1 322 көрілім

өзін жетілдіру«Оқымаса ой тоқырайды» деген сөз бар. Адам өмір бойы оқып, өзін жетілдіруге үнемі көңіл бөліп жүруі тиіс. Сонда ғана ол уақыт ағымынан қалмай, заман талабына сай өсу, өркендеу үстінде болады. Өзін дамыту адамға бұл дүниеде абырой-бедел мен бақуаттылық, денсаулық, қуанышты өмір әкелсе, өлгеннен кейін де жақсылықтан үміт етуге мүмкіндік береді.

Адамдар топастанып барады

Иә, бұл өкінішке орай шындық. Маркстің сөзімен айқтанда «өмір дегеніміз мәңгілік қозғалыс. Қозғалыс екі бағытта жүреді: жоғары және төмен қарай. Егер сіз жоғары қарай дамып, көтерілмесеңіз, онда төмен құлдырайсыз. Бұл даусыз шындық. Ал адамның қай мүшесі жұмыс істемесе немесе аз жұмыс істесе, сол мүшесінің қызметі бұзылып, әлсірей бастайды.

Менің бір танысым әскерде жаяу әскер қатарында қызмет етті. Әлгі айтады: күнде ондаған шақырым жаяу жүреміз. Тоқтаған жерде етігімізді шешіп, шылғауымызды сығып аламыз. Шылғауымыз терге малшынып, су болып кетеді. Әскерден келгенімде аяғым жуандап, жұп-жұмыр болды. Ал содан бірнеше жыл өткенде аяғым қайта сидиып қалды. Қазір түрегеп тұрғанда екі аяғымның арасына жұдырық сиып кетеді.

Велосипедшілердің аяғы жуан болса, ескекшілердің керісінше, қолдары жуан болып келеді. Яғни, адамның қай мүшесіне салмақ түсіп, жақсы жұмыс жасаса, сол мүшесі жан-жақты жетіледі. Сол сияқты адам миы да танымдық кітаптарды оқу арқылы жетіледі. Ал кітап оқымасаңыз, интелектуалдық жағынан кері кетіп, жалпақ тілмен айтқанда топастана бастайсыз.

Жасыратыны жоқ, бүгінде адамдардың, оның ішінде жастардың көбі кітапты мүлдем оқымайды. Кітап оқымағасын, ми да жұмысын баяулатады. Осылайша, адам ақырындап топастана бастайды. Топастану деген көп адамның көңіліне келетін сөз болар, дегенмен, шындықты бұрмалауға болмайды. Оқымаған адамның интелектуалдық жағынан жоғары дамымайтыны, сондықтан кері кететіні рас. Яғни, топастану дегеніміз осы.

Арзан күлкіні азық етушілер

Ертеректе бір суретші танысым мені ұдайы Қастеев атындағы Алматының көркемсурет мұражайына алып баратын. Сурет мұражайында суретшілердің көрмелері үнемі болып тұрады. Суретші досым әр суреттің жанына келіп, ұзақ тұрады. Ал мен суреттерді тез қарап шығып, содан ішім пыса бастайды. Суретші досымның жанынан барсам, ол сурет туралы таусылмайтын әңгіме айтады. Ол суретке біз сияқты жәй қарап қоя салмайды, кәдімгідей оқиды.

Суретшінің шығармасындағы адамның бетбейнесі арқылы мінез-құлқын, көңіл күйін ашуы, табиғат бейнесін жеріне жеткізе көрсету – бәрі шеберлікті ғана емес, терең ойлылықты қажет етеді екен. Әрбір картинада үлкен мән-мазмұн болады. Бірақ оны тек осы саладан терең білімі бар адамдар ғана түйсіне алмақ.

Егер сіз өнер туындыларынан шынай ләззат алғыңыз келсе, сол сала туралы кәсіби деңгейде біліміңіз болуы тиіс. Мысалы, опера, балет, классикалық музыка, т.б. Шындығында сондай шығармалар адамға шынайы рухани ләззат береді. Өкінішке орай, адамдардың көбінде ондай білім жоқ, сондықтан олар қолжетімді арзан нәрселерге үйір.

Қазақтар қазір театрға емес, айтысқа қырылып барады. Операға сүйресе де бармайтындар, «Тамашадан» қалмайды. Адамды толғандыратын классикалық музыканы жеккөретіндер, Қайрат Нұртас сияқты қазіргі қан қыздырып, делебе қоздыратын әншілердің концерттерін жібермейді.

Рас, Қайрат Нұртастың әндерін тыңдауға ешқандай музыкалық білімнің қажеті жоқ. Тамашаға барып, күлкіге қарық болу үшін де өнер саласының білімдары болу қажет емес. Бірақ, сол қолжетімді саналатын әндерді тыңдап, көпшілік шараларға бару арзан күлкі мен делебе қоздыратын селкілдеуік билерді билеуге қарық қылғанымен, ойландырып, толғандыра алмайды және шынайы ләззат ала алмайсыз. Қарқылдап күлдіңіз, селкілдеп биледіңіз, содан кейін шыға сала бәрін ұмыттыңыз.

Ал классикалық музыкаларды тыңдау, операны тамашалау, немесе класиктердің кітаптарын оқу сізді терең сезімге бөлейді, ойландырады, толғандырады. Оның әсерінен сіз жуық арада арыла алмайсыз. Яғни, санаңызға терең әсерін тигізеді. Содан кейінгі пайдасы – ақыл-ойыңыз дамып, интелектуалдық, рухани жағынан биікке көтерілесіз. Ал арзан күлкі мен селк-селк би – керісінше интелектуалдық жағынан да, рухани жағынан да құлдыратады.

Бұл екі жолдың қайсысын таңдайсыз – ол сіздің еркіңізде. Қазақтың «бір жол бар алыс, алыс та болса жақын, бір жол бар жақын, жақын да болса алыс» деген сөзі бар. Бүгін оңай, қолжетімді және көңілді көрінгенмен, рухани дамытпай, құлдырататын, яғни топастандыратын дүниелерге әуес болсаңыз, оның кері зардабы болары анық. Соңғы жылдарда «жадының жоғалуы» (потери памьяти) деген аурудың дендеп бара жатуына да осындай ойсыз тірлік кешудің әсері бар сияқты.

 

Пікір қалдырыңыз

Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники

Пікір қалдырыңыз

Яндекс.Метрика