631 көрілім

дінХристиан дініндегі адасушылықтың ең үлкен бастауы – Құдай әке, Құдай ұл және Киелі рух деп бір Құдайды үшке бөлуден басталған болса керек. Інжілде Иса пайғамбардың ешқашан «мен құдаймын» деп айтқаны туралы мәлімет жоқ. Керісінше, ол өзін «Адам ұлымын» (Сын человеческий) деп атаған. Бәріміз де Адам атадан тараймыз, бұл шындық. Ал, осыны кейінгі христиандар көре көзге өзгертіп, өзін Адамның ұлымын деген Иса пайғамбарды Құдай қылып шығарады. Сөйтіп, христиандар бүтін бір Құдайды үшке жіктеп, бөліп тастайды. Бұл туралы Құранда арнайы аят та бар. Бір құдайды үшке бөлудің терістігі, Иса пайғамбардың құдай емес, ет пен сүйектен жаратылған пенде екендігі онда анық айтылған.

Христиандардың түсінігі бойынша, Құдайдың ұлы Иса мәсіх те құдіреті жағынан Құдай әкеден еш кем емес. Осылайша, олар бір-біріне тең екі құдай жасап алғандығын сезбеген секілді. Бұның өзі ислам дінінде ауыр күнә болып саналатын «Аллаға серік қосу» дегенге келеді. Ол аз десеңіз, енді христиандар Киелі рухты да өзінше құдіретті бір құдай етіп жариялайды. Сөйтіп, енді бір емес, үш бірдей құдай бар болып шығады.

Христиандардың бұл түсінігі Құдайды екі аяқты өзіміз сияқты пенде деңгейіне дейін түсіріп, қорлау екендігін дін ілімінен хабары бар әркім-ақ жақсы түсінер еді. Иса пайғамбардың анасы Мәриям ана күйеуге тиместен жүкті болып, бала тапқаны мәлім. Христиандардың мына түсінігінен әрбір пенде «е, Құдай Мәриям анамен жақындасып, Иса пайғамбар содан туған екен ғой» деп ойлайтыны анық. Осылайша, христиандар Алланы ет пен сүйектен жаралған, кәдімгі еркек пен әйел сияқты жыныс жақындығына баратын пенде дәрежесіне дейін құлдыратады.

Осы арада мына жайды айта кеткен артық болмас: жалпы барлық діндерде сол діннің негізін салушы ұстазды құдайдай құрметтеу, тіпті оған табыну жағдайының болуы табиғи заңдылық болса керек. 1960-шы жылдары АҚШ-қа барып, Халықаралық Кришна санасы қоғамын құрған Шрила Прабхупада деген индус вайшнавының екі шәкірті кейін оны құдай санап, оған құлшылық етуге шақырады. Осы жайды естіген Прабхупада әлгі екі шәкіртін қоғамнан аластап, қуып шығады.

Пайғамбардың дәрежесін шектен тыс көтеру, оған табыну ислам дінінде де кездеседі. Өзін сопымын деп атаған Құрбанәлі деген ислам дінінің теологы  бір лекциясында «Бар әлем Мұхамед пайғамбардың нұрынан жаратылған. Алла пайғамбарға «Е, Мұхаммед, мына әлемді сен үшін жараттым» депті» дейді. Оның осы сөзінен Мұхаммед пайғамбардың кәдімгі ет пен сүйектен жаратылған пенделерден артықтығын, оның Алланың жақын досы екендігін ғана емес, барша әлемнің жаратылысына негіз болған нұр-қуаттың қайнар көзі екендігін де түйсінесің. Осылайша, ислам теологы қыза келе Мұхамед пайғамбарды Аллаға дәрежесі барабар тұлға етіп қойғанын сезбейтін сияқты. Яғни, ол пайғамбарды Алланың жанына отырғызып, бір емес, екі құдай жасап алғанын сезбегендей.

Шындығында, Інжілде де, Құранда да, Бһагавад Гитада да Алланың барша әлемнің жалғыз әміршісі, жаратушысы және қожасы екендігі аққа қара жаққандай анық жазылған. Алланың билігінде ешкімнің үлесі жоқ және ешбір пенде, мейлі ол пайғамбар, періште, әулие болсын, Аллаға ешқашан, ешқандай жағдайда тең келе алмайды. Барша тіршілік иелері өздерінің атақ-дәрежесіне қарамастан, барлық уақытта Алланың мәңгі құлы болып қалады және бұл ақиқат ешқашан, ешқандай жағдайда өзгермейді. Міне, нағыз ақиқат осындай. Ал, жоғарыда аталғандай, христиандардың, онан кейін мұсылмандардың өз пайғамбарларының дәрежесін көтереміз деп оларды Аллаға теңестіріп, қолдан екінші құдай жасауға талпынысы, бұл Аллаға серік қосатын ең үлкен күналардың бірі болып табылады.

Пікір қалдырыңыз

Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники

Пікір қалдырыңыз

Яндекс.Метрика