4 570 көрілім

уақытУақыт – Жаратқанның қуаты. Егер біз уақытты дұрыс пайдаланбасақ, онда ол бізді жазалайды. Қалай дейсіз бе? Жан-жағыңызға байыптап қараңыз, уақыты жетпей, сүрініп-қабынып жүретіндер көп. Олардың уақыты неге жетпейді, жұмыстары сонша бастан асатын көп пе? Жоқ. Өйткені олар уақытын дұрыс пайдалана білмейді. Соған орай, Жаратқанның қуаты түріндегі уақыт ондай пенделерді жазалайды.

Уақытты үнемдей білеміз бе?

Егер біз өзіміздің күнделікті өмірімізге зер сала қарайтын болсақ, бос уақытымыздың өте көп екендігін бағамдаймыз. Біз қанша уақытымызды пайдасыз әңгімеге, қажетсіз телехабарлар мен киноларды көруге, болмаса дүкендерді аралап сатып алмайтын болсақ та түрлі заттарға қарауға сарып қылып жатамыз. Кеш жатып, сағат қоңырауымен таңертең әзер оянатын пенде әдетте жұмысқа жанталаса асығып жетеді және көбіне кешігіп жүреді.

Қазақ «ерте тұрған еркектің ырысы артық, ерте тұрған әйелдің жұмысы артық» деп текке айтпаған. Аюрведа ілімі кешкісін неғұрлым ерте жатып, ерте ояну қажеттігін айтады. Кешкі сағат 22.00 мен 02 аралығындағы әрбір сағат ұйқы екі сағатқа тең болады екен. Яғни, неғұрлым ертерек жатсақ, соғұрлым ұйқымыз қанық болады және ерте оянамыз. Ал ерте тұрған адам өз уақытын үнемдеп, бәріне де үлгіреді.

Уақытты үнемді және дұрыс пайдаланудың негізгі жолы – жоспарлау.

Уақытты тиімді пайдалану жөнінде ғылыми зерттеулер жүргізген ғалым Дорис Ковиктің пікірінше, уақытты жоспарлағанда 10 түрлі жайға назар аудару қажет.
Біріншіден, басым бағыттарды нақты айқындап алыңыз, яғни жұмыстарыңызды жоспарлағанда бірінші кезекте атқарылуға тиістілері мен кейінге қалдыруға болатын шаруаларды нақтылау қажет.

Екіншіден, өз уақытыңызды бақылайтын болыңыз. Қандай шаруаны қай уақытта жасайтыныңызды жазып отырыңыз және уақыт кестесін жасаңыз. Үшіншіден, жұмыс үстеліңіздің үстін ретке келтіріңіз. Көбіне адамдардың жұмыс үстелдерінің үстінде түрлі қағаздар шашылып жатады. Мұндай адамдар қай құжатының қай жерде жатқанын білмейді және қажет болғанда аласұрып іздеп, әуреге түседі.

Төртіншіден, жұмыс үстеліңізде бірінші кезекте атқарылатын істеріңізді арнайы фаилға салып, көрінетін жерге қойыңыз. Бұл сіздің бүгінгі шаруаны ертеңге қалдырмауыңызға жағдай жасайды. Бесіншіден, атқаратын шаруаларыңыздың тізбесін жасаңыз және аяқталған істеріңізге белгі соғып отырыңыз. Алтыншы назар аударатын нәрсе, поштаңызды ретке келтіріңіз. Келген хаттарға бірер ауыз сөзбен болса да жауап беріп отырңыз. Жетіншіден, алаңдататын жайлардан аулақ болыңыз.

Мәселен, тығыз шаруамен айналысып жатқанда телефоныңызды өшіріп, ешкім мазаңызды алмайтындай есігіңізді жауап алғаныңыз жөн. Бұл маңызды шаруаны жедел және сапалы орындауыңызға мүмкіндік береді. Сегізіншіден, бір шаруаны қолға алғанда оны бітіруге артығырақ уақыт бөлуге машықтаныңыз. Әйтпеген жағдайда жеделдетемін деп жұмыс сапасын жоғалтып немесе түрлі қателіктерге бой алдыруыңыз мүмкін. Тоғызыншыдан, алыс болашаққа негізделген жобаларға баса көңіл бөліңіз. Әдетте ондай жобаларды санаңызда пісіріп алып, содан кейін барып қолға алу қажет. Оныншы назар аударатын нәрсе: бір жетінің ішінде атқарған шаруаларыңызды қортындылап отырыңыз. Бұған жұма күні қолайлы болмақ.

Жақсы нәтижеге жетемін десеңіз

Уақытыңызды үнемді эжәне тиімді пайдаланып, пайдалы істермен айналысамын және өмірде биік нәтижелерге қол жеткіземін десеңіз, жоғарыда аталған кеңестерді назарға алып, уақытыңызды жоспарлы пайдалануға күш салыңыз. Сонда жақсы нәтиже көп күттірмей келетіні анық.

 

Пікір қалдырыңыз

Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники

Пікір қалдырыңыз

Яндекс.Метрика