24 көрілім

Дәстүрлі діндердің бәрінде тапасье, яғни Алланың разылығы үшін фәни игіліктерден ерікті түрде бас тарту бар. Ислам дінінде бұл қасиетті рамазан айында 30 күн ауыз бекітіп, ораза ұстаудан көрінеді. Мұсылман баласы Алланың разылығы үшін ерікті түрде бір ай бойы ас-судан тыйылады. Христиан дінінде қасиетті  пасха мейрамының алдында 40 күн ауыз бекіту шарты бар. Мұндай шарттар буддизм және индуизм діндерінде де бар.

Тәркі етушілік не береді?

Жаратқанның разылығы үшін  фәни дүниенің қызығынан бас тарту не береді?  Енді осы мәселеге жан-жақты тоқталып көрейік. Қасиетті Құранда «Мен жын мен адамзатты Өзіме құлшылық етулері үшін жараттым» деген аят бар. Осыдан ұғарымыз: адам баласының ең басты міндеті Аллаған құлшылық ету. Ал отбасы құру, байлық, мансап, атақ-даңқ – бұның бәрі адамның нәпсісін қанағаттандыратын нәрселер.

Бһагавад Гитада барша тіршілікті Жаратқаннан аулақтатып тұрған күш – нәпсі екендігі айтылады. Оттың түтінсіз болмайтыны сияқты, әрбір тіршілік иесі белгілі дәрежеде нәпсіге байланған. Нәпсі біздің Алланың алдындағы ең басты парызымыз – Оған құлшылық етуімізге кедергісін келтіреді. Нәпсі адамның ақыл-ойын, сезімін билеп, фәни дүниенің игіліктері үшін бар уақыты мен күш-қуатын сарып қылуға мәжбүрлейді. Сондықтан да, Пайғамбарымыз  нәпсіге қарсы жихад қиямет қайымға дейін созылатынын айтқан.

Алланың разылығы үшін тәркі етушілік – сол санамызды билеген нәпсінің бұғауынан шығуымызға көмектеседі. Сондықтан, барлық дәстүрлі діндерде тәркі етушіліктің рөлі өте жоғары болып есептеледі. Тәркі етушілік арқылы адам санасын билеген нәпсі бұғауын әлсіретіп, бойына рухани күш-жігер жинайды. Неғұрлым көп тәркі етушілікпен айналысқан адам, соғұрлым нәпсіге бой алдырмайтын рухани күш-жігер табады.

Дәстүрлі діндердегі тәркі етушілік

Ислам дінінде қасиетті рамазан айында ұстайтын оразадан басқа да бірқатар тәркі етушіліктер бар. Ол – некеден тыс жақындықтан бас тарту, арақ-шарап сияқты мас қылатын ішімдіктерден бас тарту, құмар ойындарынан бас тарту, Алланың атын айтып сойылмаған мал етін жеуден бас тарту сияқты тыйымдар арқылы көрінеді. Осы тыйымдардың бәрін қатаң сақтайтын адамның бойында ақырындап нәпсіге қарсы тұрар ерік-жігер қалыптасады.

Христиан дінінде ораза ұстап ауыз бекіту, зинадан, құмар ойындарынан, басқа да күнаға жетелейтін әрекеттерден тыйылу сияқты тәркі етушілітерден басқа, монахтық  түріндегі тәркі етушілік те бар. Ер және әйел адамдарға арналған монастрде тұратын монахтар дүниені баз кешіп, бар өмірін Жаратқанға құлшылық етуге арнайды. Монах ер және әйел адамдар ешқашан үйленбейді, жыныстық жақындыққа бармайды.

Осындай монахтық буддизм және индуизм дәндерінде де бар. Енді осы монахтық жайына кеңірек тоқтала кетейік. Орта ғасырларда христиан дінінде дүниені тәркі етуші монахтар өте көп болған. Солардың бірі 16 ғасырда Италияда өмір кешкен Симеон Столпник. Ол 33 жыл бойы биіктігі 6-7 метр, диаметрі 7-8 метрдей болатын тас тұғырдың үстінде бар өмірін құлшылық етумен өткізген. Оған күн сайын бір үзім нан мен бір құмыра су әкеліп берген, ал ол қысы-жазы тас тұғырдың үстінде ашық аспан астында құлшылық етумен ғұмыр кешкен. Өзіңіз ойлап көріңіз: Италияда біздегі  сияқты 30-40 градус суық болмайды, дегенмен қыс айларында 10-15 градус суық болады. Оған қоса жаңбыр көп жауады. Міне, соның бәріне қарамастан, ашық аспан астында 33 жыл бойы, өмірінің соңына дейін Аллаға құлшылық етумен өткен адамды кім деуге болады?

Буддизм дінінде бекінді монах дегендер бар. Олар айлап, жылдап таудағы үңгірлерде күндіз-түні дұға оқып, ақыл-ойларын бақылап, басқаруды үйренумен уақыт өткізген. Бұндай бекінді монахтық қазіргі күнге дейін жалғасып келеді. Бекінді монахтардың бірі былай дейді: «Денең сиятында ағаш қораптың ішінде молдасыңды құрып отырасың. Аптасына бірнеше дән мен аздап су ғана ішесің. Ұйқы қашады. Күндіз-түні сол молдасыңды құрып отырып ақыл-ойыңды  бір нысанға шоғарлайсың және дұға оқисың. Бұндай тәркі етушілік  негізінен 3 жыл, 3 ай, 3 апта, 3 күнге созылады» дейді. Енді мынаған назар аударып көріңіз: күндіз-түні ағаш қорапта молдасыңды құрып, айлар, жылдар бойы отыруға кім шыдайды?

Ислам дінінде  христиан, буддизм, индуизм діндеріндегідей бекінді монахтық жоқ. Ислам тарихындағы  Жаратқанның разылығы үшін бар дүниені тәркі еткен жалғыз адам – ол Қожа Ахмет Яссауи бабамыз болған. 63 жасында өз еркімен жер астындағы адам сыярлықтай ғана кішкене үңгірге кіріп, сонда күндіз-түні Құдайға құлшылық етумен өмірін өткізген. Осындай бар дүниені баз кешіп, тәркі етушілік арқылы адам нәпсінің құлдығынан құтылып, Аллаға жақындайды. Ондай адамдар әулие болады. Бойларына түрлі тылсым күштер орнығады.

Өкініштісі сол, қазіргі күні христиан дінінде де бекінді монахтық өзінің алғашқы мәнін жоғалтып алды. Тек буддизм мен индуизм діндерін ұстанушылар арасында Жаратқанның разылығы үшін бар дүниені баз кешкен тәркі етушілік сақталған. Ал ислам дінінде ондай тәркі етушілік мүлдем жоқ.

Пікір қалдырыңыз

Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники

Пікір қалдырыңыз

Яндекс.Метрика