1 146 көрілім

АҚШ соты лаңкестік әрекет жасады деп айыпталған Ресей азаматы Жахар Царнаевты өлім жазасына кесті. Осылайша он екіде бір гүлі ашылмаған, бар өмірі алдында дейтін жастағы жігіттің өміріне балта шабылды. Бұған кім кінәлі?

Білімсіздің жүзі – көн-шарық.

Білім жарық нұр іспетті, ал надандық қараңғы түнек сияқты. Егер сіз қараңғыда қалсаңыз, оң-солыңызды айыра алмай, құрдымға құлауыңыз мүмкін. Ал қолында шамы бар адам көз алдын көретіндіктен, қатерден аман болады.

Қазақ «білімдінің жүзі – жарық, білімсіздің жүзі – көн-шарық» дейді. Адамның мына фәниде жақсы-жаман болмағы біліміне байланысты. Білімсіз адам жақсы мен жаманды айырмай, жақсы деп жаман әрекетті қалай жасағанын білмейді.

Жоғарыда айтқан Жахар Царнаев пен полициямен атыста қаза тапқан оның ағасы Темірлан Царнаев жақсы мен жаманды айырмай, өздерінің білімсіздіктерінен теріс жолға түскенін байқамаған. Соның салдарынан жас бастарынан бастарын ажалға байлады.

Жақсы мен жаманды қалай айыруға болады?

Үндінің атақты жыры «Махабхаратада» Тәңірі Кришна Панду патшаның ұлдарын дін жолынан тайдыңдар деп айыптайды. Бір қарағанда ханзадалар дін жолын қатаң ұстанып, ешқашан шариғатты бұзбаған. Сонда дін заңдарын қатаң сақтаған адам қалай дін жолынан тайған болады?

Бір қарағанда Панду патшаның ұлдары дін заңдарын қатаң сақтағанымен, олардың бұл әрекеті өздеріне де, айналасындағы жақындарына да залалын тигізді. Осыған орай, Тәңірі Кришна нағыз дін деген бұл барша жанға игілік әкелетін әрекет деп түсіндіреді.

Ағайынды Царнаевтар өздерін дін үшін күресуші, нағыз таза діндарлармыз деп сенгені анық. Бірақ олардың жасаған әрекеті өздеріне де, айналасындағы жақындары мен басқа жандарға да үлкен залалын тиізді. Біріншіден, сол лаңкестік әрекет салдарынан бірнеше жазықсыз адам қаза тапты. Олардың жақындары қасыретке ұшырады.

Екіншіден, Царнаевтардың біреу оққа ұшса, екіншісі сотталып өлім жазасына кесілді. Осы іске қатысы бар деп бірнеше таныстары сотқа тартылды. Үшіншіден, өмір жолын жаңа бастаған балаларынан үлкен үміт күткен ата-анасы біреуінен өлідей, екіншісінен тірідей айрылып, қайғыдан қан жұтып қалды.

Царнаевтардың бұл әрекетін ат төбеліндей аз лаңкес фанатиктер жақтамаса, қалың жұртшылық бұны жаман іс деп айыптады. Міне, осылайша Царнаевтардың әрекеті өздеріне де, өзгелерге де үлкен залалынан басқа, еш пайда әкелмеді. Сондықтан ол жаман әрекет және дін тілімен айтқанда тамұққа түсіретін үлкен күнә. Бұл – ақиқат.

Нағыз білім жақсы мен жаманды айыруға мүмкіндік жасайды.

Жақсы мен жаманды айыра алмайтын адам білімдімін деп айтуға құқы жоқ. Нағыз білім жақсы мен жаманды айыруға мүмкіндік жасайды. Бірақ айтуға оңай болғанмен, жақсы мен жаманды айыру өте қиын. Экстремист деп айдар тағып жүрген әсіре діншілдер жаманды жақсы деп жұртты сендіруге шебер. Көкірек көзі ашық жандар ғана жақсы мен жаманды айыра алады.

Әсіре діндарлардың арбауына түспес үшін ең алдымен олар айтқан «шариғаттың» адамдарға қаншалықты игілік немесе залал әкелетінін бағамдау қажет болады. Кәпірлермен күресіп, кісі өлтіруге үндейтін «шариғат» барша жұртқа жамандықтан басқа ешнәрсе әкелмейді. Сондықтан ол теріс жол.

 

Пікір қалдырыңыз

Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники

Пікір қалдырыңыз

Яндекс.Метрика