Тағы да тобырлық сана туралы

Емдік өсімдіктерден жасалған табиғи дәрілер мен дәрумендер, балалар мен ересектерге арналған брендтік киімдер, косметика, т.б. төмендетілген бағамен тапсырыс бере аласыз, Қазақстанның кез-келген аумағына жеткізіп береді. Толық ақпаратты мына сілтеме арқылы алыңыз:

https://akikat01.com/internet-magazin/

Ағаштың басында мың жапырақ болса, сол мың жапырақ мың түрлі. Бір-біріне егіз қозыдай ұқсайтын, қиықтары, көлемі, түсі бірдей екі жапырақты таба алмайсыз. Бір ағаштың басындағы жапырақтары сондай бір-біріне ұқсамайтын әртүрлі болса, осыған қарап Алла түрлі тіршілік иелерін бір-біріне ұқсамайтын ерекше жеке жан ретінде жаратқанын бағамдауға болады.

Тобырлық сана надандықтан туады

Таяуда елімізде короновирус деген кеселге шалдыққан адамдар табылып, бұл жұрт арасында біраз дүрлігіс туғызды. Интернетте, әлеуметтік желілерде «ойбай, несін айтасың карантин жарияланады екен, дүкендер, мекемелер түгел жабылады, азық-түлік қорын алып қою керек» деген даурықпа әңгімелер шықты. Осыған еліккен адамдар дүкендерге, базарларға барып, азық-түлікті қаптап алды.

Шынын айтқанда, бұндай жағдай елімізде бірінші рет болып отырған жоқ. Осыдан біраз жыл бұрын азық-түлік күрт қымбаттайды екен деген дақпыртқа еріп, дүкендердегі азық-түлікті түгел  талап әкеткен жағдай болған. Ол дақпырт кейін жалған болып шықты. Каспибанк банкрот болады-мыс деген дақпыртқа еріп, банктегі депозиттерін аламыз деп жанталасқан жұрт екі-үш күн қырылысып қала жаздағаны да есімізде. Ол да жалған әңгіме болып шықты.

Бүгін мен орталықтағы үлкен сауда үйіне бардым. Азық-түлік баяғысынша сөрелерде сіресіп тұр, баға да өзгермеген. Ал бірер күн бұрын қаптап азық сатып алғандар не ұтты? Әуреге түсіп, қалтасындағы соңғы ақшасын немесе біреуден қарыз алған ақшасын түгел жұмсағаннан басқа ештеңе таппағаны анық. Бұндай оқиғалар жоғарыда айтқанымыздай талай рет болған, бірақ әлгі пенделер содан еш сабақ алмаған және оны ұмытып кеткен.

Ұлы Абай «Көп айтса көнді, жұрт айтса болды, әдеті надан адамның» дейді. Яғни, жұрттың бәрі солай жасап жатыр, мен де солардан қалмайын деу, өз басымен, ақылымен шешім қабылдамау – бұл надандықтың белгісі. Надан адам ештеңені ойлап, басын ауыртпайды, жұрт не істесе, соны жасап жүре береді. Ол әрекет пайдалы ма, жоқ зиянды ма, оған қарамайды.

Өз ақылымен шешім қабылдамау, айналадағы жұрттың ықпалында жүру, солардың еркіне ойланбастан бағынау – тобырлық сананың нақты көрінісі осы. Тобырлық сананың ықпалындағы пенде психикалық жағынан әлжуаз, әлсіз болып келеді. Ондай адам әрбір істі жасағанда міндетті түрде айналасындағы туыс-таныстарымен ақылдасып, солардың дегенімен әрекет жасайды. Өз бетінше шешім қабылдау, әрбір әрекеті үшін жауапкершілікті мойынан алу – ондай адамға жат. Осыған байланысты, ондай жандар өз қателіктерін ешқашан мойындамайды, әрқашан ақыл берген өзгелерді кіналап, жауапкерішіліктен жалтарады.

Тобырлық сананың көріністері

Астанада түрлі жауапты мекемелерге барып, айқай-шу шығарып жүретін қаржы пирамидаларынан, үлескерлікпен үй салатын компаниялардан алданып қалғандардың бәрі өз әрекеттері үшін өзгені жазғыратын, жауапкершілікті мойындарына алудан жалтаратын жандар.

Қазақ тілінде өзін өзі дамытуға байланысты оқу курстарын өткізіп жүрген бизнесмен Бақытбек Нұрсила деген жігіт бар. Сол айтады: қырық жасқа дейін баспаналы болмаған адам, адам емес деп. Осыған әлеуметтік желілерде реніш білдіргендер болды. Шындығында, Бақытбек бауырымыздың айтқан сөзінде ащы шындық бар. Тобырлық сананың жетегіне ермей, өз ақылымен өмір сүретін, пайдалы істермен айналысып, өзіне залал тигізетін әдеттерден бас тартатын ақыл-есі дұрыс адам  қырық жасқа дейін қандай жағдайда да баспаналы бола алады. Оған біздің елімізде мүмкіндік – 100 пайыз бар.

Ал өз миымен ойламай, өзгелердің ақылымен жүретін жандар ешқашан жауапкершілікті мойындарына алмайды. Ал жауапкершілікті сезінбеген адам әрдайым бір жасаған қателігін он рет жасап, тегіс жерде сүрініп жүреді. Сондықтан, ондай адамдар өз қателіктері арқылы келген олқылықтардың себебін әрдайым өзінен емес, басқа жақтан іздейді. Оған айналасындағы адамдарды, мемлекеттік органдарды, билікті, ақырсында тіпті, Құдайды кіналайды. Қазақтың белгілі ақыны Сұлтанмахмұт Торайғыров айтқан «Жақсы болсам өзімнен, жаман болсам өзімнен» дегені бұндайлардың санасына ешқашан кірмейді. Олар өздерінің кедейлігін, жұмыссыздығын, баспанасыздығын, т.б. – бәріне өзгелерді, оның ішінде, ең алдымен үкіметті айыптап жатады.

Рас, біздің елімізде билікте жемқорлық белең алған, әділетсіздік те көп, дегенмен адал еңбек етіп, ақшасын жинап, сақтауды және көбейтуді меңгерген, пайдалы іспен айналысуға көңіл бөлетін, өзгелердің ақылымен емес, өз ақылымен өмір сүретін адамға қандай жағдайда да жол ашық. Егер байыппен айналаңызға қарасаңыз, бұған еш қиындықсыз көз жеткізе аласыз. Өйткені, табырлық сананың ықпалымен емес, өз  ақылымен өмір сүретіндердің бәрі  өмір әкелген қиындықтарды әрдайым жеңіп, жетістіктерге жетіп жүреді.

Пікір қалдырыңыз

Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники

Оставить комментарий

Жарнама
Жарнама
Яндекс.Метрика