50 көрілім

Мұсылман баласы үшін қасиетті саналатын Рамазан айы да аяқталып, ораза айты басталды. Отыз күн ауыз бекіткен мұсылман бауырлар көп күнгі бейнеттерінің зейнетін көрер кез келді. Өйткені, кез-келген әрекеттің белгілі бір нәтижесі болады. Отыз күн ауыз бекітіп, жаздың қапырық ыстығында және ұзарған күн мезгілінде ораза ұстаған, сөйтіп, қиындықпен мұсылманның бір парызын өтеген жандар осы үшін қандай игілік табады?

Оразаның фәни және бақи пайдалары

Отыз күн ораза ұстау адам денсаулығына пайдалы екендігін бүгінгі медицина да растайды. Таңертеңнен кешке дейін тамақ ішіп, ұйықтар алдында да тойып жатқан адамның ағзасы түні бойы тынбай жұмыс істеп шығады. Демалысты білмейтін асқазан мен ас қорытуға жауапты адам ағзалары осылай үздіксіз жұмыстан шаршап, тозады.

Ораза кезінде асқазан мен тамақ қорытуға жауапты ағзалардың бәрі тынығып, жұмыс қабілетін арттырады. Оған қоса, адам ағзасында үнемі бөлініп тұратын сөл асқазан мен ішекті шәйіп, тазартады. Адам бойына жиналған улы заттардан тазарып, жеңілдейді. Бұның бәрі – оразаның фәни, яғни тәнімізге тигізетін пайдалары.

Ал бақи немесе рухани пайдасы қандай? Ең алдымен, таңертеңнен кешке дейін ас-судан тыйылған адамның бойында ерік-жігер күші көбейеді. Ол қарны ашқанына, шөлдегеніне қарамай шыдамдылық танытуы тиіс болады. Осылайша адам өз сезімдерін бақылап, басқаруға, шыдамды болуға бейімделеді.

Ораза уақытында тамақтан тыйылып қана қоймай, бейәдеп сөздер айтудан, ұрыс-керістен, некеден тыс жақындықтан, басқа да күнәға батыратын жаман әрекеттерден аулақ болу қажет. Бұның бәрін сақтау адамның зердесін күшейтеді. Ал зерде адамның сезімдерін бақылап, басқаруға, нәпсісін тыюға, жақсы мен жаманды таразылап, жаманнан бас тартуға көмектесетін Алланың қуаты.

Оразаның нәтижесін қалай білуге болады?

Сіз отыз күн ораза ұстадыңыз. Сол ұстаған оразаңыз қабыл болды ма, жоқ па, сол арқылы сауап алдыңыз ба, жоқ па – оны қалай білуге болады? Бұл – оңай. Егер сіздің бойыңызда сабырлылық, байыптылық, мейрімділік, кешірімшілдік, сыпайылық, кішіпейілдік, жомарттық, нәпсіден тыйылушылық сияқты жақсы қасиеттер көрініп, ол күшейе түссе, ұстаған оразаңыз қабыл болып, сізге көп игілік әкелді деп нық сенуіңізге болады.

Ал егер ондай қасиеттер көрінбесе, мінезіңіз сол бұрынғы қалпында өзгеріссіз қалса, онда сізге ораза еш пайда әкелмеді, сауап тимеді деп түсінсеңіз, шындықтан алыс кетпейсіз.

Білім болмаған жерде, нәтиже де болмайды

Бүгінде спортпен айналысып, биік нәтижелерге жетсем деп армандайтын жастар көп. Бірақ солардың бәрі бірдей жүлдегер бола бермейді. Неге десеңіз, ол үшін қалай жаттығу қажеттігін және нәтижеге қалай жетуге болатынын жақсы біліп, сол білімді пайдалана әрекет жасағанда ғана нәтиже болады. Ал спорт залына барып қалай болса, солай жаттығып, одан жақсы нәтиже күту ақылсыздық.

Рухани дамуда да солай. Егер сіз дін жолын ұстадыңыз екен, міндетті түрде БІЛІМ болу қажет. БІЛІМ болмаған жерде, ешқандай нәтиже болмайды. Олай жасалған әрекет құмға су құйғандай еш НӘТИЖЕ БЕРМЕЙДІ. Ал нәтижеге жетпей, бос әрекет жасау кімге қажет?

Түйін: егер сіз ораза ұстаған болсаңыз, бірақ бойыңызда жақсы, имани қасиеттер орнықпаса – онда бұл сіздің исламның осы парызын дұрыс орындамағаныңыз болып табылады. Бұлай болғанда өз қателігіңізді анықтауыңыз, неден қателік жібердім, оны қалай түзеуге болады деген сауалға жауап табуыңыз қажет болады. Жалпы, қай істе де нақты нәтижеге жету – басты мақсат болуы тиіс. Өйткені, жасаған әрекетіңіздің нәтижесі содан ғана көрінеді.

Пікір қалдырыңыз

Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники

Пікір қалдырыңыз

Яндекс.Метрика