760 көрілім

кілтБір адамдардың жолы болғыш, мансапқа да, байлыққа да оңай қол жеткізеді, атақ-даңқы әлемді шарлайды. Ал миллиондаған, тіпті миллиардтаған адам тойып тамақ ішпейді, бір айлығы екіншісіне жетпей, кедейшілікте итшілеп тірлік кешеді. Табысқа жетудің құпиясы неде?

Өз еңбегімен байыған адам

Таяуда «Секрет» фильмінің авторы, миллионер, өзін жетілдіру тақырыбында біраз кітап жазған және жұртшылықпен кездесіп, осы тақырыпта лекциялар оқып жүретін ағылшын тілді әлем халқына кең танымал Брайан Треистидің сұхбатын тыңдадым.

Ол тағы да сол «Секрет» фильмінде айтылған жайларды әңгімеледі. Бүгінде бұл тәсілді пайдаланып, сол арқылы тұрмыс жағдайын ғана түзеп қоймай, түрлі дерттерден, жаман әдеттерден арылып, ойына алған мақсаттарына жетіп жатқан адамдар көп. Қазақ «жел болмаса, шөптің басы қимылдамайды» дейді. Яғни, Треиси мырзаның айтқандары шындыққа жанаспаса, оның тәсілін пайдаланып, табысқа жетушілер болмас еді.

Енді американдық Брайан Трейси деген кім, соған тоқтала кетейік. Ол кедей отбасында туып, өсіпті. Мектеп бітірген соң оқуын жалғастырып, университетке түспеген, оған жағдайы болмаған. Ол бір компанияға сатушы болып кіреді. Қызығы сол, таңның атысынан, қас қарайғанша тынымсыз жұмыс істеген оның табысы тамағынан артылмйды екен.

Ал, онымен бірге істеген біреу күніне екі-үш сағат қана жұмыс жасап, қалған уақыттарында мейрамхана, көңіл көтеретін орындарға барып, уақыт өткізіп жүреді. Соған қарамастан, ол күнұзақ жұмыс істейтіндерден ондаған есе көп табыс тауып жүріпті. Бірде Брайан әлгі адамнан осының себебін сұрайды. Сонда ол «бәрі де сата білуге байланысты, бұл дегенің ғылым, оны оқып үйрену қажет» дейді. Осыдан кейін Брайан менеджмент жөніндегі бірнеше кітаптарды сатып алып оқиды. Алған білімін тәжірибеде пайдалана отырып, көп ұзамай жақсы нәтижеге жете бастайды.

Брайан отбасы құрған соң алғаш рет өзінің шағын бизнесін ашады. Дегенмен, бірден жолы болып, тасы өрге домалай қоймайды. «Менің табысқа жетуімнің сыры мынада: мен табысқа жеткен адамдардан нәтижеге қалай жеткендігін сұраймын, содан кейін олардың тәжірибесін айна қатесіз қайталаймын» дейді ол. Сөйтіп, кедей отбасынан шыққан Трейси миллионер болады. Ол бұндай нәтижеге өз ақылымен, күшімен жеткен.

Өмір жолын ашатын түйсік

Табысқа жетудің қарапайым жолы ретінде Брайан Трейси мынадай тәсілді ұсынады: «Күнде таңертең ойыңа алған он түрлі мақсатыңды қағазға жазып қой және мұны күн сайын жасап отыр. Жазғанда мақсаттарыңды кешегіден көшірме, ойланып, бәрін қайта жаз. Күн сайын осылай ойыңа алан мақсаттарыңды жазып отырсаң, бұл ақпарат түйсігіңнің терең түкпіріне еніп, содан кейін Жоғары санаға беріледі».

Трейсидің айтуынша, түйсікке күнде сіңірілген ақпарат Жоғары санаға беріліп, содан кейін Жоғары сананың көмегімен адамның ойына алған мақсаттарының орындалуына жол ашылады. «Секрет» фильмінде бұл жайлы былай түсіндіріледі: Кеңістік немесе Жоғары сана дейміз бе, адамнан әрдайым «не тілейсің» деп сұрайды. Егер сіз арман-мақсатыңызды нақты тұжырымдап, «маған мынау керек» дейтін болсаңыз, Жоғары сана оның орындалуына қажетті жағдайларды жасайды.

Биік нәтижелерге жетіп жүрген адамдардың бар құпиясы – осы ғана екен. Олар былайғы жұрт сияқты өздеріне не керектігін де білмей, бастары қатып жүрмейді. Олар өздеріне мына өмірден не қажет екендігін нақты біледі және соған жетемін деп өздерін сендіреді. Ал, қалғанын түгел Жоғары сана жасайды. Жоғары сана біздің тілегімізді қабыл алып, орындауы үшін ол нақты болуы шарт. Ал нақты арман-мақсат күнде қайталанып отырғанда айқындалады. Брайан Трейсидің күн сайын қойын дәптеріңізге арман-тілектеріңізді жазып отырыңыз деуінің себебі де осында болса керек.

Түйін: Адам миының терең қатпарында орналасқан түйсік арқылы ойға алған небір таңғажайып арман-мақсаттарға жетуге болатыны жайында мол дәулетке қол жеткізіп, басқа салаларда да биіктен көрініп жүрген есімдері елге танымал тұлғалардың жиі айтып, жазатыны тектен тек болмаса керек. Түйсіктің осындай құдіретіне сенсіз бе, жоқ па – ол өз еркіңіздегі шаруа. Бірақ, бұл тәсіл сізден көп уақыт, қаржы, күш-қуат талап етпейді. Сондықтан, жасап көріп байқауыңызға болады.

Пікір қалдырыңыз

Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники

Пікір қалдырыңыз

Яндекс.Метрика