665 көрілім

Сенім

16 Июл 2015 г.

Пікір ( 0 )

мақсатДәстүрлі діндердің бәрінде сенім ең басты орын алады. Тіпті, діннің екінші атауының (вера) да сенім болғандығы тектен-тек емес сияқты. Ұстанған дініне беріктіктің негізі осы сенімде жатқандығы анық. Бхагавад Гитада күмәнданған пендеге екі дүниеде де игілік жоқтығы айтылады.
Сенімге қарама-қайшы күмән сайтанның қолындағы пенделерге қарсы қолданатын ең қауіпті құрал болса керек. Санасын күмән билеген адам жалтақ, қорқақ және әркімнің жетегіне ергіш әлжуаз болып келеді. Күмән адамды уайым-қайғының құрдымына құлатып, түрлі қателіктерге бой алдыруға мәжбүрлейді.

Сеніммен тау қопаруға болады

Ежелгі грек ойшылы Платонның «сеніммен тау қопаруға болады» деген сөзі бар. Шындығында нық сенім болған жерде аспайтын асу, бағындырмайтын биік болмайтынын дәлелдейтін жайлар өмірде көп кездеседі. Өткен жылы жазда Лондонда олимпиада өтті. Сонда ауыр атлетикадан жарысқа шыққан бір жерлесіміз осының алдында ғана өткен республика біріншілігінде еш қиналыссыз ойнап жүріп көтерген салмақты үшінші рет әзер бағындырып, соның салдарынан медальсыз қалды.

Керісінше, Илья Ильин штангаға еш қорқынышсыз барып, екі жаттығу бойынша өзіне берілген алты мүмкіндіктің бәрін де тамаша пайдаланды және қарсыластарына еш мүмкіндік қалдырмай олимпиада чемпионы болды. Дәл сол жарыста Светлана Подобедованы әлем біріншілігінде сүріндірген ресейлік ауырт атлетші қыз алғашқы жаттығуда үш рет жасаған әрекеті де сәтсіз аяқталып жарыстан мүлдем шығып қалды. Бұған оның күші немесе жаттығуы жетіспеді деу дұрыс болмас, басты мәселе сананы билеген күмәнда, яғни нық сенімнің болмауында болғандығы анық.

Сенім мақсат биігіне бастайды

Сенім тек дінде ғана емес, күнделікті өміріміздің барлық салаларында да ауадай қажет. Сенім бізді арман-мақсаттарымыздың биігіне бастайды. Бойында нық сенімі болған адам ойына алған істі еш қобалжусыз, қорқынышсыз атқарады, соған орай бұл әрекет мүлтіксіз орындалады да, нәтиже сөзсіз келеді. Табысқа жетудің басты кілті де сенім екендігін бизнестің биігіне жеткен Киосаки, Баффет сияқты инвесторлар үнемі айтып жүреді.

Адамның бойында нық сенімнің қалыптасуы бір күнде келе салатын құбылыс емес. Сенімді нығайтуға ең алдымен діни парыздарды орындау, сауапты істер атқару көп көмегін тигізеді. Нық сенімнің негізі дін арқылы келетінін дәлелдейтін жайлар аз емес. Атеистердің арасында да өз ісіне сенетіндер кездеседі, дегенмен олардың сенімі уақытша және түрлі жағдайларға байланысты үнемі өзгеріп отырады. Ал діндар адамның Жаратқанға деген сенімі өле-өлгенше еш өзгермейді, қайта уақыт өткен сайын нығая бермек. Осыған орай, егер сіз бойыңызда нық сенім қалыптастырғыңыз келсе, имандылыққа талпыныңыз. Тек иманды адамның ғана сенімі берік болады.

Пікір қалдырыңыз

Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники

Пікір қалдырыңыз

Яндекс.Метрика