800 көрілім

32Тәуелсіздігімізді алған алғашқы жылдарда компьютер дегенді  көрмек түгілі, атын да естімеген біздер үшін қазір компьютерсіз өмірді көз алдымызға елестету мүмкін болмай қалды. Мемлекет басшысы биылғы халыққа арнаған Жолдауында Үкіметке «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасын жасауды тапсыруының астарында қазіргі жаңа технологияны қолдану арқылы ғана өркениет көшінде шаң қауып қалмайтынымыз жатқаны анық.

Бүгінде ақпарат құралдарында блоггер деген сөз жиі айтылып, жазылып жүр. Бізде, тіпті блоггерлердің ассоцияциясы деген қоғамдық ұйым да бар. Ақпарат кеңістігінде өз орнын тауып үлгірген блоггер дегендер кімдер және олар немен айналысады деген мәселеге өз бетімізше жауап іздеп көрелік.

Блог деген сөздің түп негізі ағылшынша log – жазу дегеннен шыққан екен. Яғни, бұл әр адамның интернет алаңын пайдаланып, өз пікірін, көзқарасын жазуы, бір сөзбен айтқанда интернет-күнделік. Оның сайттан өзгешелігі де сол жеке адамның жеке басына қатысты жайларды жазуында. Алғашқы кезде блогтар осындай тар ауқымды қызметті атқарып келді. Дегенмен, кейін келе өз кәсібіне, мамандығына қатысты жазған кәсіби кеңес түріндегі мақалалар блоггерлердің оқырмандарының санын көбейтіп, блог арқылы жақсы табыс табуға негіз жасады. Осыған орай, енді блог жәй күнделік болудан қалып, табыс табудың құралына да айнала бастады.

Бүгінде Қазақстанда ғаламторды пайдаланушылардың саны 10 миллионнан асыпты. Десе де, блог арқылы жақсы табыс табатындар және жеке блогын жүргізу арқылы оқырмандарға танымал болған блоггерлер саусақпен санарлықтай аз. Блоггер болу үшін өз ой-пікірін сауатты және әдеби тілмен тартымды етіп жаза білу ғана емес, оқырмандарға қажетті қызықты ақпараттарды  бере білу де қажет. Бұл үшін блоггер белгілі бір саланың кәсіби білікті маманы, яғни сарапшысы болуы шарт. Өкінішке орай, бізде мұндай жоғары талап деңгейінен көріне алатын кәсіби блоггерлер аз.

Бізге қарағанда интернет саласында біршама ілгері озып кеткен Ресейде білікті блоггерлер баршылық екен. Олардың блогтарына күн сайын мыңдаған адамдар кіріп, өздеріне қажетті ақпараттар алып жатады. Орыс тілді интернет – рунетте блог арқылы қалай табыс табуға болатынын түсіндіретін бейнесабақтар мен электронды кітаптар да жетіп артылады. Блог арқылы қанша ақша табуға болады дегенге келсек, ресейлік блоггер Александр Борисовтың айтуынша, күніне 1000 адамнан артық оқырман кіретін блог арқылы айына 1000 АҚШ доллары көлемінде таба алады.

Ғаламтор саласының кәсіби маманы Жанна Бадаубаеваның айтуынша, қазақстандық блоггерлердің көбі  өздерінің жеке сайттарын ашу арқылы табыс табуға мүмкіндік болмағандықтан, интернет алаңдарды пайдаланады екен. Мұндай интернет алаңдарды пайдалану тегін болғанымен, блоггерлер ақылы мақала жазып немесе өз блогтарында жарнамалық баннерлер орнатуға мүмкіндіктері жоқ. Өйткені, бұған интернет ресурстың иесінің рұқсаты керек. Ал қожайын ең алдымен өз қалтасын ойлайтындықтан, интернет алаңды пайдаланушылардың пайданы өзін айналып өтіп табуына жол бермейтіні белгілі.

Осыған байланысты, блоггерлердің біразы әлеуметтік желілерді пайдаланып, өзіне оқырман тартады. Ал, оқырманы көп блоггерлерге ірі компаниялар тарапынан сұраныс жоғары болатын көрінеді. Журналист Төлеген Байтұқанов оқырмандары көп блоггерлерге ірі компаниялар блог-турларға қатысқаны үшін қомақты ақша төлейді дегенді айтады. Осындай турларға қатысқан блоггерлер әлгі кәсіпорын туралы өз блогына, не парақшасына көлемді мақала жазып, жариялағаны үшін  кәсіпкерден 50-100 доллар көлемінде ақы алады екен.

Бүгінде ірі компаниялардың көбі  жарнама үшін блоггерлерге ақша төлегеннен гөрі, өз сайттарын ашып, сол арқылы жарнамалағанды дұрыс санайды. Бұның өзі отандық блоггерлдердің кең дамуына біршама кедергісін келтіруде.

Ағылшын және орыс тілді интернетпен салыстырғанда, қазақ тілді интернетте сайт және блог ашып, соны жүргізу, сол арқылы табыс табу мәселесі өте кенжелеп қалған. Тіпті, қазақ тілді интернетте блог арқылы ақша табу мүмкін де емес. Өйткені, оқырман аз және оқырмандардың деңгейі орыс және ағылшын тілді интернетпен салыстырғанда біршама төмен соғып жататыны шындық.

Мәселен, қазақ тілді интернетте көбіне әнші жұлдыздар, спортшылар, саясат, тіл, ұлттық дәстүр сияқты тақырыптар ғана қаузалып, кәсіби біліктілікті арттыруға немесе белгілі бір салалар бойынша пайдалы ақпараттар алуға деген сұраныс болмай жатады. Осыған орай, қазақ тілді блоггерлердің бәрінің дерлік жеке сайттары жоқ, біразы интернет алаңдарды пайдаланады, ал көпшілігі «Фейсбук», «В Контакте» сияқты әлеуметтік желілер арқылы оқырман тартады.

Тағы бір қынжыларлығы, қазақ тілді блоггерлердің арасында бұрын журналистика саласында істеген бірлі-жарымы болмаса, көбі шала сауаттылар. Олардың мақалаларының қарадүрсіндігі, грамматикалық қателердің көптігі өз алдына, жергілікті сөйлеу ерекшеліктерін қолданып, ауызекі қалай айтылса, солай жаза салады.

Әлеуметтік желі арқылы блогын жүргізушілер арасында пікір талас мәдениеті де ақсап жатады. Бір-біріне дөрекі сөздер айту, саяси көзқарасын білдірудің жөні осы екен деп, Мемлекет басшысынан бастап, барлық билікке қара күйені ойланбастан жаға салу, ұлт араздығы туғызатын, еліміздің қауіпсіздігіне қатер төндіретін пікірлерді ойланбастан айту жайлары да ұшырасады. Өткен жылы бірнеше адам әлеуметтік желі арқылы айтқан сөздерінде заң бұзушылыққа жол бергендігі үшін сотталғаны белгілі.

Елбасы өз Жолдауында «Киберқылмыспен күрестің өзектілігі барған сайын арта түсуде. Үкімет пен Ұлттық қауіпсіздік комитетіне «Қазақстан киберқалқаны» жүйесін қалыптастыру шараларын қабылдауды тапсырамын» деп атап көрсеткен еді. Киберқылмыс – бұл тек хакерлердің ірі компаниялардың есеп-шоттарын бұзып кіріп, ақша ұрлауы ғана емес, мемлекеттік тұтастығымызға, ұлттық қауіпсіздігімізге қатер төндіретін теріс пікірлер тарату түріндегі заң бұзушылықтарды да осындай санатты қылмыстарға жатқызуға болады.

Осы орайда, сан мыңдаған адамды ауыздарына қаратқан блоггерлердің орны ерекше болатыны анық. Мемлекеттік құзырлы орган арқылы тіркеліп, ақпарат құралдары сияқты арнайы рұқсатпен жұмыс істемейтін, бүгінде оқырмандарының саны күн сайын артып бара жатқан интернет кеңістігінде өз орны, салмағы бар блоггерлер өздеріне жүктелген жауапкершілікті, ең алдымен Отан алдындағы, заң алдындағы жауапкершілікті сезінулері қажет-ақ. Ұлы Абайдың айтқан «Тіл тас жарады, тас жармаса бас жарады» деген даналығын қаперден шығармасақ екен.

Пікір қалдырыңыз

Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники

Пікір қалдырыңыз

Яндекс.Метрика