1 179 көрілім

 

Ертегілерде айтылған халықтың қамын ойлап, халыққа қызмет еткен, «қой үстінде бозторғай жұмыртқалаған» дейтін қоғамды орнатқан әділ және қайрымды басшылар туралы оқиғалар қарапайым халықтың қиял-арманынан туған дүние сияқты. Мына жалғанда қиындық пен тауқыметті көп тартатын қарапайым халық елдің қамын жейтін адал да әділ ерлер туралы армандап, соны ертегінің кейіпкеріне айналдыратын сыңайлы.

Мықты және әлсіз адамның баяны

«Қазақстан» телеарнасында «Бейбарыс сұлтан» атты сериал жүріп жатыр. Өз басым бірінші сериясынан бастап тамашалап келемін. Қарадан шығып хан болған, бала кезінде құлдыққа сатылып, содан өз күшімен, ақыл-парасатымен билікке жеткен Бейбарыс бабамыздың өмірі халықтың қамын жеген мықты көшбасшы кім деген сауалға жауап беретіндей.

Крестшілердің қалың қолы анталап келген сәтте кенеттен қайтыс болған Мысырдың сұлтаны Аюптың қазасына қарамай, оның тақ мұрагері Аббас шах келгенше елді, қалың қолды басқарып, жауды жағадан алдырмаған мықты қолбасшылар Ақтай мен Бейбарыстың еңбегін бағаламай, олардан тағымды тартып алады деп қорқып, биліктен аластатпақ болған мұрагер ақырсында өзі опат болады.

Оның орнына отырған Айбек те әйелдің ақылын тыңдап, тағымды тартып алады деген күдікпен қажуырлы қолбасшы Ақтай мен Бейбарысты өлтірмек болады. Ақтай қаза тауып, Бейбарыс қашып құтылады. Кейін билікке келген Құтыз да алғашқылардың қателігін қайталап, монғол патшасы Құлағудың әскерін талқандап, елге шапқыншылығын тоқтатқан Бейбарысты сол еңбегі үшін марапаттаудың орнына, өлтірмекке әрекеттенді.

Әлсіз адамдар өз билігін сақтаудың бірден бір жолы деп өзі сияқты әлсіз адамдарды айналасына жинауға құмарлығы ежелден келе жатқан дәстүр тәрізді. Егер Аббас шах Ақтай мен Бейбарысты жақын тартып, жақын адамдар етсе, ғұмыры да, билігі де ұзақ болар еді. Айбек пен Құтыз да мықтылардан қорқып, әлсіздерді айналасына жинағысы келудің салдарынан биліктен де, бастарынан да айрылды.

Басшылардың бәрі неге мықтылардан қорқады?

Қазақта «көп қарияның ортасындағы жалғыз бала дана болады, көп баланың ортасындағы жалғыз қария бала болады» деген мақал бар. Яғни, сіз кіммен аралассаңыз, соған ұқсап, сондай деңгейде боласыз. Айналасына мықты адамдарды жинаған басшы барлық жағынан өсіп, өзі де дамиды. Және сол мықты адамдардың көмегімен шаруасын шарықтатып биікке көтереді.

Өкінішке орай, адамдардың, оның ішінде билікке қолы жеткен басшылардың 99 пайызы Бейбарыс сұлтан сериалының кейіпкерлері сияқты теріс ойлайды. Олар айналасына өзінің билігіне қауіп төндірмейтін әлжуаз, қабілетсіз жандарды жинауға құмар. Керісінше елге, халыққа пайдасын тигізетін мықты адамдарды Бейбарыс сияқты қуғын-сүргінге ұшыратып, билікке жуытпауға тырысады.

Нәтижесі қандай? Бейбарыс сұлтанды билікке жуытпаған Аббас шах, Шәжәрадұр ханша, Айбек сұлтан, Құтыз – бәрі де биліктен де, бастарынан да айрылып тынды. Оларды айналасындағы әлжуаз көмекшілері қорғай алмады.

Қайрымды патша туралы ертегілердің астарында не бар?

Қайрымды, әділ патша жайлы ертегілердің астарында қарапайым халықтың сондай басшылар келіп, халықты игілікке жеткізсе екен деген қиял-арман жатқандай. Бейбарыс сұлтан Мысырды билеген кезінде анталған жаудың бәрінің бетін қайтарып, ғылым мен білімді дамытты, халықтың тұрмысы да жақсарды. Бейбарыс сұлтан салған мешіт әлі күнге дейін Каирдың ең сәулетті ғимараттарының бірі болып тұр. Оның есімі халықтың есінде алтын әріппен жазылып, сақталып қалды.

Жаңа Зеландия деген аралдан тұратын мемлекет бар. Жер аумағы Қазақстанның бір облысындай ғана. Пайдалы қазбалары да онша көп емес. Сол елде мектеп бітірген бала үш айдың ішінде оқуға түсіп немесе жұмысқа орналаспаса, еңбек орталығына барып тіркеледі екен. Содан кейін ол жұмыссыз ретінде аптасына 400 доллар жәрдемақы алады. Жаңа Зеландия долларының бағамы АҚШ долларынан әлдеқайда жоғары. Осындай ақшамен жас қыз немесе жігіт жайлы пәтер жалдап, машина сатып алып, шет елдерге қыдырып, бір сөзбен айтқанда шалқып өмір сүре алады.

Оның бар жұмысы әр үш ай сайын еңбек биржасына барып, жұмыс таппадым деп тіркеліп отыру ғана. Ал 3,5 миллиондай халқы бар, құмның үстінде орналасқан Біріккен араб әмірлігінің жан басына шаққандағы табысы әлемдегі ең алдыңғы орындардың бірінде. Бұл елде ауыр қара жұмысты шет елден келген адамдар ғана жасайды. Жергілікті халық жеңіл-желпі жұмыстар жасап, шалқып өмір кешеді. Баспанасыздық, жұмыссыздық деген атымен жоқ. Дүниеге келген сәбидің атына есеп-шот ашылып, ол кәмелетке жеткенде қомақты қаржысы болады.

Ал енді жер көлемі жағынан әлемде тоғызыншы орын алатын, жерінің асты мен үсті байлыққа толы Қазақстанда тұратын халық қандай игілік көріп жатыр? Таяуда бір телеарнадан темір контейнерде тұрып жатқан үшемді дүниеге келтірген жас отбсының аянышты тірлігі көрсетілді. Парламент үшемдерді дүниеге әкелген отбасыларын баспанамен қамтамасыз ету жөніндегі ұсынысты бюджетте ақша жоқ деп қабылдамай тастады.

Табиғат байлығы мол қазақ елі жер көлемі де, табиғат байлығы да бізден артық емес Жаңа Зеландия, Біріккен араб әмірліктеріндегідей халыққа неге жағдай жасамайды деген ойға қаласың. Егер миллиардтарды ұрлап шетел асып қашып жүрген Бергей Рысқалиев, Рахат Әлиев, Мұхтар Әбілазов сияқтылар болмаса, бізде де қарапайым халыққа жағдай жасалар еді деген ой келеді.

Мың жылда өмірге бір келетін қайрымды, әділ патша ғана халықтың жайын жақсартып, мықтыларды айналасына жинап, солар арқылы елдің еңсесін көтеретінін тарих тәжірибесі көрсетіп келеді. Өкінішке орай, содан сабақ алмайтынымыз қиын.

 

Пікір қалдырыңыз

Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники

Пікір қалдырыңыз

Яндекс.Метрика