73 көрілім

Ұлы Абайдың «көп айтса көнді, жұрт айтса болды, әдеті надан адамның» деген сөзі тобырлық санаға берілген дәл баға болса керек. Өзін өзі жетілдіру ғылымының докторы Сайдмұрод Давлатовтың пайымынша, тобыр ешқашан биіктерге жетпейді және үлгі алатын жақсы нәрселер жасамайды. Сондықтан, тобырдың ішінде болып, соларша ойлап, әрекет жасау арқылы адам ешқашан, ешқандай нәтижеге жетпек емес.

Өз ақылыңмен ойлап үйрен

Жұрттың бәрі солай жасап жатыр, мен де солай жасайын деген ұстаным адамды ешқашан жақсылыққа жеткізбейді дейді Сайдмұрод Давлатов. Сондықтан, ол тобырлық санадан құтылып, өз бетіңше ойлап, шешім қабылдауға дағдылану арқылы ғана нәтижеге жетуге болатынын айтады.

Шетелдік байлар балаларын оқытатын арнайы мектепте ең алдымен, оларды өз бетінше ойлап, үйренуге машықтандырады екен. Олардан бір сауал бойынша жауап беру талап етіледі. Бірақ қойылар талап мынадай: әр бала ешкімге ұқсамайтын өз жауабын беруі тиіс. Мейлі ол жауап дұрыс бола ма, қате бола ма – мәселе онда емес. Бар мәселе – жауаптың басқаларға ұқсамайтындығында және әр баланың өз жауабының болуында.

Міне, осындай тәсілмен оқып, тәрбие алған бала өзінше жеке тұлғалығын сақтайды және қай мәселеде де өз ұстанымы болады. Яғни, бұндай бала жұрт солай жасап жатыр, солай ойлайды, сондықтан мен де солай жасауым керек дейтін қазіргі қалыптасқан тобырлық санадан аулақ болып өседі.

Тобырлық сана несімен қауіпті?

Еліміздің бас мүфтиінің ұйғарымымен қазір барлық аймақтарда өлген адамға ас бергенде аста-төк ысырыпшылдықты тыйатын шаралар қолға алынды. Бұл өте құптарлық іс. Өйткені, соңғы жылдарда ас беру тойға ұқсап адамдар мүлдем шектен шығып кеткен еді. Жақыны өліп, қайғы жұтқан үй оны жөнелту жайын ойлаудың орнына енді келетін жүздеген адамға аста-төк дастархан жайып, қарсы алудың қамын жеп бастары қатады.

Ақмола облысының біраз өңірлерінде өлген адамға берілген астан кейін дастарханда қалған тағамдарды түгел түгін қалдырмай сыпырып-сыйырып пакетке салып әкету әдеті берік қалыптасқан. Сырт қарағанда бұл күлкілі ғана емес, өте сорақы болып көрінеді. Өлген адамның асына келгенді ұмытқан адамдар тағамға таласып, жылы-жұмсақты алып қалу үшін жанталасып жатқанын көру қынжыларлық-ақ нәрсе.

Жә, ас берудегі сұмдықтар бас мүфтидің бастамасымен аздап тыйылғандай болды. Ал, тойдағы сорақылықтар одан әрі жалғасып, тіпті шектен шығып барады. Биыл көктемде біреу тойында 180 мың долларға торт жасатыпты. Арбамен сүйретіп әкелген әлгі тортты сол тойға жиналғандар жеп тауыса алмайтыны белгілі. Яғни, қалғаны қоқысқа тасталады деген сөз. Қыруар ақша сөйтіп қоқысқа кетеді.

Ал енді бір тойлардағы ұзын лимузинді мейрамхананың ішіне айдап кіріп немесе мейрамхана ішінде атқа салт мініп ойқастап жүру – даңғазалықтың шектен шыққан көрінісі екендігі анық. Тойда ірі купюраларды шашу қылып шашу дегенді қандай ақылға сыйғызуға болады?

Асабалардың есуастығы тіпті, шектен шығып кеткен сияқты. Жастары елуге келген қазақтың сарықарын әйелдері бұттарының арасына баклашка қыстырып алып жүрелеп отырып жүгіруден жарысқа түседі. Көзіңізге елестетіп көріңізші. Бала-шаға, шал-кемпір бұттарына баклашка қыстырған әйелдерге қарап тамашалап тұрады.

Ал түрсиден басқасының бәрін шешіп тастап, ортаға шығып, келіншектермен ойқастап билеген жалаңаш еркектердің әрекетін не деуге болады? Әйел мен еркектің бір біріне қарап итіңдеп, төсек жақындығының ең анайы сәттерін бейнелеген биін қалай бағалайсыз? Ақырсоңында, ақыл-естен жұрдай болғандар жастардың үйлену тойына жалаңаштанып билейтін стриптиз қыздарды шақыртып, солардың өнерін жұртқа ұсынып жататындарна не дерсің.

Осылардан көріп отыранымыздай, той ысырапшылдыққа ғана ұшыратпай, адамдарды аздырып-тоздырып, ақыл-естен айырып, есуастыққа, арсыздыққа итермелеуде. Осылай жалғаса берсе, адамдар ар-ұяттан жұрдай болып, ертедегі Римдіктер сияқты бала-шағасы, шал-кемпірі араласып топты секс дегенді жасап жатса, оған таңырқауға болмас. Біздің есуас тамадалар адамдарды сондай есуастыққа ақырындап бастап әкеле жатқан секілді.

Біреудің ақылымен емес, өз ақылыңмен жүр

Бір танысым мерейлі жасқа толып, соған той жасады. Соның алдында ғана менің тойдың ысырапшылдық екендігі туралы жазған мақалам жарияланған еді. Әлгі танысым маған «сен мені той жасамасын деп әдейі жазып отырсың» деп ренжігені. Сен туралы жазған жоқпын десем болмайды. Сөйтіп ол ақыры той жасап тынды.

Биыл жазда мен де мерейлі жасқа толдым. Бірақ жұрттар сияқты мерейтой жасаған жоқпын. Оның орнына өзіме жақсы сыйлық жасадым. Жылына 20 пайыз валютамен өсім әкелетін депозит ашып, соған 1000 евро салып қойдым. Әлгі танысым тойға 400 мың теңгедей ақша жұмсапты. Мен де депозитке 400 мың теңгедей ақша салдым. Екеуінің айырмасы мынада: оның жұмсаған ақшасы далаға кетті, жұрттардың өтірік мақтауы мен тілектерін естігеніне мәз болды, сонымен бітті. Ал мен салған депозит ай сайын ақша түсіріп тұр. Қайссы дұрыс?

Түйін: тарихты жасайтын тобыр емес, жеке тұлғалар. Тарихқа назар аударсаңыз, бұған көзіңіз анық жетеді. Тобырлық санаға мойынсұнбаған жеке тұлғалар әрдайым қоғамды өзгертіп, оны биіктерге бастап отырған. Егер сондай жеке тұлғалар болмаса, біз тағылық деңгейде мәңгі қалар едік. Сондықтан, ақылыңыз болса, тобырлық санаға мойынсұнбаңыз, өз ақылыңызбен ойлап, әрнәрсені өз бетіңізше шешуге дағдыланыңыз. Сонда екі дүниенің де игілігіне кенелетін боласыз.  

Пікір қалдырыңыз

Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники

Пікір қалдырыңыз

Яндекс.Метрика