1 857 көрілім

Нәпсі

30 Июн 2015 г.

Пікір ( 0 )

нәпсіБһагавад Гита кітабында «Отты – түтін, айнаны – шаң, ұрықты – құрсақ орап жататыны тәрізді, тірі жан да әртүрлі дәрежеде нәпсімен бүркелген. Осылайша әуелден кемел білімге ие тірі жанның пәк санасын отша лаулап жанатын, еш уақытта қанағат таппайтын нәпсі кейпіндегі мәңгі бақи бітіспес жауы бүркейді» -делінген.

Пайғамбарымыз Мұхаммед ғалейкиссалам нәпсімен күрес қиямет қайымға дейін созылады дейді. Осыған қарап, адамның бітіспес ең қас дұшпаны – нәпсі екендігін аңғаруға болады.

Адамды еркінен тыс есірік әрекеттер жасауға итермелейтін күш – нәпсі.

«Заң газетінде» қызмет ете жүріп, сот отырыстарына қатысып, сот шешімдері туралы көп жазуға тура келді. Есімде қалған сондай істердің бірі мынадай. Жасы 17-ге енді толған бозбала көрші тұратын 70-тен асқан ауру кемпірді зорлайды. Кемпірдің қызы күндіз жұмысқа кетіп, ол күнұзақ үйде жалғыз қалады екен. Соны білетін бозбала үйіне келіп, кемпірді тырдай жалаңаш шешіндіріп алып төсек жақындығына барады.

Зорлығын бір рет қана жасап қоймай, әлденеше рет қайталайды. Түскі үзіліс кезінде үйіне келген қызы есіктің іштен жабық тұрғанын көріп, терезені қағады. Бірақ есікті ешкім ашпайды. Содан ол терезеден үңілгенде тырдай жалаңаш шешінген бозбаланың анасын зорлап жатқанын көреді. Мектепті де бітірмеген әлгі бозбала осы әрекеті үшін ұзақ мерзімге сотталды.

Тағы бір мысал. Қалада жұмыс істеп жүрген жас жігіт ауылына келеді. Араққа тойып алған ол көршінің ешкісін қыр астына апарып зорлайды. Ешкіден нәпсісін қанағаттандыра алмады ма, соған ызаланған болуы керек ол малды сол арада қылғындырып өлтіреді. Үйінің ауласында жайылатын ешкісі көрінбеген соң иесі оны іздейді. Қыр астында өліп жатқанын көргенде неден өлгенін білмей аң-таң қалады.

Содан көршілердің бірінен қаладан келген жігіттің ешкіні жетелеп қыр асып бара жатқанын естиді. Ыза болған мал иесі полицияға хабарлайды. Медициналық сараптама ешкінің зорланғанын растайды. Бірақ еліміздің қылмыстық кодексінде мал зорлағанға жаза белгіленбеген екен, содан зорлықшы жігіт жазадан құтылып кеткен.

Осы оқиғаларға назар аударып қарасақ, нәпсінің адамның ақыл-есін алып, ар ұялар небір есуас әрекеттерді жасауға мәжбүрлейтінін бағамдаймыз. Нәпсінің тіліне еріп, нешетүрлі жаман әрекеттерге барып, жұрт алдында ар-ұятына кір келтіретіні өз алдына, сотты болып, жазаға тартылып жататындар аз емес.

Ең қатерлі және күшті жау.

Нәпсінің күштілігі сонда, ол адамның ақыл-санасын баурап алып, еріксіз дегеніне көндіреді. Нәпсі тек жыныстық жақындыққа деген құштарлық емес, ол байлыққа, атақ-мансапқа, ішімдікке, т.б. құмарлық. Абайдың «Дүтбайға» деген өлеңінің кейіпкері сияқты басшыларының алдында құрдай жорғалап, жағымпаздықтың ақылға сиымсыз не түрлі түрін жасайтындарды көріп те, естіп те жүрміз.
Бір таныс жігіт басшы қызметте істейтін кісіге «сіздің салған сара жолыңызбен, дана басшылығыңызбен ұжымымыз биіктен биіктерге жетіп келеді» деді. Соны естігенде жерге кірердей қысылдым. Иә, мансап деген дертке шалдыққан пенделерде ар да, ұят та болмайды екен.

Соңғы жылдарда әке-шешесінен мұраға қалған дүние-мүлікке, оның ішінде пәтерге таласып, бір-бірінің бетін жыртып жататын ағайын-туыстар көбейіп кетті. Сондайлардың соттарында болып, небір ар ұялар қылықтарының талай мәрте куәсі болуыма тура келді.

Ақша үшін тәнін сатып жүретін жап-жас қыздар қазір қалада да, далада да жетерлік. Ақша төледім деп сондай қыздарға ойларына не келсе, соны жасап жататын зинақорлардың илеуінде болып, әйелге тән нәзіктігі мен ар-ұятынан жұрдай айрылған ондайлар қалай ана, жар болады?

Нәпсіден құтылудың амалы бар ма?

Бүгінгі шарықтап дамыған ғылым нәпсіден құтылудың амалын үйретпейді және оны маңызды мәселе деп те санамайды. Керісінше, сексопотолог сияқты ғылыми саланың мамандары нәпсіні қалай қандыру керек деген мәселеге көбірек ден қойып, есірік нәпсіге еркін берілуді насихаттайды.

Адамзаттың бітіспес жауы – нәпсімен күреске тек дін, оның ішінде дәстүрлі діндер ғана көңіл бөледі. Ислам діні зинақорлықты ең жаман күнәлардың қатарына жатқызып, зина жасаған әйелді де, ер адамды да қатаң жазалайтын болған. Ислам діні, сондай-ақ, кішіпейілдікті, жомарттықты, қайрымдылықты уағыздап, санамызды билеген нәпсіні ауыздықтайтын жақсы қасиеттерді дамытуға да үлкен мән береді. Бір сөзбен айтқанда, нәпсінің қармағынан құтылудың жалғыз жолы – дін, яғни имандылық.

Пікір қалдырыңыз

Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники

Пікір қалдырыңыз

Яндекс.Метрика