990 көрілім

кармаБуддизм және индуизм дінінде «карма заңы» деген түсінік бар. Оның мәні адам бұл дүниеде нендей әрекет жасаса, соның нәтижесіне орай  жемісін татады. Жақсылық жасасаң, жақсылыққа жолығасың, ал жамандық жасадың екен, онда жамандыққа тап боласың. Қасиетті Құранда «Егер біреу бір жақсылық жасаса, ол өз пайдасына, жамандық жасаса, өз зиянына, әрнәрсеге Алланың күші басым» деген аят бар. Бұның астарында да адамның өмірде жақсы, не жамандыққа ұрынуы өзінің жасаған әрекетінің салдарынан екендігі көрінеді.

Алты жылдан кейін ашылған қылмыс

Күні кеше Ақмола облыстық ішкі істер департаментінің баспасөз қызметінен ақпарат алдым. Онда осыдан алты жыл бұрын жасалған ауыр қылмыстың ашылғаны, оны жасаған қылмыскерлердің қолға түскені айтылыпты. Бұл қылмысқа жеке тоқталып отырған себебім, ол мен тұратын үйдің дәл қасындағы ғимаратта жасалған болатын.

Осыдан алты жыл бұрын, атап айтқанда 2010 жылдың шілдесінде Көкшетау қаласының шеткергі жағындағы  жұрт «автогородок» атап кеткен ауданға қоныс аудардым. Сол маңнан пәтер сатып алған едім. Жаңа қоныста тұрғаныма бір жетідей өткенде мен тұратын үйдің дәл жанындағы ғимаратта екі кісіні өлтірген ауыр қылмыс болды.

Бұл ғимарат лимонад шығаратын цех екен. Біреулер түнде келіп, оның екі күзетшісін атып өлтіріп, 600 мың теңгедей ақшаны қолды қылған. Әлгі күзетшілердің біреуі 30-ды орталаған жігіт болса, екіншісі жиырмадан жаңа асқан, әлі үйленбеген бозбала екен. Біріншісінің соңында әйелі мен екі баласы қалды. Полицейлер сол тұста  үй-үйді жағалап, жұрттан сол күні көрген-білгендерін сұрастырды. Менің пәтеріме де келіп, не білетінімді сұрады. Бірақ, өкінішке орай ол күні жұмыста болғандықтан, ештеңе байқамағанмын.

Артында ешқандай із қалдырмаған бұл ауыр қылмыс содан ашылмады. Дегенмен, кісі қаны жібермейді екен. Таяуда  күзетшілік атқарып жүрген полицейлер қала шетіндегі ағаш арасында атылған мылтық дауысын естіп барады. Сөйтсе, отыздан енді асқан екі жігіт аңшылық винтовкамен бөтелке атып, мергендікке машықтанып жүр екен.

Полицейлерді көрген әлгі екеуі тұра қашады. Бірақ соңдарына түскен құқық қорғаушылардан құтыла алмайды. Ұсталған екеуін тексере келе әлгі винтовканың осыдан 7 жыл бұрын Көкшетауда тоналған қару сататын дүкеннен алынғандығы, ол аз десеңіз дәл осы қарудан атылған оқтан лимонад цехының күзетшілері өлтірілгендігі  белгілі болады.

Сөйтіп, арада алты жыл өткенде кісі қанын жүктеген қылмыскерлер қолға түсті. Бұл – кездейсоқтық па? Жоқ. Жамандық  жасаған әлгі  екеуі біраз жылдан кейін соның «жемісін» татулары керек болды. Кісі қанын жүктеген қылмыскерлер енді  біраз жылдарын тар қапаста өткізері анық.

Біз болашағымызды өз қолымызбен жасаймыз. Өміріміздің жеңіл, не ауыр болуы – өзіміздің жасаған жақсы-жаман істеріміздің салдарынан болады. Дегенмен, ақыл-естен айрылған пенделер Жаратқанның бұл заңынан бейхабар. Олар неше түрлі жаман әрекеттерді жасай жүріп, ешқашан ол үшін жауап бермейтіндей, өздерін данышпан, ақылды жандардай сезінеді. Ал уақыты келгенде жоғарыда аталған қылмыскерлер сияқты түкке тұрғысыз жайдан жаңсақ басып, жасаған жамандығы үшін толықтай жауап берулеріне тура келеді. Өмірде КЕЗДЕЙСОҚТЫҚ деген болмайды, бәрі Жаратқанның ЗАҢЫ бойынша жүріп жатыр. Бірақ мұны тек зерделі жандар ғана ұға алады.

 

 

Пікір қалдырыңыз

Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники

Пікір қалдырыңыз

Яндекс.Метрика