1 216 көрілім

кілтДжиллиан Уиллердің сценариі бойынша түсірілген «Секрет» фильмі бүгінде әлемнің көптеген тілдеріне аударылып, миллиондаған адамның сүйіп көретін, тек көріп қана қоймай ондағы айтылған ережелерді ұстану арқылы өмір жолын өзгертетін бестселлерге айналды. «Секрет» фильмі (құпия) аты айтып тұрғандай, ұзақ уақыт бойы таңдаулылардың ғана игілігі болып келген жайды жария етіп, сіздің қолыңызға табысқа жетудің кілтін ұстатады.

Мен қалай оқуға түстім

Фильмде тілге тиек болған ереже-шарттардың шындық екендігін айғақтайтын жайлар менің басымнан да өткен еді. 1975 жылы мектеп бітіріп, алғаш рет жоғары оқу орнына құжат тапсырдым. Бірақ жолым болмай, алғашқы сынақтан-ақ сүрініп, чемоданымды арқалап ауылға қайтуға тура келді. Міне, сол 1975 жылы басталған абитуриенттік өмірім табаны күректей алты жылға (оның екі жылы әскер қатарында өтті) созылды. Мен 9 рет құжат тапсырып, сынақтан сүріндім, жалпақ тілмен айтқанда құлап қалдым. Тек оныншы рет жолым болып, студент атандым.

Қызығы сол, мен қанша құлап жатсам да, алған бетімнен қайтпай, оқуға түсем деген сенімнен айрылмадым. Санамның терең түкпірінде жоғары оқу орнына қайтсем де түсемін деген сенім жатқан еді. Сол сенім мені алған беттен қайтпай, қайта-қайта оқуға құжат тапсырып, ақыр соңында университет студенті атануға жеткізді.

1980 жылы менімен бірге сыныптас досым да оқуға құжат тапсырды. Ол оқуға түсетініне кәміл сенімді еді. Бірақ жолы болмай алғашқы сынақтан құлап қалды. Содан күдер үзген ол оқу атаулыны жиып қойып, қара жұмысқа ден қойды. Қазір мен республикалық белді бір басылымда қызмет етемін, әлгі досым ауылда тұрады. Жұмыссыз. Егер мен де сол сияқты бір рет құлаған соң күдер үзіп, оқуды тастасам не болар еді?

Табысқа жетудің кілті — құлышыныс пен сенім

«Секрет» фильмінің авторы табысқа жетудің кілті оған деген үлкен құлшыныс пен сенім дегенді айтады. Сіз алдыңызға бір мақсат қойып, соған жетуге талпынсаңыз, жәй талпынып қоймай үлкен құлшыныспен талпынсаңыз және қанша қиындықтар мен кедергілер кездесіп жатса да алған бетіңізден қайтпай, нәтижеге жететініңізге сенсеңіз, міндетті түрде табысқа жетесіз. Табысқа жетудің кілті – құлшыныс пен сенім дейді Джиллиан Уиллер. Кедейшілік тауқыметін тартқан ол осы құпияны жүзеге асырудың арқасында миллионерге айналып, қазір миллиондаған адамдарға табысқа жетудің құпиясын үйретіп жүр.

Адамның санасында ондаған, жүздеген ой-арман бар. Бірі келіп, бірі кетіп жатады. Өмірде қиындықтан көз аша алмайтын пенде өзіне не қажет екендігін, қандай мақсаты барлығын өзі де білмейді. Ондайлар әдетте әрнәрсенің басын бір шалып, не істеп, не қойғандарын білмей тірлік кешеді. Табысқа жетудің кілті – сіз алдыңызға нақты бір мақсат қойып, сол мақсатқа жетемін дегенді санаңызға күн сайын берік сіңіруіңіз және әрекет жүзінде талпынуыңыз қажет. Сонда талпынысыңыз күндердің күнінде нәтижделі болып, мақсатыңызға жеткізеді. Табысқа жетудің қарапайым және ең сенімді жолы – осы дейді әлемге таралған бестселлердің авторы.

 

Пікір қалдырыңыз

Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники

Пікір қалдырыңыз

Яндекс.Метрика