1 042 көрілім

жақсы мен жаман«Арқа ажары» газетінде Мерген Тоқсанбайдың «Валентин күні ме, пәле күні ме»деген мақаласы жарық көрді. Ақпан айының басында келетін бұрын атын да, затын да естімеген осы мерекені жаппай тойлауға қарсы қазақ тілді  ақпарат құралдарында аз айтылып, жазылып жүрген жоқ. Дегенмен, соған құлақ асып жатқандар аз. Ақпан басталса-ақ жыл сайын валентин күнімен құттықтаушылар қатары көбейеді.

«Мұртқа өкпелеп жүргенде сақал шықты» демекші, Валентин күні деген пәледен қалай құтыламыз деп жүрсек, атадәстүріміздей санамызға әбден сіңіп алған Батыстан бастау алған дәстүрлер өсіп өркендеп, гүлденіп жатқан жайы бар екен. Мәселен, жаңа жыл деген қазақтың мерекесі ме? Жоқ. Ал бүгінде жаңа жылды қарсы алмайтын қазақты білесіз бе?  Яғни, қазаққа үш қайнаса сорпасы қосылмайтын Батыстың мерекесін біз атадәстүріміздей санамызға әбден сіңіріп алыппыз.

Ол аз десеңіз, туған күн деген мереке де бар. Бұрын қай қазақ туған күнін тойлаған еді? Жалпы қазақта қазіргідей жасты жылмен емес, мүшелмен есептеген ғой. Қазір ақыл-есі дұрыс, өзін сыйлайтын әрбір қазақ туған күнін тойлауы міндет болып алғандай. Ал мерейтой дегенді атаусыз қалдыру ұят қана емес, қорлық болып саналатын болып барады. Кредит алып мерейтой жасайтын әлемдегі жалғыз ұлт – қазақ шығар.

Туған күнді не үшін тойлайды? Оның себебі біреу-ақ – осы күнге аман-есен жеттім деген қуаныш. Жә, солай-ақ болсын, жасыңызға бір жас қосып, аман-есен жүргеніңізге қуандыңыз екен, жөн-ақ. Ал енді осы туған күнді атап өтудің қандай залалдары бар екенін білесіз бе? Біріншіден, ақшаңызды шығындап, біраз қаржы жұмсайсыз. Екінші залалы, туған күніңізбен құттықтап, жұрт өтірік тілектер тілейді (шынайы тілекті тек ең жақын бауырларыңыз, ата-анаңыз, достарыңыз ғана тілей алатынын теріске шығармассыз). Үшінші залалы, көзіңізге мақтап, сіз кереметсіз, данышпансыз, теңдессіз тұласыз деп әспеттейді. «Семіздікті қой ғана көтеретінін» ескерсек, мақтау естіген адамның «шынында да мен сондай керемет екенмін-ау» деп жалған менменшілдікке ұрынары анық. Сондықтан қазақ «дос сыртыңнан, дұшпан көзіңе мақтар» деген. Онан кейінгі залалы, туған күніңізді атап өту бір жасқа қартайып, ажалыңызға бір жыл жақындай түскеніңізді есіңізден шығартады. Бұрын қазақ әр батқан күнге қарап «тағы бір күнім өтті» деп мұңаяды екен. Ал күнінің, жылының өткенін сезіну адамды жауапкершілікке, өмірін мәнді өткізіп, бұл дүниенің, онан қалды бақи дүниенің қажеті үшін еңбектенуге құлшындырмақ. Туған күнін тойлаймын деп есі шыққан пенде жылының өткенін де, ажалының жақындай түскенін де сезінбей, қаперсіз қалады.

Қазақы ұлттық дәстүрлерімізден қол үзудің қаншалықты зардабы болатынын бүгінде қай-қайсымыз да көзімізбен көріп, куәсі болып жүрміз. Ол тастанды бала, маскүнемдік, зинақорлық, ата-анасын, жалпы үлкендерді сыйламайтын дөрекілік, белең алған ажырасушылық сияқты келеңсіздіктер түрінде көрініп отыр. Біз әспеттеп үлгі алып жатқан Батыс елдерінде бүгінде құдай оңдағанда бізге әлі кең тарала қоймаған бір жыныс өкілдерінің отбасы құруы кейпіндегі арсыздықтың белең алғанын жақсы білеміз. Таяуда Норвегия Батыста он екінші ел болып еркектер мен еркектердің некелесуін заңдастырды. Егер осы бетімізден таймай, біреулердің қоқсығын атадәстүріміздей әспеттей беретін болсақ, болашақта мұндай заңның біздің елімізде де қабылданатын күні келері анық.

Ұрпақ қамын ойлап, дұрыс ел боламыз десек, ата-баба дәстүріне берік, жат дәстүрден аулақ болайық, ағайын.

 

Пікір қалдырыңыз

Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники

Пікір қалдырыңыз

Яндекс.Метрика