982 көрілім

нәпсіПайғамбарымыздың айтқан «нәпсімен күрес қиямет қайымға дейін созылады» деген сөзінің ақиқаттығын дәлелдейтін жайларды біз күнде көріп, естіп, куәсі болып жүреміз. Бірақ та, адамның ең басты және қауіпті дұшпаны – нәпсі екендігін екінің бірі біле және ескере бермейді. Көп адамдардың ар ұялар азғындыққа барып жататынының басты себебі де осы білімсіздікте жатқаны анық.

Нәпсінің құлақ кесті құлдары

Бүгінде сонау кеңес заманында онша естіп, білмейтін педофил дегендер көбейіп кетті. Сондай азғындардың құрығына түсіп, зомбылық көрген жас балалар мен қыздар жайында БАҚ айтып, жазып жатыр. Бұғанасы бекіп, бойы өспеген жас баланы, не қызды зорлау – ақылға симайтын есуастық. Бірақ әлгіндей нәпсінің құлдары үшін бұл дәмі тіл үйретін «деликатестің» өзі болса керек.

Күні кеше теледидардан пойызда шешесі шығып кеткенді пайдаланып, купеде 12 жастағы қызын зорламақ болған ата сақалы аузына түскен азамат туралы хабар көрсетілді. Ақыл-естен айрылған әлгі бейбақ баланы айқайына қарамай нәпсісін қанағаттандырмақ болып жанталасады. Әбүйір болғанда шешесі келіп қалып, полиция шақырып, педофил тұтқынға алынады.
Осыдан бірнеше жыл бұрын бір күрд бозбала 5-6-дағы баланы зорлап, осыған ашынған ауылдағы қазақтар әлгі күрдтің үйін өртеп, еріксіз басқа жаққа көшіріп жібергені туралы БАҚ айтып, жазды. Ел-жұртты ашындырған осындай бейбестақтықты жасаған бозбаланы жалпақ тілмен айтқанда «есуас» демеске лажың жоқ. Ол осындай жолмен нәпсісін қанағаттандырып, рахатқа қарық болмағаны да белгілі. Ал тартар тауқыметі өміріне жетерлік болғаны анық.
Мұндай педофил дегендерді түрмеде отырған қылмыскерлер де жеккөреді деседі. Ал ақыл-есі бүтін әрбір адам ондай азғындарды адам деп санамайтыны күмәнсіз. Жалпақ жұртқа сонша жеккөрінішті болған бұл шерменделердің өмірде көріп жатқан қызықтары да жоқтың қасы. Нәпсінің айтағына еріп, жас балаларды аңдып, қашып-бұғып ит тірлікпен өмір кешеді. Алда-жалда ойы орындалып, мақсатына жете қалса одан қарық болып рахат та ала алмайды. Оның есесіне соңына құқық органдары мен қалың жұрт ит қосып түседі.

Нәпсіге адам неге ереді?

Адамның хайуаннан жалғыз артықшылығы – зердесінің болуында. Бһагавад Гитада зерде деген адамның іс әрекетін таразылап, баға беру қабылеті деп түсіндіріледі. Зердесі бар адамның жады (есте сақтау қабілеті) және ерік-жігері болады. Ондай адам зердесі арқылы жасаған жақсы-жаман әрекеттерін ақыл таразысына салып, пайдалы-залалды жағын анқтайды. Пайдасы көп болса, қабылдап, залалды болса, ол өзіне ұнайтын нәрсе болса да бас тартады.
Ал зердесі жоқ хайуан нәпсісі не қаласа соны жасайды. Оларда жалпақ тілмен айтқанда «тормыз» жоқ. Мәселен, ит көшеде дәрет алып, шағылыса береді, көрінген жерге, тіпті өзінің нәжісінің үстіне жата салады. Ал зердесі бар адам олай жасамайды, тіпті солай жасағысы келсе де оған ар-ұят деген қасиет жібермейді.
Өкінішке орай, бүгінде адамдардың 90 пайызында зерде жоқ. Оларда зерде мүлдем жоқ деуге болмайды, бар, бірақ зерделерін шел басқан. Мысалы, көзін шел басқан адам соқырға айналады. Оның көзі бар, бірақ шел басқандықтан көру қабілетінен айрылған. Егер көзінің шелін сылып тастаса, ол қайта көреді. Адамдарда да солай. Зердесін шел басқандардың шелін алып тастаса, қайтадан зерде пайда болады.
Бұл сөзімізді дәлелдейтін жайларды мыңдап-миллиондап келтіруге болады. Мысалы, арақ ішетін адам содан қанша зардап шексе де тастай алмайды. Неге? Өйткені зердесін шел басқан. Зердесі болса арақтың залалынан басқа пайдасы жоқтығын ұғынып, ерік-жігерін іске қосып, одан бас тартар еді.
Адамдардың зерделерін шел басу, немесе тұмандануының деңгейі әртүрлі болады. Біреуде көп, біреуде аздау. Зердесін қалың тұман басқан пенделер жақсы мен жаманды айырудан қалады. Педофил, гомосесуалист, жезөкше дегендердің бәрі сондайлар. Олар өздерінің әрекеттерінің жөні түзу адамдардың жиіркенішін туғызатынын мүлдем сезбейді.

Нәпсіні қалай ауыздықтауға болады?

Нәпсіні ауыздықтайтын ең сенімді және бірегей амал – шариғат жолымен жүру, яғни дін жолын ұстану. Кез-келген дәстүрлі дін зинақорлықты айыптайды және оны тозаққа түсіретін үлкен күнә санайды. Сондай-ақ, дәстүрлі діндердің бәрінде адамдардың іс-әрекетін, сөзін, ішіп-жемін реттейтін реттеуші принциптер бар. Мысалы, ислам дінінде зина жасау, ұрлық істеу, өтірік айту, Алланың атын айтып бауыздалмаған мал етін жеу, шошқа етін жеу харам болып табылады.
Сонымен бірге әрбір мұсылман баласы бес уақыт намаз оқып, қасиетті рамазан айында отыз күн ауыз бекітуі, қайыр-садақа беруі, мүмкіндігіне қарай қасиетті жерге хажға баруы парыз болып саналады. Осындай шартты қатаң сақтау арқылы адамның бойында өз ақыл-ойын, әрекетін, сөзін бақылауға, басқаруға деген ұмтылыс пайда болады. Шариғатты сақтау арқылы адам ақыл-ойы мен сезімін басқаруды меңгереді және соған жаттығады.
Ал мұны жасамайтын пенде нәпсісіне еріп, соның жетегінде кетеді. Солай жасай жүріп ол ерік-жігерінен айрылып, зердесін шел басады және жақсы мен жаманды айырудан қалады. Сөйтіп, мұндай пенделер өзіне де, өзгелерге де залалын тигізетін жаман істерге барып, зиянға қалып жатады.
Тойымсыз және арсыз нәпсінің құлы болғыңыз келмесе, имандылыққа жүзіңізді бұрыңыз. Тек Алланың ақ жолымен жүру арқылы ғана нәпсінің құлдығынан құтыла аласыз. Бұл – АҚИҚАТ.

Пікір қалдырыңыз

Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники

Пікір қалдырыңыз

Яндекс.Метрика