1 352 көрілім

байлануНәпсі дегенді көбіне біздер ер мен әйелдің арасындағы некесіз төсек жақындығы деген ұғым ретінде ғана қабылдап жатамыз. Шындығында, нәпсі ұғымы одан әлдеқайда кең және нәпсі адам өмірінің барлық жақтарын қамтиды. Сондай-ақ, нәпсі адам өміріне туғаннан өлгенге дейінгі аралықта өте күшті ықпалын тигізіп отырады.

Нәпсі деген не?

Бһагавад Гитада оттың түтінсіз болмайтыны сияқты, адам санасына үнемі әсерін тигізіп отыратын теріс қуат — нәпсі туралы айтылады. Мына фәни дүниені адамға соншалық тәтті, қымбат және тартымды етіп көрсететін күш – нәпсі. Егер нәпсі болмаса, мына дүние өзінің тартымдылығынан жұрдай болып айрылар еді.

Нәпсінің жалпы сыйпатын былайша атап өтуге болады: байлыққа, мансапқа, атақ-даңққа деген қызығушылық, ішіп-жеуге, мақтануға, көңіл көтеруге деген құлшыныс – бұның бәрі нәпсі. Ал, адамның ақыл-есін баурап алатын ең қуатты нәпсі – бұл ер адам мен әйелдің бір-біріне деген құштарлығы.

Бір сөзбен айтқанда – нәпсі Алланың қуаты. Оның міндеті – адамға мына фәни жалғанды әдемі, тартымды етіп көрсету, өмірге құлшындыру, жәй құлшындырып қоймай нәпсі нысанын қолға түсіру үшін жан аямай әрекет ету, яғни еңбектенуге мәжбүрлеу. Нәпсі тек адамда ғана болмайды, ол барлық тіршілік иелерінде бар.

Ақыл-есті билеген нәпсі

Нәпсі тұрған жерде ақыл болмайды. Нәпсінің күштілігі сонша, ол ақыл-сананы ығыстырып тастап, адамды еріксіз өз дегеніне көндіреді. Сырт қарағанда нәпсі жетегіндегі адамның әрекеті есінен алжасқан есуастың ісі сияқты сезіледі. Яғни, нәпсі адамды есуас етеді.

Мәселен, өткен жылы алты жастағы қызды зорлап, қылқындырып өлтірдім деп тастап кеткен бала-шағасы бар отабсылы еркектің әрекетін алып қарайық. Алты жастағы қызды зорлаған ол содан қаншалықты ләззат, тән рахатын тапты?  Болар-юолмас, бірнеше минуттық  тән рахатына бөленді. Ал, оның зардабы ол үшін өте ауыр болды. Әлгі бүлдіршіннің туыстарының, жалпы көпшіліктің қарғысы мен жеккөрінішіне ұшырады және өмір бойы түрмеде отыру жазасына кесілді.

Сөйтіп, аз ғана ләззат үшін ол барша халықтың алдында жуып кетіре алмастай қарабет болды және өле өлгенше тар қапаста қамалып, әйелден, бала-шағасынан, өмірдің басқа қызықтарынан түгел мақұрым қалды. Ол аз десеңіз, өлгеннен кейін тозаққа түсіп және өртенбек.

Өзінің туған қызымен жақындасқан қырықтың қырқасындағы адам 17 жылға сотталды. Ал, төсек тартып жатқан жетпістегі кемпірді зорлаған 17-дегі бозбала 15 жылды арқалады. Бұл – жыныс жақыдығына байланысты нәпсінің арбауына түскендер. Ал мансап үшін, ақша үшін, атақ үшін ар-ұяттан айрылып жатқандар аз ба?

Пара алған бұрынғы Премьер-министр түрмеде отыр. Ал, мансаптың құлы болып басшыларына жағынудың не түрін жасап, ар ұялар қылықтарға барып жатқандар қаншама? Арақтың құлына айналып, маскүнем деген дертке ұшырағандар аз ба? Олардың бәрі нәпсінің жетегіне еріп, ақыл-стен айрылғандар.

Нәпсіге ерудің зардабы

Нәпсіге еру адамды қандай дәрежеге жеткізеді? Жоғарыда айтып кеткен алты жастағы қызды зорлаған педофиль  НӘПСІНІҢ ҚҰЛЫ болудың айқын үлгісі іспетті. Нәпсі жетегінде кеткен, ақыл-естен айрылғандардың тағы бір үлгісі ретінде БОМЖ  дегендерді атауға болады. Олар араққа салынып, өздерін тежей алмайтын халге жеткен. Содан отбасынан да, дос-жараннан да, жұмыстан да айрылып, арақтың құлына айналған.

Нәпсінің құлына айналғандардың қатарында тәндерін сатып, ақша тауып жүрген жезөкшелер де бар. Олар өздерін алдап «күнкөріс үшін амалсыз істеп жүрмін» деп жұбатқанмен, ар жағында  тойымсыз арсыз нәпсі тұрғаны белгілі. Ондай қыз-келіншектер уақыт өте келе өздерінің әйелге тән нәзіктіктерінен, ұяттарынан жұрдай болып, еркектің құмарын қандыратын машина іспетті сезімсіз роботқа айналады.

Ал, мансапқор адамдардың жайы маскүнемдер мен жезөкшелерден біршама жақсы сияқтанғанмен, олар да мансап үшін әлдекімдердің табанын жалап, жағымпазданып, пара беріп және пара алуды кәсіп етіп, содан жан дүниелері ластанады. Ондай адамдар әдетте дөрекі келеді, ішімдікке, зинақорлыққа, құмар ойындарына бейім болады. Ал, бұлардың бәрі адамның санасын ластандырады.

Нәпсі ықпалынан қалай құтылуға болады?

Кез келген дәстүрлі діндерде ретеуші принциптер бар. Ол ең алдымен, нәпсіге ермеуге мүмкіндік жасайды. Ислам дініндегі зина жасамау, өтірік айтпау, арам жолмен ақша таппау, құмар ойындарын ойнамау, арақ-шарап ішпеу – бәрі де нәпсіге жол ашатын жайлардан адамды аулақтататын тәсілдер.

Нәпсінің құлына айналғандар – әдетте реттеуші принциптерді сақтамаудан ерік-жігерінен, өзін бақылаудан қалып, нәпсінің қуыршағы болғандар. Нәпсінің ықпалына түспес үшін әр адам өзі ұстанатын дәстүрлі діннің шариғат жолымен жүргені жөн.

Егер сіз діни жолды ұстанбасаңыз, онда жалпыадамзатқа тән әдеп нормаларын сақтауға тырысыңыз. Біреудің некелі әйелімен жақындасу – бұл ұят шаруа. Яғни, адами әдеп нормасына қайшы. Сондай-ақ, пара беру, пара алу, құмар ойнау, арақ-шарап ішіп мас болу, жағымпаздық – бәрі де әдепке қайшы келетін ұят істер.

Нәпсінің құлы болғыңыз келмесе, осы аталған екі жолдың, яғни тәсілдің бірін таңдап, сол жолмен жүріңіз. Нәпсіге құл болу адамды ешқашан жақсылыққа жеткізбейді, керісінше тигізер зардаптары ұшан теңіз. .

 

Пікір қалдырыңыз

Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники

Пікір қалдырыңыз

Яндекс.Метрика