773 көрілім

нәпсіНәпсінің құлақ кесті құлына айналған, ар-ұяттан жұрдай, адамшылық қасиеттен айрылып, хайуаннан да төмен деңгейге түскен педофиль деп аталатын пенделердің қатары жыл санап көбейіп барады. Бойы бекіп, бұғанасы қатпаған қыз немесе ер баланы зорлап, бүкіл өміріне өшпес дақ түсіретін мұндай пенделер қайдан шығады?

Құдыретті – нәпсі

Адамның ақыл-ойын баурап алып, еріксіз өз дегенінен көндіретін және айтқанын істетіп, айдауына жүргізетін нәпсі атты күшке екі аяқты пенденің қарсы қояр жалғыз қаруы бар, ол – діни шарттарды орындап, шариғат жолымен жүру. Нәпсінің жетегіне ермеудің жалғыз амалы – осы.

Кез келген дәстүрлі дін нәпсімен күреске ерекше мән береді. Нәпсі деген жалғыз ер мен әйелдің бір-біріне деген құштарлығы емес, ол: мансапқа, атақ-даңққа, байлыққа, арақ-шарапқа, құмар ойындарына, басқа да осы дүниенің игіліктеріне деген құлшыныс.

Араққа салынған адамды теріс әрекетін тыйғызу қиын. Сол сияқты мансаптың құлына айналған пенде де ақыл-естен айрылып, мансап үшін ар ұялар жаман  әрекеттерге барып жатады. Ондайларды қай-қайсымыз да өмірден көріп, естіп жүрміз. Құмар ойындарына берілген адамды одан бас тартқызу өте қиын. Жалпы, нәпсі құлдығына түскен адамды оның бұғауынан босату қиын ғана емес, тіпті мүмкін де болмайды.

Зинақорлық – ауыр күнә

Қасиетті Құранда зинақорлықтың аса ауыр күнә екендігі, сондықтан зина жасаған ер мен әйелді аяусыз жазалау қажеттігі ашық жазылған. Нәпсінің ішіндегі ең күштісі – әйел мен ер адамның бір-біріне деген құштарлығы.

Ал, жоғарыда айтылған педофиль дегендер зинақорлықтың құлына айналып, тән рахаты үшін ештеңеден де тайынбайтын пенделер. Осыдан бірнеше жыл бұрын өзінің туған қызын зорлап келген адам ұсталып, сотталды. Өткен жылы алты жастағы бүлдіршінді зорлап, тіпті өлтірмек болған педофиль өмір бойы бас стандығынан айрылды.

Таяуда ғана Астана маңындағы қамыс өскен көл жағалауына алты жастағы қызды алдап апарып зорламақ болған педофильді сол маңайда құрылыс салып жатқан жігіттер ұстап, полицияға тапсырды. Әлгі алты жастағы бүлдіршінді зорламақ болған қырықтың қырқасындағы азаматты ұстаған жігіттер оны біраз жұдырықтап алыпты. Ол туралы жазылған видеоролик ютубке салынып, жұрт арасында біраз шу туғызды.

Педофильден емделуге бола ма?

Бесіктен белі шықпаған сәбилерге нәпсіқұмарлықпен қарап, оларды зорлағысы  келіп тұратын педофиль  деген ауру ма, әлде қылмыскер ме? Алдымен, осы мәселенің басын ашып алу қажет. Мәселен, маскүнемдік және нашақорлық – дерт. Сондықтан, онымен ауырған адамдар жауапкершілікке тартылмайды. Ал, педофиль дегендер балаларды зорламай-ақ, сәл теріс қылық көрсетсе болды, заң шеңберінде  қуғындалады.

Нәпсінің күштілігі сондай, Қасиетті Құранда ер адамның әрдайым әйелдермен араласпай, бөлек жүруі қажеттігі, тіпті туған анасы мен баласының бір бөлмеде отыруы қауіпті екендігі айтылады. Осыған қарап, нәпсінің адамды қаншалықты қатерде ұстайтыны байқалады.

Жоғарыда айтып кеткеніміздей, нәпсіден құтылудың жалғыз жолы – діни шарттарды орындау, шариғат жолымен жүру. Бұл арада әңгіме діни шарттарды жаттанды түрде жеңіл-желпі орындау емес, шын жүрегімен, ниетімен құлшылық ету жайында болып отыр. Шариғат жолымен жүріп, бес уақыт намазын оқи жүріп те зина жасайтын адамдар бар. Сондықтан, ең алдымен адам қаншалықты Аллаға беріліп, шын ниетімен құлшылық етеді, әңгіме осында.

Шын жүрегімен, ниетімен құлшылық ететін адамның жүрегінде Жаратқанға деген берік сенім орнығады. Содан кейін ол Алланың жақсы дегендерін жасап, жаманнан жүзін теріс бұрады. Ондай адамды ешқашан түзу жолдан тайдыру мүмкін емес.

 

Пікір қалдырыңыз

Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники

Пікір қалдырыңыз

Яндекс.Метрика