231 көрілім

Біз өмір сүріп жүрген мына дүние – үлкен ойын алаңы іспетті. Әр адам  сахнадағы актер сияқты өз рөлін ойнайды. Адамдар үй салады, отбасы құрады, қала салады, түрлі қажет заттарды өндіретін кәсіпорындар ашады, шығармашылықпен айналысады, ғылыми жұмыстар жүргізеді – осының бәрін олар үлкен жауапты іс деп санайды және өмірдің мәні сондай шаруаларды атқару деп түсінеді. Шындығында бұлай емес… Өйткені біз мәні зор іс деген шаруалардың жемісі түгел жойылып кетеді. Салған қалаларымыз жоғалады, үйіміз құлайды, өзіміз өліп, отбасымыздан айрыламыз…

Алла мына әлемді не үшін жаратты?

Мұсылмандардың қасиетті кітабы Құранда, христиандардың кітабы Інжілде, иудейлердің кітабы Тәуратта  мына фәни жалғанды Алланың не үшін жаратқандығы туралы толыққанды ақпарат айтылмайды. Тек Құранда: «Мен жын мен адамзатты Өзіме құлшылық етулері үшін жараттым» деген жалғыз аят бар. Осы аяттан ұғарымыз: Алла адамдарды Өзіне құлшылық етуі үшін ғана жаратқан екен.

Дәстүрлі діндердің бәрінде Алла фәни жалғанды белгілі бір кезеңде жаратқандығы туралы түсінік бар. Ал оған дейін не болды? Ол жайында еш мәлімет жоқ. Дегенмен, веда ілімінің қайнар көзі саналатын Бһагавад Гитада бұл жайында толық болмаса да, ішнәра мәліметтер айтылады. Енді соның мәніне назар аударып көрелік.

Жаратылысқа дейін не болды?

Жер-көк, мына фәни жалған жаратылмас бұрын не болып еді? Бұл жайында сіз қандай ғұлама ислам, не христиан дінінің ғалымынан сұрасаңыз да, жартымды жауап ала алмайсыз. Өйткені, дәстүрлі діндердің  жоғарыда аталған қасиетті кітаптарында ол жайында еш мәлімет жоқ. Осыған орай, Бһагавад Гита мен Шримад Бһагаватам кітаптарында берілген мәліметтер бойынша бұл сауалға жауап беріп көрелік.

Бір кезде, мүмкін триллион, мүмкін одан да көп жылдар бұрын барша тіршілік иелері Жаратқанның жанында, рухани әлемде бақытты тірлік кешті. Олар еш ауырмады, қартаймады және өлмеді. Бай-кедей, жоқшылық деген болған жоқ. Алланың жанында аса бақытты тірлік кешкен тіршілік иелері бірақ та, бір-бірімен, Жаратқанмен қарым-қатынас барысында түрлі  келеңсіздіктерге жол берді. Ренжітетін, өкпелететін, теріс әрекеттер жасау арқылы олардың жүрегінде лас қуат жинала берді.

Сондай қуат жиналып, біраз мөлшерге жеткен кезде әлгі тіршілік иесі Жаратқанға келіп, «мен Сен жоқ басқа әлемде өмір сүргім келеді және өзім құдай болсам деймін» дейді. Өйткені, рухани әлемде барша тіршілік иелері күндіз-түні Аллаға құлшылық ететін. Жүректерінде тәкаппарлық сезімі ұялаған пенде Аллаға  құлшылық етпей, енді өзі құдай болғысы келді.

Жаратқан әлгі пендені әрі-бері үгіттеп, болмағасын фәни дүниеге жібереді. Алла осындай жүрегі ластанған пенделер үшін рухани әлемнің ішінен бөлектенген материалдық дүние жасады. Онда ауру, кәрілік, өлім бар және адамдар қайғы-қасырет тартады. Өйткені, әрбір пенденің табиғаты Алланың  МӘҢГІ ҚҰЛЫ. Адам өзін Алланың құлымын деп санамайтын кезде, ол НӘПСІНІҢ ҚҰЛЫ болады. Ал нәпсі пендені түрлі теріс әрекеттерге бастап, күнаға батырады.

Туу мен өлімнің тұйық шеңберінде миллиондаған, миллиардтаған жыл шыр көбелек айналумен болатын пенде егер өзінің Алланың МӘҢГІ ҚҰЛЫ екендігін сезініп, соны жүрегімен қабылдаса, онда рухани әлемге оралып, Алламен бірге қайтадан бақытты тірлік кешетін болады. Бар тылсым құпия – осында.

 

Пікір қалдырыңыз

Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники

Пікір қалдырыңыз

Яндекс.Метрика