1 435 көрілім

исламИслам діні тарихында елеулі орын алған пайғамбардың (с.а.с) ең жақын серіктерінің бірі және алғашқы төрт халифтің бірі болып, дін исламды әлемге таратуға зор үлесін қосқан Осман ибн Аффанның өмірі барша адамзат баласына үлгі-өнеге боларлық.
Оның бойында адалдық, кішіпейілдік, жомарттық, сыпайылық, ержүректік, сабырлылық сияқты мұсылман баласына тән имандылық қасиеттердің бәрі молынан табылатын. Пайғамбарымыздың екі бірдей қызы Рұқия мен Үммүгүлсімге үйленгендіктен Зун-нуриан- екі нұр аталған Осман бар өмірін ислам дінін таратуға және пайғамбарға қызмет етуге бағыштады.

Ислам дінін қабылдауы.

Әкесінен мұраға көп байлық қалған Осман сауда жасап, көп елдерді кезеді. Ол Әбу Бәкір Сыддықтың жақын досы болды. Таныстарынан Әбу Бәкірдің ислам дінін қабылдағанын естіп, бұл жаңалықты оның өз аузынан тыңдағысы келіп үйіне барады. Әбу Бәкір оған жаңа дін туралы жан-жақты айтып береді.

Жас та болса көрген-түйгені мол Осман досының сөзін естігенде ислам дініне деген қызығушылығы арта түседі. Ол сол кеште Әбу Бәкірмен бірге пайғамбарымызға келеді. Пайғамбарымыз (с.а.с): «Аллаһтың рахымы болған жәннатқа ұмтыл. Мен барша адамдарды тура жолға бастаушы ретінде жіберілдім. Алладан басқа еш тәңір жоқ» -деді. Пайғамбарымыздың өз аузынан ислам діні туралды естіген сәтте Осман бірден иман келтіріп, мұсылман болды.

Жасы 34-гі Меккедегі ең ықпалды бай саудагер Османның ислам дінін қабылдауы оның туыстарын, әсіресе немере ағасы Хакам ибн Абулдың ашу-ызасын туғызды. Ол немере інісіне қатты сөздер айтып, тіпті өлтіремін деп қорқыту арқылы райынан қайтармақ болған. Бірақ Осман алған бетінен қайтпады. Оны жақсы көретін туыстары немере ағасының қаһарынан қорғап қалды.

Дін жолындағы еңбегі.

Пайғамбарымыздың (с.а.с) қызы Рұқияға үйленген Әбу Лахабтың ұлы Ұтба жаңа дін тарала бастаған тұста ислам дінін де, пайғамбарымыздың қызын да қабылдамаймын деп Рұқиямен ажырасты. Осман пайғамбарымыздан (с.а.с) өзін Рұқиямен некелестіруді сұрап, оған үйленді. Бұл кезде меккелік мүшіріктер тарапынан ислам дінін қабылдағандарға қысым күшейіп кеткен еді. Бастарына қатер төне бастаған сол тұста 15 кісілік топ Эфиопияға һижрет етті. Сол топтың арасында отбасымен Осман да бар еді.

Пайғамбарымыз: «Осман Лұттан (а.с) кейінгі отбасымен һижрет еткен алғашқы адам» деді.
Аллаһ тарапынан мол байлыққа ие болған Осман сол байлығын дін исламды таратуға және кедей-кепшікке көмектесуге аямай жұмсады. Бір жылы Мединеде аштық болып, халық қатты қиналады. Осман Сириядан жүз түймен астық әкеледі. Мұны естіген бірнеше сахаба барып, одан астығын сатуды сұрайды.

Сонда ол «сіздерден жақсы және көп ақша беруші алушым бар» деп сатудан бас тартады. Бұған ренжіген сахабалар Әбу Бәкірге келіп, болған жайды баяндайды. Османды жақсы білетін Әбу Бәкір мұның астарында бір сыр бар екендігін сезіп, жүріңдер бірге барып істің жайын білейік дейді.

Ол: «Ей, Осман, сахабалар саған ренжулі. Олардың меселін неге қайтардың?» деп сұрайды. Сонда ол: «Ей, Расулаллахтың халифасы, олардан гөрі жақсы алушым бар, олар бізге жеті жүз береді, сондықтан бидайды соларға саттым» -дейді. Ол осы сөзі арқылы астықты қаланың ашыққан кедейлеріне тегін таратып беретіндігін айтқан еді. Осыны білген соң Әбу Бәкір қатты разы болып, Османға алғысын айтады.

Жомарттығы.

Рұқияның ауруына байланысты Осман Бәдір шайқасына қатыса алмады. Осыған ол қатты қапалы еді. Әйелі сол аурудан айықпай, дүние салды. Бірақ, Бәдір шайқасындағы мұсылмандардың жеңісі Османның бұл қайғысын азайтқан еді. Кейін пайғамбарымыз Османға кіші қызы Үммүгүлсімді некеледі. Кейінірек Үммүгүлсім қайтыс болғанда пайғамбарымыз (с.а.с) Османға «қапаланба, егер қырық қызым болса, бәрін де саған некелендірер едім» деп жұбатты.

Осман пайғамбарымыздың ең жақын адамдарының бірі болып, оған барынша адал қызмет етті. Хунәйн шайқасында ол пайғамбарымызды (с.а.с) кеудесін оққа тосып, қорғағандардың арасында болды. Тәбук соғысында ол Сирияға жіберу үшін дайындаған үш жүз түйені жүгімен қоса, онымен бірге мың динар, елу атты соғысқа жәрдем ретінде берді.

 

Пікір қалдырыңыз

Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники

Пікір қалдырыңыз

Яндекс.Метрика