934 көрілім

өзін жетілдіруҚарапайымдылық адамды айналасына сүйкімді көрсететін ізгі қасиеттердің бірі. Қарапайым өмір сүруге үйренген адам қиындықтар мен ауыртпалықтардан қорықпайды және ысырапшылдықтан аулақ болатындықтан, байлыққа қол жеткізу мүмкіндігі де моля түспек.

Кедейдің кербезінен сақта

Журналист болғандықтан, өмірде көп адамдармен араласып, әртүрлі жандармен кездесуге тура келеді. Сонда байқағаным: аса қымбат киім киіп, малынып жүретіндердің көбі жалақымен қалт-құлт тірлік кешетін кедейлер. Ал өте бай адамдар байлығын жұртқа жарқырата көрсетуден керісінше қашып жүреді.
Байлық басқа кездейсоқ қона салатын ақымақ құс емес, талғап, таңдап және лайықты жандардың еншісіне тиетін Жаратқанның игілігі. Менімен бірге қызмет еткен адамдардың бәрі дерлік жалғыз жалақымен жан баққан қарапайым қызметкерлер. Олар тапқан ақшаларын түгел күнделікті қажетті нәрселерге жұмсап, келесі жалақыға дейін әзер шыдап, күн санаумен жүретін.

Қызығы сол, жалғыз жалақымен жан бағатын солардың көбі малынып өте жақсы киінеді. Сыртқы киіміне қарасаң, қалталы миллионер ме дейсің. Қазақтың «кедейдің кербезінен сақта» деген сөзі осындайларға қарап айтылған ба деген ой келеді.

Рахат алдың ба, ақысын төле

Қарапайымдылықты естен шығарып, өмірдің қызығын мелдектете татқысы келетіндер әрбір рахат үшін ақы төлеу қажет болатынын және рахаттың бағасы аса қымбат тұратынын қаперге алмайды. Мәселен, соңғы сәнмен малынып киінгің келген екен, ақшаңды басқа қажеттіліктерден жырып алып, сол рахатқа жұмсауға тиіссің. Қымбат смартфон немесе планшет алып, рахаттанғың келсе, кредит алып, пәлен пайыз өсімімен, яғни артығымен төлеуің қажет болады.

Өткен жылы қыз зорлаған үш жігіттің сотында болдым. Арақ ішіп алып, шерқұмардан шығып рахатқа батқысы келген әлгілер көшеде кетіп бара жатқан қызды машиналарына сүйреп мінгізіп, қаладан шығарып зорлайды. Осы рахаттары үшін әлгі үшеуі 8-11 жылға сотталды. Осылайша бес-он минуттық рахат үшін енді бұл жігіттер ондаған жыл түрмеде азап шегулеріне тура келеді.

Адам неғұрлым көп рахат алғысы келсе, соғұрлым көп төлеуі тиіс болады. Ол төлем тек ақшамен ғана алынбайды, жоғарыда мысал ретінде келтірген сотталған жігіттер сияқты бостандықтарын жоғалтумен, түрлі қиындықтарға, қолайсыздықтарға, тауқыметке тап болумен, т.б. түрінде болуы мүмкін. Ақиқаты мынау: бұл дүниеде тегін ештеңе жоқ, бәрі сатылады, әрбір рахаттың өзіне лайық құны болады.

Тауқымет тартқың келмесе, қарапайым бол

Қарапайым тірлік кешуге үйренген адам басы артық азап пен тауқыметтен, қиындықтан әрдайым аулақ болады. Малынып киініп, қымбат смартфон, наутбук алмай-ақ, қарапайым киініп, қажеттілігі үшін қарапайым ұялы телефон мен компьютерді пайдалану – біріншіден, арзан, екіншіден ыңғайлы және қауіпсіз. Ұялы телефоныңызды жоғалтып алсаңыз да онша қиналмайсыз. Арзанға тағы біреуін сатып алуға болады. Ал бағасы бас айналдыратын, оның үстіне кредитке пәлен пайыз өсіммен алған смартфоныңызды ұрлатсаңыз, өкініштен өзегіңіз өртенбек.

Қарапайым тірлік кешуге үйренген адам үнемшіл болады. Бұл қасиет оған табиғи түрде өздігінен келеді. Ал үнемшіл адамның азын-аулақ жалақысының өзі берекелі болып, қажет дүниелерді қиналмай алуына мүмкіндік жасайды. Мұндай адамдар жылтыраған қымбат дүниелерден гөрі, пайдалы, қажетті игіліктерге көп ден қояды.

Яғни, ақшасын баспана алуға, басқа да аса қажеттіліктерге жұмсайды. Сондықтан, мұндай адамдар ақырындап қаламаса да байлыққа қол жеткізіп жатады. Керісінше бар тапқан-таянғанын қымбат нәрселерге сарып қылатындар өле өлгенше сіңірі шыққан кедей болып қалады. Бұл – ақиқат.

 

Пікір қалдырыңыз

Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники

Пікір қалдырыңыз

Яндекс.Метрика