1 326 көрілім

құранНәпсі адамның ақыл-есін алып, өзіне де, өзгелерге де үлкен залалын келтіретін есуас әрекеттерге еріксіз мәжбүрлейді. Соңғы жылдарда ел арасында педофил дегендердің қатары көбейіп кетті. Ондайлар ауылда да, қалада да аз емес және сондайлардың құрығына түсіп, зардап шегіп жатқан балалар қатары өсіп барады.

Педофил деген – нәпсінің құлақ кесті құлы

Педофил дегендердің белең алғаны сонша, қазір Парламент депутаттары, онан қалды зиялы қауым өкілдері арасында осындай кеселге шалдыққандарды химиялық жолмен әтектеу керек деген ұсыныс айтып жатыр. СПИД сияқты жазылмайтын дерт саналатын педофил дегендерді осылай еркектіктен айырмаса, ондайларды басқа жолмен түзету мүмкін болмай тұр.

Ақыл-естен айрылған педофил деген шерменделер ұят-аятты жиып қойып, не түрлі сойқандар жасауда. Түнеугүні теледидардан тапа-тал түсте аулада ойнап жүрген жас баланы канализация құдығына сүйреп түсіріп, зорламақ болған педофил ұсталды. Әбүйір болғанда баланы күшпен құдыққа түсіріп жатқанын көрген бір азамат басын қатерге байлап әлгінің есуас әрекетіне кедергі жасаған.

Ал күні кеше жақын туысының сегіз жастағы қызын үйінде ешкім жоқтығын пайдаланып зорламақ болған туысы 15 жылға сотталды. Баласының есуас қылығы үшін кешірім сұраған әкесін кешіргенмен, туыстары әлгі педофил жігітті өле-өлгенше кешпейміз дегенді айтады. Әупіріммен зорлықшының құрығынан аман қалған қыз бала үлкен психологиялық соққы алған. Түн болса айқайлап шошып шығады дейді үлкендер.

Адамды былай қойып, жан-жануарлардың кішкентай төлдері де қашанда сүйкімді болады. Күнәдан пәк, бойы өсіп, буыны қатпаған жас баланы зорлағысы келетін адамды «адам» деп айтуға болмайды. Мұндай есуастықты, тіпті хайуан да жасамайды. Кішкентай ұл немесе қыз баланы зорлаған адамды нәпсінің құлақ кесті құлы деген жөн. Сондайлардың ақылға сиымсыз әрекеттеріне қарап, нәпсінің адамға қаншалықты әсер ететінін бағамдауға болады.

Нәпсіні қалай тыюға болады?

Нәпсі кез-келген адамда бар және ол адам санасына үнемі әсерін тигізіп отырады. Бһагавад Гитада «оттың түтінсіз болмайтыны сияқты, адамның санасын үнемі нәпсі тұмандандырып» тұратыны айтылады. Ер адам мен әйелді бір-біріне ынтықтырып, қосылуға және сол арқылы ұрпақ жалғастыруға итермелейтін нәпсіні дұрыс пайдаланғанда, ол табиғи қалпында болады, яғни, ұрпақ жалғастыруға, өсіп-өнуге ықпал етеді.

Нәпсіні реттеудің жалғыз және ең сенімді жолы – дін. Дәстүрлі діндердің бәрінде нәпсіні реттеу амалдары қарастырылған. Ислам діні зинақорлықты, яғни, некеден тыс байланысты тозаққа түсіретін үлкен күнә деп айыптайды. Ертеде осындай күнә жасаған әйел мен ер адамды халықтың алдында дүре соғып жазалаған, тіпті тас атып өлтірген.

Санамызды үнемі тұмшалап тұратын нәпсі адам санасына барлық уақытта әсерін тигізеді. Ислам дінінде осыған орай, әйел адамдар зейнетті жерлерін ашып жүруіне, ерлермен етене араласып, бірге жүріп-тұруына тиым салынған. Қазір ұлдар мен қыздар, жігіттер мен бойжеткендер бірге оқып, бірге жұмыс жасайды. Қыз балалар өте тар және қысқа киім киіп, зейнетті жерлерін көрсетіп жүреді. Бұл өз кезегінде ер адамдардың құмарын қоздырып, нәпсінің жетегіне еруіне ықпал етеді.

Педофил дегендердің күн санап көбейіп бара жатуына теледидарлардан берілетін анайы жыныс жақындығын насихаттайтын хабарлар мен шет елдік арзанқол фильмдер, ғаламтор арқылы берілетін теріс ақпараттар, онан қалды айналамыздағы әйел адамдардың ашық-шашық жүруі үлкен әсерін тигізуде. Әрине, қазір қоғам осындай, оған тиым салу мүмкін емес.

Сондықтан, әр адам өз нәпсісін тиып, есуас әрекеттерден аулақ болғысы келсе, имандылыққа жүзін бұруы шарт. Имансыз адам нәпсінің құлы болады. Бұл – ақиқат.

 

Пікір қалдырыңыз

Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники

Пікір қалдырыңыз

Яндекс.Метрика