1 242 көрілім

ұзақ жасауБүгінде біз солардың қатарына жетсек деп армандап жүрген алдыңғы қатарлы дамыған елдердің азаматтарының маман психологтың көмегіне мұқтаждығы уақыт өткен сайын артып барады. Бұрын осындай бақуатты елдердің азаматтары отбасылық жеке дәрігер ұстайтын болса, енді әрбір адамның жеке психологы бар. Мұның себебі неде? Ең басты себеп, ғылыми-техникалық жағынан шарықтап дамыған бүгінге заман адамдардың алдынан түрлі қиындықтар мен кедергілер қоюда.

Психологтың қаншалықты көмегі бар?

Ғылыми жаңалықтар адам өмірін жеңілдетудің орнына онан әрі қиындатып, уақыт өткен сайын жаңа ауыртпалықтар әкелуде. Жұмыссыздық, әлсін-әлі әлемді тұқыртып кетіп отыратын қаржылық дағдарыстар, имансыздықтан туған адамдар арасындағы қарым-қатынастың шиеленісуі, ғылыми жетістіктерді пайдалану арқылы табиатпен байланыстың алшақтауы сияқты келеңсіз жайлар ақыл-санамызға үнемі ауыртпалықтар түсіріп, стресс деп аталатын дерттің әлемде ең кең тараған және жазылмайтын ауруға айналуына әкеліп соқтырып отыр.

Аурудан дәрігердің көмегімен және дәрі-дәрмек ішу арқылы жазылуға болмайтыны сияқты, ақыл-ойды тұмшалаған дерттен психолог маманның көмегіне сүйеніп құтылу мүмкін емес. Бұған өзін сыйлайтын әрбір адам психолог жалдап алатын дамыған шет елдердегі азаматтардың өмірі нақты дәлел бола алады. Қит етсе психолог шақырып, соның көмегіне иек артатын шет елдіктердің арасында соған қарамастан өзін өзі өлтіруге дейін жеткізетін депрессия деп аталатын дерттің белең алып кеткендігі туралы БАҚ айтып, жазып жатыр.

Дамыған елдердегі ахуал нені аңғартады?

Дамыған батыс елдерімен салыстырғанда экономикасы біраз артта қалған, бірақ діни және ұлттық салт-дәстүрін сақтайтын Азия елдеріндегі жағдай бұған қарағанда әлдеқайда жақсы. Азия елдерінде ажырасушылық, өмірден түңілу, өзіне өзі қол көтеру сияқты келеңсіз жайлар өте аз. Мәселен, Индияда ажырасушылық көрсеткіші 1 пайызға да жетпейді екен. Ал Батыс елдерінде бұл көрсеткіш 60-70 пайыздан асып жығылады.

Мұның астарында не бар? Бүгінде әлем елдерінде белең алып бара жатқан ақыл-ойға салмақ түсіретін дерттердің бәрі имансыздықтан, ата-бабадан келе жатқан ұлттық салт-дәстүр түріндегі ізгі қасиеттерден қол үзуден туған жасанды қиындықтар екендігі айдан анық.
Мұндай дерт өкінішке орай, соңғы жылдарда біздің елімізде де көбейіп келе жатқандығы байқалады.

Бүгінде бізде де психолог деген мамандарға сұраныс артып келеді. Таяуда әлеуметтік желі арқылы бір азаматтың психолог керек дегенін оқыдым. Өмірде кездесетін түрлі қиындықтардан психолог мамандардың ақылымен құтылуға болады деп санау шындыққа сәйкеспейді.

Стресстен құтылудың жолы — имандылық

Егер сіз ауырмай-сырқамай өмір сүргіңіз келсе, демалу мен тамақтанудың тәртібін сақтап, салауатты өмір салтын ұстаныңыз, дене жаттығуын жасап, мұздай суға шомылыңыз, осылай жасау арқылы денсаулығыңызды жақсартатыныңыз даусыз шындық. Дәл осындай шараны жасау арқылы денсаулықтарын жақсартып қана қоймай, бойларындағы жазылмайды дейтін дерттерден айыққан адамдарды білемін.

Сол сияқты егер сіздің жүйкеңіз жұқарып, өмірге деген ынтаңыз кемісе, бойыңызды күмән мен күдік, қорқыныш билесе, қысқасы ақыл-ойыңызға салмақ түссе, писхологқа иек артып, ақшаңызды және ең бастысы алтын уақытыңызды шығындамаңыз. Жүйке дертінен жазылудың сенімді және қарапайым жолы, имандылық десек, шындықтан алыс кетпеспіз. Салауатты өмір салтын ұстану арқылы денсаулықты жақсартуға болатыны сияқты, имандылық, яғни дін жолымен жүру арқылы ақыл-ой дертінен де айығуға болады.

Пікір қалдырыңыз

Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники

Пікір қалдырыңыз

Яндекс.Метрика