1 117 көрілім

өзін жетілдіруАқпарат ғасыры атанған ХХІ ғасырдың адамдары интернеттен пайдалы ақпараттар іздейді. Ол не үшін қажет? Пайдасына жаратып, белгілі бір нәтижеге жету және тап болған түрлі түйткілді мәселелерді шешу үшін керек.
Сіз осы мақаланы оқи отырып, пайдалы ақпараттар аласыз. Ол қандай пайдалы ақпарат? Жақсы мен жаманды, пайдалы мен залалды нәрселерді айыратын зердеңізді басқан тозаңды тазартып, өзіндік жетілуге қадам жасайсыз.

Пайдалы немесе пайдасыз деген ұғымның өміріңіздегі орны қандай?

Адамдардың 90 пайыздан астамы қоғамның, қоршаған ортаның ықпалымен өмір кешеді. Олардың барлық әрекеттеріне қоршаған орта ықпал етіп отырады. Олар өздерінше ойлап, ойға алған шаруаның пайдалы немесе пайдасыз жақтарын таразыламайды. Ондайлар туралы ұлы Абай «көп айтса көнді, жұрт айтса болды, әдеті надан адамның» деген.

Бір танысым қызын ұзату тойын жасады. Менің дінге жақын екендігімді, Құранда ысырапшылдықты Алла ұнатпайды деген аят барлығын аузымнан жиі естіп, білетін ол «той жасамай-ақ қояық деп едім, барлық туыстарым өре түрегеліп қарсы болды, әрі қызым да ақ фата кигім келеді деді, содан қарсы келе алмадым» -деп уәж айтты.

Болашақ күйеу баласы да екі той жасап шығынданбай-ақ қойсақ қайтеді, оған кететін ақшаға жарыма жаңа автокөлік алып берейін» депті. Бірақ жұрттан қалуға болмайды деген ұғымды саналарына сіңіріп алған туыстары оған жол бермеген. Осылайша танысым банктен пәлен пайыздық өсіммен кредит алып, дүрілдетіп қыз ұзату тойын жасады. Оған іле-шала жігіт жағы да ұлан-асыр той өткізді. Сөйтіп, бір үйлену тойы екі той болып, екі жаққа да қып-қызыл шығын әкелді.

Мұндай мысалдарды өмірден көптеп келтіруге болады және қай-қайсымыз да оны көріп, естіп жүрміз. Пайдалы емес екендігін көзбен көре тұра оған қарсы тұра алмаудың себебі, қоғамда орнығып қалған дәстүрдің ығында кету, жұрттан ұят болады деп түсіну. Қалыптасқан қоғамдық пікірге қарсы тұру онның, тіпті жүздің бірінің ғана қолынан келетін қиын шаруа.

Қоғамдық пікірдің ығында кетпеу үшін не керек?

Ең алдымен зерде қажет. Зерде (разум) ақылдан биік. «Егер құдай біреуді жазалағысы келсе, оның зердесін алады» деген сөз бар. Жоғарыда айтылған адамдардың 90 пайыздан астамы, яғни «жұрт айтса болды, көп айтса көндімен» жүргендер зердесін шел басқандар.

Бһагавад Гита кітабында зердеге жақсы мен жаманды таразылап, талдау қабілеті деген анықтама берілген. Зердесі бар адам ең алдымен ойына алған шаруаның өзіне қаншалықты пайда әкелетіндігіне назар аударады. Егер пайдасыз болса, қоғамдық пікірдің ұнатып, ұнатпайтынынан қарамастан, одан бас тартады.

Мәселен, арақ ішу сізге ұнауы мүмкін. Бүгінгі қоғам да арақты онша жек көрмейді. Егер сіздің зердеңіз болмаса, арақты аздап ішудің еш залалы жоқ дегенді желеу етіп, араққа салынасыз. Ал зердеңіз болса, айналаңыздағы дос-жарандарыңыздың қыстағанына, қоғамдағы қалыптасқан пікірге қарамастан арақты мүлдем ауызға алмайсыз.

Сол сияқты таңертең мұздай суға шомылып, дене жаттығуын жасау, жүгіру сізге ұнамауы мүмкін, бірақ ол пайдалы. Денсаулығыңыз жасқарады, ауру-сырқаудан арыласыз, сергек болып жүресіз және ең бастысы жақсы жұмыс жасайсыз. Сондықтан, өзіңізге ұнамағанына, тіпті дос-жарандарыңыздың қарсылығына қарамастан сіз күнде мұздай суға шомылып, бірнеше шақырым жүгіресіз, дене жаттығуларын жасайсыз.

Сіз қандай деңгейдесіз?

Жоғарыда айтқанымыздай, адамдардың 90 пайыздан астамының зердесін шел басқан. Зерде адамдардың бәрінде бар, бірақ өмір ағымымен ойсыз ағу зерденің шел басуына соқтырады. Өмірде бақытты, бақытсыз болуыңыз зерденің жұмысына тікелей байланысты. Зерделі адам тек өзіне пайдалы істермен ғана айналысады және сондықтан үнемі жақсы нәтижеге жетеді. Яғни, бақыт ауылының тұрақты тұрғыны болады.

Керісінше, зердесіз пенде қоршаған ортаның ықпалымен өзіне залалды екендігін біле тұра жаман істерге бой ұрады да, соның нәтижесінде зиянға ұшырап жатады.

Тест: зердеңіз бар ма, жоқ оны шел басқан ба? Оны анықтағыңыз келсе мынадай қарапайым ой жаттығуын жасап байқаңыз: Ақ қағаз алып, екі бағанға – біріне пайдалы, екіншісіне пайдасыз деп жазып, соны толтырыңыз. Өзіңіздің күнделікті өмірде үнемі атқарып жүретін істеріңіз пайдалы ма, жоқ па, соған назар аударып, шынайы жазуға тырысыңыз. Егер пайдалы істерді (жұртқа ұнамайтын болса да) көбірек жасайтын болсаңыз, онда зердеңіздің ашық болғандығын көрсетеді.

 

Пікір қалдырыңыз

Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники

Пікір қалдырыңыз

Яндекс.Метрика