4 079 көрілім

23Қазақтардың арасында біреудің жамандығын көргенде айтылатын «құдай берген мінез ғой» дейтін сөз бар. Оның мәні қырсық, жаман мінезді адам, оны енді өзгерте алмайсың, солай болып қалады дегенге келеді. Жаман мінезді адамдардың бойындағы осы олқылықты түсінбейтінін және түзелуді ойламайтынын өмірде жиі көріп жүреміз. Сол жаман мінезінен таяқ жеп, тауқымет тартып жүрсе де, адамдардың көбі кемшілікті түзеуге еш талпынбайды.

Жақсы немесе жаман мінез туралы

Біздің өміріміз өле өлгенше айналамыздағы адамдармен қарым-қатынастан тұрады. Жақсы қарым-қатынаста болу өмірімізді жеңілдетіп қана қоймай, жолымызды ашып, ойымызға алған арман-мақсаттарымызға жетуге де игі ықпалын тигізбек. Жақсы қарым-қатынастың негізі – жақсы мінез.
Жақсы мінезді болу деген не? Ол – сабырлылық, қарапайымдылық, қайрымдылық, адалдық, шыншылдық, кішіпейілділік, кешірімшілдік, жомарттық, т.б. Осындай мінезді бойына жинақтаған адамдар айналасына әрдайым сүйкімді болып, жұртпен де тез тіл табысады.

Өкінішке орай, адамдардың көбінің бойында мұндай жақсы мінез жоқ. Ал жаман мінез деген не? Ол ашушаңдық, тәкаппарлық, өзімшілдік, мақтаншақтық, нәпсіқұмарлық, сараңдық, іштарлық, кекшілдік, ұшқалақтық, жалқаулық, жалған сөйлеушілік, т.б. Осындай жаман мінезді адамдарды біз өмірде жиі кездестіреміз.

Бала кезімде рулас үлкен бір апайымыз болды. Бірнеше рет күйеуге шыққан ол бәрінен ажырасып, жалғыз тұрды. Әлгі туыстарының ортасына келген соң да жаман мінезін тастамай, көрінгенмен ұрыссатын. Кешкілік сабақтан келген соң үйдің, оған қоса бірқатар көршілердің қойын ауыл маңына апарып жаямын. Оған басқа балалар да қосылады.

Содан әлгі ұрысқақ апамыздың бір қойы жоғалып кетіпті. Сол күні ол кешкілік біздің үйге келіп жоқтау айтқан сияқты бар даусымен ойбайға басты. Мені қарғап-сілеп, айтпаған сөзі қалмады. Апам да, әкем де сабырлы адамдар еді, оған бір ауыз сөз айтпай, қарғысын үнсіз тыңдады. Әлгі ұрысқақ апайымыз бірер жылдан кейін жұрттың бәрімен ұрыссып, жеккөрінішті болды да, содан басқа жаққа көшіп кетті.

Мінезді қалай өзгертуге болады?

Жаман мінезді адамдардың, әсіресе бойларында жалқаулық, бойкүйездік сияқты қасиеттер берік қалыптасқан пенделердің бәрін тағдырға артып, «құдай берген мінез ғой» деп жүре беретінін өмірде талай көрдім. Ондайлар бойларындағы жаман мінездерін өзгертуге еш талпыныс жасамайды.

Ұлы Абайдың айтқан «адамды тәрбиелеуге, өзгертуге болмайды дегеннің тілін кесу қажет» деген сөзі адам мінезін кез келген жаста, кез келген жағдайда өзгертуге болатынын көрсетеді.
Жақсы, жаман мінездің негізі неде? Бәрі ақылдан бастау алады дейді белгілі ресейлік теолог Александр Хакимов. Бхагавад Гитада «ақыл адамның ең жақын досы, әрі ең қатерлі дұшпаны, егер адам ақылын бағындыра алса, ол оның ең жақын досына айналады, ал бағынбаған ақыл адамның ең қатерлі дұшпаны болады» деп айтылған.

Индустарда «ақылды таңертең жүз рет басынан таяқпен ұр, кешкілік жүз рет кебіспен ұр» деген нақыл бар екен. Яғни, ақылды үнемі қатаң бақылауда ұстап, дегеніңе көндіру қажет. Жаман мінездің қалыптасуында ақыл қандай рөл атқарады?

Бетінен сөз асырмай, кім көрінгенге ұсақ-түйек үшін тиісіп, жанжалдаса кетуге даяр тұратын адамға ақылы айтады: «басыңнан сөз асырма, әйтпесе жұрт мойныңа мініп алады, ә десе, мә деп жағасынан ал, сонда сені сыйлайтын болады» дейді.

Ал бүгінгі шаруасын үнемі ертеңге қалдырып жүретін жалқауға ақылы «өмір алда, ертең де үлгіресің, асығып қайтесің, бүгін демал» деп алдарқатады. Ертеңіне ол тағы да осындай уәжбен, шаруаны кейінге ысыра салады.
Зинақор адам әйел-бала шағасын алдып, жаман жүріс жасаудың теріс қылық екенін іштей сезінгенмен, ақылы оны былай деп алдарқатады: «өмір адамға бір-ақ рет беріледі, базарыңның барында күліп-ойнап, қызық көріп қал, ал қартайғасын намаз оқып, дін жолына түсіп, күнәңнан арыласың ғой».
Ақыл осылайша, адамның бойындағы жаман мінездің өз дегенін істетіп, теріс жолға салуын әрдайым адвокатша ақтап, жаман әрекетті онан әрі жалғастыруға мәжбүрлейді.

Жаман мінезден арылудың жалғыз жолы: шариғат жолымен жүріп, имандылықты бойыңызға сіңіру. Шариғат дегеніміздің өзі бастан-аяқ адамды жақсы мінезді болуға ынталандыратын жол. Өтірік айтпа, қиянат жасама, кісі ақысын жеме, зина жасама, қайрымды бол деген шариғат талаптарын орындайтын адамның бойында міндетті түрде жақсы мінез қалыптаспақ.

Керісінше, имансыз адам міндетті түрде жаман мінезді болып келеді. Өйткені, имансыздықтың өзі адамды әрдайым теріс әрекеттер жасауға еріксіз итермелейді. Бұл екі жолдың қайссын таңдайсыз, ол сіздің өз еркіңізде.

 

Пікір қалдырыңыз

Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники

Пікір қалдырыңыз

Яндекс.Метрика