915 көрілім

дінБілім жарық нұр сияқты, ал надандық қараңғы түнек іспетті. Қараңғыда жүрген адам әлдебір шұңқырға түсіп кетемін бе немесе басымды жартасқа соғып аламын ба деп үнемі қорқынышта жүреді және ештеңе көрінбейтіндіктен, шынында да қадам басқан сайын әлденеге соғылып, қатерге ұшырап жатады. Ал жарықта жүрген жан айналасының бәрін алақанға салғандай көріп тұратындықтан, еш қатерсіз еркін жүреді. Білімді мен білімсіздің халі де дәл осыған ұқсас болады.

Толық білім деген не?

Айналасын сипаланып жүріп танитын соқыр сияқты қазіргі материалистік білім де шегі, шеті жоқ табиғатты зерттеу арқылы ақылмен танығылары келеді. Бұның өзі толайым қате жол, сондықтан матриалист ғалым ешқашан толымды білімге ие бола алмайды. Енді қалған жол – дін жолы. Дінге негіз болған қасиетті кітаптар – Алла тарапынан түскендіктен, ол толымды білім бере алады. Өйткені, барша әлемнің әміршісі де, жаратушысы да Алла. Жалғыз Алла ғана барша әлемді толық біледі. Сондықтан Жаратқан тарапынан түскен қасиетті кітап – толымды білім көзі болып табылады.

Бірпақ осы арада мынадай сауал туындайды: «егер қасиетті кітаптар толымды білім бере алатын болса, онда сол кітаптарды оқып, сол кітаптар ұсынған қағидамен жүретін бүгінгі дәстүрлі дін өкілдері неге адасады?». Мәселен, бес уақыт намаз оқып, ораза ұстайтын, Құран шариғатымен жүретін мұсылман неге ар ұялатын теріс әрекет жасайды? Оған мысалды мыңдап, тіпті миллиондап келтіруге болады.

Бұның себебін бір ғана сөзбен түсіндіруге болады: БІЛІМСІЗДІКТЕН. Яғни, НАДАНДЫҚТАН. Бес уақыт намаз оқу, шариғат жолымен жүру немесе қасиетті кітапты жаттап алу ТОЛЫМДЫ БІЛІМ бермейді. Мәселенің мәнісі мынада: сіз қасиетті кітапты түсініп, оның терең мәніне бойлауыңыз, оны жүрегіңізден өткізуіңіз шарт. Міне, сонда ол білім сіздің санаңызға толық еніп, санаңызды билеп алады. Осындай жағдайда адамның барлық әрекеттері, сөзі және ойы – түгел сол білім шеңберінде жасалады.

Бұған көз жеткізу үшін мен айналамдағы адамдарды немесе ертеде өтіп кеткен әулиелерді мысалға келтіріп, басыңызды ауыртқым келмейді. Мысал ретінде мен өзімді аламын. Мен намаз оқымаймын, ораза ұстамаймын, қажыға барғаным жоқ. Бірақ мен қасиетті кітаптарды (кітапты емес) оқимын, соларды түсінуге тырысамын және дәстүрлі діндердің, атап айтқанда ислам, хритсиан, иудей, буддизм және индуизм дәндерін бірдей Алладан келген ақиқат деп қабылдаймын және сол діндердің қасиетті кітаптарын түгел оқып, түсінуге күш саламын. Міне, бар әрекетім осы ғана. Ал нәтижесі қандай?

Мен зина жасамаймын, арақ-шарап ішпеймін, темекі тартпаймын, есірткі қабылдамаймын,  ұрлық  істемеймін, құмар ойындарын ойнамаймын, адал еңбегіммен күн көремін, адамдармен сыйласып, дұрыс қатынас жасаймын, ешкіммен ұрыссып, жанжалдаспаймын, мансапқа, атаққа, байлыққа құмар емеспін, күнім үшін жағымпазданбаймын,  шындықты айтуға тырысамын, т.т. Осыдан байқап отырғандарыңыздай, мен намаз оқып, ораза ұстайтын, тіпті Құранды түгел жаттап алған, қажыға барғандармен салыстырғанда біршама дұрыстау адам сияқтымын. Әрине, өзім туралы сондай мақтанышпен айту ыңғайсыз нәрсе, дегенмен, айналамдағы мені жақсы білетін жандардың мен туралы пікірлері осыған саяды.

Оған мысал келтіре кетейін. Таяуда бірге қызмет ететін екі-үш жігіт арақ ішіп отыр екен. Байқаусызда үстеріне кіріп қалдым. Әлгілер мені көргенде қатты ыңғайсызданды. Өйткені менің арақ ішпейтінім өз алдына, арақ ішкендерді  ұнатпайтынымды жақсы білетін. Содан біреуі  бүгін бір жолдасым келіп, қуанышы үшін арақ әкеліп еді, соны тастау ыңғайсыз болды деп ақтала сөйледі. Әрине, мен оның бастығы емеспін, оған бұл үшін ештеңе жасамаспын да, дегенмен арақ ішпейтін адамның алдында мынауымыз ыңғайсыз болды-ау деп ұялып жатқанының астарында  мына кісі тақуа адам деген ой жатқаны анық. Мұндай мысалдарды біраз келтіруге болады. Дегенмен, мақсат өзімді тақуа, пірадар деп дәлелдеу емес, толымды білімді қайдан, қалай алуға болатынын түсіндіру болғандықтан, әңгімені осы арадан үзгім келеді.

Қасиетті кітаптар адам жанын тазартады

Мен, міне жиырма жылдан астам уақыттан бері діни философиямен айналысып келемін. Бұл үшін ешкім ақша төлдемейді, ұстазым да жоқ. Бұны өзім үшін, немесе қарапайым тілмен айтқанда хобби ретінде айналысамын. Яғни, сонымен айналысу арқылы қанағат табамын. Осы уақыт ішінде көптеген діни кітаптарды оқыдым. Сонда түйгенім: әлемде бес дәстүрлі дін бар және олардың бәрі Алладан келген ақиқат діндер. Олардың бәрінің қасиетті кітаптары, пайғамбар, әулиелері бар. Солардың бәрін сыйлап, құрмет тұтсаңыз және бір-бірінен бөліп-жармай оқып, ақиқатты танығыңыз келсе, сонда  АҚИҚАТ санаңызды ақырындап сәулелендіреді. Санаңызға сәуле түскен сайын, күмәніңіз азайып, сеніміңіз күшейе бастайды. Тағы бір айтарлық жай, бойыңызда қайрымдылық, кішіпейілдік, тазалық, сыпайылық, сабырлылық сияқты жақсы қасиеттер көбейе береді.

Сіз сенсіз бе? Мен жиырма жыл бұрын мүлдем басқа адам едім. Мінезім, көзқарасым, ұстанымым мүлде басқа болатын. Ал қасиетті кітаптарды оқу мінез-құлқымды, ұстанымымды түгел өзгертті. Осы арада сізге мынадай тылсым құпияны ашқым келеді: Егер сіз толымды білім алғыңыз келсе, санаңызды білім нұры сәуеленедірсін десеңіз, онда ҚҰРАНДЫ, ІНЖІЛДІ, ТӘУРАТТЫ, ЗАБУРДЫ және БХАГАВАД ГИТА мен ШРИМАД БХАГАВАТАМДЫ үзбей оқыңыз. Санаңызға білім НҰРЫ ҚҰЙЫЛАДЫ . Сенбесеңіз, тексеріп көріңіз. Көп ұзамай көзіңіз жетеді. Бұл – АҚИҚАТ.

 

Пікір қалдырыңыз

Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники

Пікір қалдырыңыз

Яндекс.Метрика