721 көрілім

жаттығуАҚШ-тың бірнеше университетінің ғалымдары бірлесе жұмыс жүргізудің нәтижесінде күтпеген шешімге келеді. Ғалымдардың тұжырымынша, табиғи туабітті талант адамның нәтижеге жетуіне ешқандай көмегін тигізбейді екен. Нәтижеге тек үзбей ұзақ уақыт саналы тәжірибемен айналысқан адам ғана жетеді дейді ғалымдар. АҚШ ғалымдарының пайымдауынша, көп адамдар жаңа істі қолына алғанда үлкен ынтамен құлшына кіріседі де, кейін келе ынталары азайып, соған орай жұмысты да азайта түседі. Ақыр соңында олар қолға алған істерін мүлдем тастайды. Тек жүз адамның біреуі ғана ойына алған ісін тастамай, үзбей жұмыс жүргізеді. Нәтижеге жететіндер де солар дейді американдық ғалымдар.

Онжылдық ереже

Ғылыми зерттеулер көрсеткендей, тіпті өте талантты адамдардың өзі нақты нәтижеге жету үшін кем дегенде сол салада он жыл үзбей жұмыс істеуі тиіс. Зерттеушілер бұл заңдылықты «онжылдық ереже» деп атаған. Яғни, адам бір істі қолға алып, нақты нәтижеге жетуі үшін он жыл үзбей айналысуы қажет. Нәтиже аспаннан кездейсоқ түсе салмайды. Ол ұзақ және тұрақты жұмыстың нәтижесінде ғана келеді.

Өз саласының ең үздік кәсіби маманы болу үшін күн сайын бірнеше сағаттан айналысып, біраз жылдарды жұмсау керек болады. Ғалымдар бұл үдерісті «санала тәжірибе» деп атаған. Яғни, адам алдына қойған мақсатына жету үшін саналы түрде күн сайын жаттығуы қажет. Ол жаттығу нәтижеге жетуге жасалған нақты қадамдардан тұрады және үнемі қайталауды керек етеді.

Мәселен, гольф ойнау барысында допты соғу – бұл саналы тәжірибе емес және күн сайын әлденеше сағаттар бойы гольф ойнағанмен, адам одан тәжірибесі мен шеберлігін арттырмайды. Ол үшін күн сайын допты дәл ұруға қол жеткіземін деген мақсатта 200-300 рет доп соғып жаттықсаңыз, бұл саналы тәжірибе болып табылады және осылай жасау арқылы сіз шеберлігіңізді шыңдай түсесіз.

Саналы тәжірибенің берері мол

Флориданың мемлекеттік университетінің профессоры Андерс Эрриксон 20 жастағы скрипкада ойнайтын шәкірттердің тәжірибесін талдай отырып, саналы тәжірибе деңгейіне жету үшін студент 10 мың сағаттан кем емес уақыт репитиция жасауы қажет деген тұжырымға келеді. Ал, 7,5 мың сағат жаттыққан студент орта дәрежелі музыкант деңгейіне жете алады, 5 мың сағат айналысқандар нашар музыкант болып қалады екен.

Саналы тәжірибе арқылы нәтижеге жету тек музыканттарға ғана қатысты емес. Сақтандырушы агент, спортшы, хирург бола ма, қандай мамандық иесі болса да неғұрлым көп уақыт саналы тәжірибемен айналысса, нәтиже де соғұрлым жоғары болмақ.

Тарихта аты қалған ағылшын саясаткері Уинстон Черчиль саясаткер болу үшін ағып тұрған шешен болудың қажеттігін түсініп, жалдамалы оқытушының сабағын алады. Ол күн сайын бір де бір сабақты жібермей, ұзақ жылдар бойы сөйлеу шеберлігін арттыруды үйренеді. Сөйтіп, ауыздыға сөз бермес шешенге айналады. АҚШ президенті болған Рональд Рейган да шешендік өнерді меңгеру үшін тәлімгердің көмегіне жүгініпті. Қыруар ақшасы мен уақытын, күш-қуатын сарып қылған ол ақырсында ойлаған мақсатына жетеді. Әлемге аты шыққан американдық пианист Владимир Горовец таңертеңнен кешке дейін репитицияға уақытын  жұмсап, аянбай тер төгудің арқасында сондай биік нәтижеге жеткен. Бұндай мысалдар өмірде өте көп кездеседі.

Ал, бала кезінен туабітті таланты барлардың жайы қандай болмақ? Бала кезінде ата-аналарын, айналасындағыларды таңғалдырып, керемет нәрселер жасап жүретіндердің бәрі бірдей өкііншке орай атақ-даңқ шыңына жете алмайды екен. Ғалымдардың зерттеулері көрсеткендей, мына жай анық: биік нәтижеге бойыңдағы талант арқылы емес, тек ұзақ және саналы еңбектің арқасында ғана жетуге болады.

Түйін: Егер ойыңызға алған мақсатыңызға жетемін десеңіз, онда осы жолда уақытыңызды, күш-қуатыңызды аямай жұмсап, ұзақ уақыт жұмыс істеңіз. Нәтиже бес, жеті, тіпті он жылдан кейін келуі мүмкін. Ең бастысы, күдеріңізді үзбей, алған бетіңізден қайтпаңыз. Сонда міндетті түрде мақсатыңыздың шыңына шыға аласыз. Бұл – бүгінгі ғылыми зерттеулер көрсетіп отырған АҚИҚАТ.

 

Пікір қалдырыңыз

Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники

Пікір қалдырыңыз

Яндекс.Метрика