735 көрілім

61Ақша билеген қазіргі нарық заманында адамдардың басым көпшілігі көңілі қалаған жұмыспен емес, табысы мол іспен айналысқанды жөн санайды. Бірақ шындық мынадай: сіз көңіліңіз қалаған іспен айналыспасаңыз, сол айналысқан салаңызда биік табысқа жете алмайсыз. Бұл – бұлтартпас шындық.

Өмірден орыңды тап

Мен ҚазМУ-ді сырттай оқып бітірдім. Оқи жүріп түрлі жұмыстар атқаруға тура келді. Бірақ ол жұмыстардың бір де бірі көңілімнен шықпады. Сондықтан болар, бір мекемеде бірер жылдан артық істемей, үнемі жұмысымды ауыстырып жүрдім. Сөйтіп, мен көңілімнен шығатын жақсы жұмыс тапқым келді. Бірақ, ондый жұмыс таба алмадым.

1987 жылы университетті бітірген соң жолдама алып, ауыл мектебіне мұғалім болып бардым. Бұрын істегендей қара жұмыс емес, мұғалімдік шығармашылықты талап ететін қызмет болғандықтан, көңілімнен шығар деген үмітім, дегенмен ақталмады. Мектепте істеп жүрген кезімде аудандық, облыстық газеттерге мақалалар жазып жүрдім. Содан бір белгілі журналист маған «қабілетің бар екен, мектепті тастап, газетке кел» деп қолқа салды.

Оның айтқаны қамшы болып, 1988 жылы жазда аудандық газетке қызметке кірдім. Міне, осы кезден бастап мен өмірден орнымды таптым деп айта аламын. Өйткені, газет жұмысы көңілімнен шықты. Содан бергі өтен 28 жылда мен мамандығымды өзгерткен жоқпын. Аудандық, облыстық, республикалық газет-жорналдарда қызмет істедім. Мамандығыма да, қазіргі жұмысыма да көңілім толады. Ең бастысы, жаның қалаған іспен айналысқандықтан, содан кәдімгідей қанағат сезімін табасың.

Ақша табу – басты мақсат болмауы керек

Мен осы өмірімде көптеген адамдармен кездесіп, араластым. Сонда байқағаным: ақшаны, яғни байлықты бәрінен жоғары қоятындар ешқашан бақытқа жете алмайды екен. Өйткені, ондайлар неғұрлым көп ақша тапқан сайын арандары ашылып, онан да көбірек тапсам деп тыраштанумен күн өткізеді. Олар, тіпті сол тапқан ақшаларының рахатын да дұрыстап көре алмайды.

Менің бір танысым бар, ірі кәсіпкер. Әлгі өз кәсіпорнының аумағында тұрады, одан аттап сыртқа шықпайды. Өмірі демалыс алып, бір жаққа барып демалған емес. Қысы-жазы өз меншігіндегі кәсіпорнының ішінде жүреді. Оның отбасы басқалармен араласпайды. Кейде оны үйінің қарсысындағы  қымбат мейрамханаға барып, әйелі екеуі тамақтанып шығатынын көремін. Жазда анда-санда өзенге барып қармақ салады. Оның бар «қызығы» осы.

Адам өзі айналысатын ісінен қанағат тапса, ол адам жұмысын ешқашан тастамайды және оны барын салып істейді. Ал бар күш-қайратын, қабілет-қарымын жұмсап жасаған шаруаның нәтижесі қашанда жақсы болмақ. Бұның өзі әлгі адамға қаласын-қаламасын жақсы нәтиже, соған орай жақсы табыс әкеледі. Мысалы, менің жаным қалаған жұмыспен айналысатыным өз алдына, табысым да жаман емес. Бірге қызмет ететін адамдардың арасында мамандығын ақша табудың құралы деп санайтындар бар. Олар әдетте жұмысын еш құлықсыз жасайды, соған орай нәтиже де жаман болады. Ал нәтиже дұрыс болмағандықтан, табыстары да оншалықты емес. Бұл – мен күнделікті өмірден көріп жүрген шынайы жайлар.

Түйін: өзіңізге Жаратқан тарапынан сый ретінде берілген өміріңізді дұрыс, қызықты, мағыналы өткіземін десеңіз, жаныңыз қалаған іспен айналысыңыз. Сонда нәтиже де, табыс та, бақыт та, абырой да болады. Бұл – АҚИҚАТ.

Пікір қалдырыңыз

Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники

Пікір қалдырыңыз

Яндекс.Метрика