883 көрілім

рухани дамуБүгінде иога деген түсінік екінің біріне жақсы таныс. Иогамен айналысатын адамдар қатары да жетерлік. Дегенмен, өздерін иогпыз деп жүргендердің көбі иога дегеннің не екендігін жетік біле қоймайды. Олардың көбі бұл денсаулықты жақсартуға арналған дене жаттығулары деген сияқты түсінікпен шектелген. Шындығында, иога – бұл тек денсаулықты жақсартуға ғана көмектесіп қоймайды, оның ең басты қызметі Жаратқанмен арамыздағы байланысты қалпына келтіру.

Иоганың ең кең таралған классикалық үлгісі – сегіз сатылы иога

Бүгінде иоганың отаны саналатын индиялықтардың көбі сегіз сатылы иогамен айналысады. Екі мың жылдай бұрын өмір сүрген Шығыс ойшылы Патанджалидің «Иога сутра» кітабында иоганың бұл түрі туралы жан-жақты айтылған. Иоганың классикалық үлгісі саналатын сегіз сатылы иога мынадай сатылардан тұрады: яма; нияма; асана; пранаяма; пратяхара; дхарана; дхиана; самадхи.
Енді осыларға жекелей тоқталып көрейік. Алғашқы яма сатысында иогпен айналысуға бел байлаған адам жаман әдеттерден арылуға күш салады. Ол жаман әдеттер: ашу, нәпсі, сараңдық, тәкаппарлық сияқты адамның рухани дамуына кедергі келтіретін әдеттер.

Екінші – нияма сатысында иог жақсы және жаман нәрселер туралы түсінік алып, ақыл-ойын тазартуды қолға алады. Асана сатысында түрлі позаларда отыруға дағдыланады. Бұл бір қарағанда дене жаттығулары сияқты. Шындығында асананы меңгерген адамның бойындағы қан ағысы жақсарып, қуат алмасу қалыпқа түседі.

Пранаяма сатысында иог табиғи тыныс алуды меңгереді. Жүректе орналасқан жан он қуат ағысы арқылы тәнге таралып тұрады дейді веда ілімі. Тыныс алуды қалыпты жағдайға түсіру арқылы прана аталатын қуат ағымдарын бақылауға мүмкіндік болады. Алғашқы төрт сатыны – хатха иога деп атайды. Бұл негізгі иоганың кіріспесі, яғни іргетасы сияқты.

Иоганың биік шыңы

5-8 иог сатыларын раджа иога деп атайды. Яғни, бұл иоганың биік шыңы саналады. Сегіз сатылы иоганың тылсым кілті ең соңғы самадхи сатысында ашылады.
Бесінші – пратяхара сатысында иог ақыл-ойын сезімнен оқшаулауға күш салады. Алтыншы – дхарана сатысында ағылған ойларды тиып, негізгі бақылау нысанына ойын шоғырлайды. Жетінші саты – дхианада иогтың ақыл-ойы бағдарланған нысанда тұрақтанып, тереңдей түседі. Ал, самадхи сатысында ақыл-ой шоғырланған нысанмен бірігіп, оған еніп кетеді.

Раджа иоганың хатха иогадан айырмашылығы – мұнда сыртқы тәни жаттығуларға емес, ақыл-ойды қамтитын ішкі сезім жаттығуларына жете көңіл бөлінеді. Соған орай, раджа иогамен айналысқан адам ақыл-ойын бақылап, басқаруды үйренеді.

Патанджалидің пікірінше, табиғаттан тыс тылсым қасиеттің кілті соңғы үш сатыда, яғни, дхарана, дхиана және самадхиде ашылады, оны меңгеру арқылы адам тылсым қасиеттерге ие болады. Ондай қасиет дарыған жан қас-қағымда мыңдаған шақырым жерге бара алады, мыңдаған шақырым алыстағы басқа қаладағы адамның не істеп жатқанын көріп, ести алады, салмақсызданып, ұшуға, су астында сағаттап жүруге мүмкіндігі бар. Бір сөзбен айтқанда, оның бойында тылсым қасиеттер дамиды.

Бүгінде хатха иога кең таралған. Бірақ раджа иога тек Индияның аумағында таңдаулы адамдардың шағын тобында ғана дамыған. «Иога сутрада» иоганың ең басты мақсаты – денсаулықты жақсартып, тылсым қасиеттерге ие болу емес, Жаратқанмен арадағы байланысты қалпына келтіріп, әулиелік дәрежеге жету екендігі айтылады.

 

Пікір қалдырыңыз

Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники

Пікір қалдырыңыз

Яндекс.Метрика