1 473 көрілім

«Қарамаса әйел, бақпаса мал кетеді» деген сөз бар қазақта. Сол сияқты денсаулықты да күтіп, тәннің саулығына көңіл бөліп жүрмесе, ауру-сырқау белең алып, денеңді дерт жайлап алуы оп-оңай. Тіпті, темірден жасалған машинаны да күтіп ұстамаса, тез тозып сынып, істен шығатыны белгілі.
Өкінішітісі сол, адамдардың басым көпшілігі денсаулықтарын тек ауырған кезде ғана еске алып жатады. Ондайлардың денсаулықтарын сақтау үшін жасайтын жалғыз тәсілі – емханаға барып, дәрігер жазып берген бағасы удай қымбат дәрі-дәрмекті сатып алып ішу ғана.

Ауырып ем іздегенше, ауырмаудың жолын ізде

«Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» деген сөз бар. Ауырмаудың жалғыз амалы – салауатты өмір салтын ұстанып, тамақтану мен демалу тәртібін сақтау екендігі даусыз шындық. Ауруханада емделіп, дертінен құлан-таза айығып жатқан адамдарды көрдіңіз бе? Жоқ. Бүгінгі медицина ғылымы тек ауруды аздап әлсіретіп, уақытша тоқтатуға ғана негізделген.

Ауырып, емханадан ем алған соң аздап жазылған сияқтанғаныңызбен, біраз уақыт өткенде әлгі науқас тағы да бас көтереді. Мәселен, қант диабеті, қан қысымы сияқты аурулар тек дәрінің күшімен өмір кешуде. Осыған орай, ауруханаға қашан барсаң да қаптаған кезек күткен адамдарды көресіз.

Аюрведа

Негізі өте ерте заманда қаланған аюрведа ілімінің бүгінгі медицинадан басты айырмашылығы – ауруды уақытша тоқтатуға емес, оның салдарын түпкілікті жоюға бағыт ұстануында.
Ежелгі үнді жерінен бастау алған аюрведа ғылымы адам денсаулығын 4 өлшем бойынша қарайды: бірінші, тәннің саулығы, екінші, психикалық жағынан саулық, үшінші, интеллектуалдық деңгейі, төртінші рухани даму. Үйдің төрт қабырғасы болатыны сияқты, аюрведа ілімі адам осы төрт өлшемде ырғақты дамыса ғана сау болып саналады деп түсіндіреді.

Аюрведа мамандарының айтуынша, күн тәртібін сақтау арқылы ғана бойыңыздағы дерттің 50 пайызынан еш дәрі-дәрмексіз құлан-таза айығуыңызға болады. Аюрведа ғылымына сай күн тәртібі деген белгілі уақытта тамақтанып, ұйықтау ғана емес, ең алдымен табиғат белгілеген уақыт өлшеміне сай іс-әрекет етуге дағдылану болып табылады.

Аюрведа ілімі уақыт кезектесіп келіп отыртын 3 табиғат элементінің ықпалында болады дейді. Кешкі сағат 20.00-ден түнгі сағат 2.00 аралығында от (пита) қуаты үстемдік етеді. Негізінен кешкі сағат 22-ге дейін ұйқыға жату керек дейді аюрведа мамандары. Өйткені, жүйке жүйесі тек кешкі сағат 22-24 аралдығында ғана демалады екен.

Сондай-ақ, осы уақыттағы әр сағат ұйқы екі сағатқа тең келеді. Түнгі сағат 2-ден таңғы 6-ға дейін ауа (вата) қуаты үстемдік етеді. Ауа жеңіл болатындықтан, бұл кездегі ұйқы да жеңіл өтеді. Адам тез ұйықтап, қайта-қайта ояна береді. Сондықтан, түнгі сағат 2-6 аралығында ұйқыдан ояну қажет. Сонда сіз ұйқыңызды жеңіл ашасыз және күнұзақ өзіңізді сергек сезініп жүресіз. Ал таңғы 6-10 аралығында су (капха) элементі үстемдікке ие болады.

Су ауыр болатындықтан, бұл кездегі ұйқы да адамның еңсесін езіп, басын ауыртпақ. Таңғы алтыдан кейін оянсаңыз ұйқыңызды аша алмай, көп уақыт мең-зең күйде жүресіз. Күндізгі 10-14 аралығында от элементі,14-18 аралығында ауа, 18-22 аралығында су элементі үстемдікке ие болады.

Тамақтану тәртібі

Аюрведа тамақты қорытуға от элементінің үлкен ықпалы болатындығын айтып, таңертең күн енді шығып келе жатқан кезде аздап қана тамақтанып, ал күн тастөбеге көтерілген түс уақытында қарныңыз тойғанынша ауқаттану қажеттігін, күн батқан кешкі уақытта жеңіл-желпі салат, жеміс-жидек жеумен шектелу керектігін айтады.

Күн адамның ішкі ас қорытуға ықпал ететін от элементінің жақсы жұмыс істеуіне әсер етеді дейді аюрвед дәрігерлер. Соған орай, сіз күн төбеге көтерілген түс уақытында тойып тамақтансаңыз, тамақты қорытуға аз қуат жұмсалып, тез сіңірілмек. Керісінше, күн батқаннан кейін түн мезгілінде тоя тамақ ішсеңіз, ол толық қорытыла алмайды және асты сіңіруге адам ағзасы өте көп қуат жұмсайды. Сондықтан да жатар орынға тоя тамақ ішетіндер күнұзақ шаршап, өздерін әлсіз сезініп жүреді.

Денсаулықты сақтаудың осы бір қарапайым тәсілін, яғни аюрведа іліміне негізделген тамақтану мен демалудың тәртібін сақтасаңыз, көп дерттен аман болып, ең бастысы өзіңізді қашанда сергек, жақсы сезініп жүрмексіз.

Пікір қалдырыңыз

Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники

Пікір қалдырыңыз

Яндекс.Метрика