602 көрілім

Кез келген пайдалы іс сіздің өміріңіздің ажырамас бөлігі ретінде тірлігіңізге терең енгенде ғана нәтижелі болады. Егер өзіңізге пайда келтіретін шаруаны қолға алғаныңызбен, ол өміріңіздің ажырамас бөлігі ретінде қалыптаспаса, ол әрекетті оңай және кез-келген сәтте тастап кетесіз. Ал тірлігіңізге терең енген іс әдетке айналып, өле-өлгенше сізбен бірге болады.

Нәтижеге жетудің кепілі.

Бүгінде жасы 87-ге келген Көкшетауда тұратын Бекболат Сәдуақасов деген ақсақал 24 жасында жоғары оқу орнын бітіріп прокуратураға қызметке келген күнінен бастап күнде таңертең дене жаттығуын жасауды әдетке айналдырады. Бұның өміріне тереңдеп енгені сонша, күніне 1,5 сағат дене жаттығуын жасау және жүгіру, оған қоса мұздай суға шомылу – берік әдетіне айналады.
Ақсақал бұл әдетін ешқашанда тастамаған және тастауды ойламаған. Ол тіпті, демалыс кездерінде тегін жолдамамен шипажайға барудан да бас тартады екен. Оның себебі – күнделікті қалыптасқан күн тәртібінің бұзылуына жол бермеу. Енді осы өміріне терең енген және тірлігінің ажырамас бөлігіне айналған әдеттің нәтижесі қандай дегенге келсек, 87-гі ақсақал өмірі ауру дегенді білмей келеді. Қазір де ол әдетінен жаңылмай күн сайын 1,5 сағат дене жаттығуын жасап, жүгіреді және мұздай суға шомылады.
Өкінішке орай, адамдардың басым көпшілігі пайдасын көре тұра бір шаруаны қолға алса, оның өз тірлігіне терең еніп кетуіне жеткізуге құлшынбайды. Әлдекімдерге еліктеуден немесе біреулердің айтуымен солай жасайын деп қолға алатындар, көп ұзамай кездескен түрлі кедергілерді көргенде, дереу ойға алғанынан оп-оңай бас тартады.
Бұндай адамдар әдетте өмірде ешқашан, ешқандай нәтижеге жете алмайды. Олар әрнәрсенің басын бір шалып, ештеңеге тұрақтамай өмірлерін босқа өткізеді.

Жайлы өмір іздеушілердің жайы.

Елуді орталаған бір азамат соңғы бес-алты жылдың ішінде жұмысын бес-алты рет өзгертті. 2005 жылы ол облыстық мұрағатта қызмет етіп жүрген. Содан кейін кенет орыс тілді газетке жұмысқа ауысты. Арада бес-алты ай өткенде шалғай ауданға бір мектептің директоры болып кеткенін естідім. Тағы бір жеті-сегіз айдан кейін көшеде кездескен әлгіден мемлекеттік мекемеде маман болып жүргенін білдім.
Содан кейін де ол бірнеше рет жұмысын ауыстырды. Қазір ол мемлекеттік мекемеде қызмет етеді. Кездескен сайын жалақысының аздығын, басқа жұмыс іздеп жүргенін айтып, жұмыс табылса хабарласуды сұрап жатады. Оның мамандығы – қазақ тілінің мұғалімі. Бірақ өмірінде көптеген шаруалардың басын қайырып, жайлы орын іздеп талай салаларда еңбек еткен ол бір сала бойынша біліктілікке қол жеткізіп, мықты маман бола алмаған.
Содан болар, ол қай жерге барса да жаңадан келген тәжірибесі аз маман ретінде жалақысы төмен жұмыс бұйырады. Ал сол танысыма кереғар тағы бір таныс кісі сонау өткен ғасырдың 70-ші жылдарында университетті бітіріп келген күннен бастап журналист болып еңбек етуде. Ол биыл жазда зейнеткерлікке шықты.
Зейнетақысы 75 мың теңге. Оған қоса, 80 мыңның үстінде жалақысы тағы бар. Фототілші болып істейтін оның көлденең табыстары және жетерлік. Зейнеткерлікке шықса да редакция басшылығы оған жата жармаса жабысып, жұмыстан кетпе деп қолқа салып алып қалған.

Кәсібің – өміріңнің ажырамас бөлігіне айналғанда ғана нәтиже болады.

Жоғарыда келтірген екі мысалдан не түйіндеуге болады? Егер сіз жұмысыңызды тек нан тауып жеудің құралы деп қабылдасаңыз, ол сіздің өміріңізге енбейді. Соған орай, жұмыстан сіз ешқандай қанағат таппайсыз. Осыған орай, кез-келген сәтте басқа жайлылау орын табылса ойланбастан жұмысыңызды тастап кете баарсыз.
Ал жұмысыңыз өміріңіздің ажырамас бөлігіне айналса, яғни сіз кәсібіңізден ешқашан айрылмай, жалақының аздығы-көптігіне қарамай, жұмыстан рахат алу үшін еңбек етсеңіз, онда сол саланың білікті, тәжірибелі маманына айналасыз. Ондай жағдайда жұмысыңыздың сапасы жоғары болып, ұжымда сый-құрметке бөленесіз және жалақыңыз да, қызметіңіз де өседі.
Бұл ақиқатты тек жұмысыңызға ғана емес, өміріңіздің барлық саласына қолдануға болады. Егер сіз отбасыңыздан рахат табатын болсаңыз, осыған орай отбасыңызда береке-бірлік, татулық және бақыт орнығады. Сондай-ақ, спортты, ән айтуды немесе көрген-түйгеніңізді жазуды әдетке айналдырсаңыз және ол өміріңізге берік енсе, содан қанағат тауып, жоғары нәтижеге жететін боласыз.
Сондықтан, қандай істі қолға алсаңыз да міндетті түрде оны өміріңізге терең енгізіп, берік әдетке айналдырыңыз. Сонда ғана нәтижеге жетесіз. Бұл — ақиқат.

Пікір қалдырыңыз

Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники

Пікір қалдырыңыз

Яндекс.Метрика