонда ғана жаутаңкөз болып, мүсәпірлікке ұшырамай, еркін тірлік кешесіз. Бұл – АҚИҚАТ.

Пікір қалдырыңыз

Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники

Пікір қалдырыңыз

Яндекс.Метрика