1 098 көрілім

адам мүмкіндігіҚазақстан да барша әлем елдері сияқты құқықтық демократиялық зайырлы қоғам орнату жолына түсті. Мұндай қоғамда әдетте барлық іс заң арқылы реттелмек. Яғни, қоғамның қозғаушы негізгі күші – заң болуы тиіс. Ал қоғамды алға бастайтын заң екен, онда неге сол заңдарымыз толымсыз? Жыл сайын заңдар өзгерітіліп, толықтырылып жатады, соған қарамастан ол шикі болып қалады.

Солқылдақ заңдар

Кеңес заманында туысы сотты болып, соның шаруасымен сот ісіне араласқан бір адамнан мынадай әңгіме естідім. Әлгі інісін құтқармақ болып (оның жасаған қылмысын қылмыс деуге болмайды, жәй ұсақ-түйек бірдеңе), судьяның табалдырығын тоздырыпты. Қайта-қайта келгіштеп жүрген оған бірде судья ашықтан ашық «егер ініңізді құтқарғыңыз келсе, мынаншама ақша бересіз» деп мәселені қабырғасынан қояды.

Мынан естігенде қуанып кеткен әлгі кісі «айтыңыз, ақшаны тауып беремін» дейді. Ол сомасын айтады. Сөйтіп екеуі келіседі. Судьяның айтқанынынан әлгі мынадай жайды ұғады. Ол бұның інісінің ісін басқа бапқа ауыстырып, ең төменгі жазаны белгілейді. Егер ақша бермесе, керісінше қатаң жаза көзделген бапқа түсіріп, ең жоғары шегімен жаза тағайындайды.

Жазған құлда жазық жоқ демекші, әлгі танысым судьяның сұраған ақшасын тауып береді. Ал судья сөзінде тұрып, жеңіл жаза тағайындайды. Әлгі кісі айтады, кейін Қылмыстық кодексті алып қарасам, менің інім жасаған іске қатысты бірнеше бап бар екен. Бірер сөзі өзгергені болмаса, мән-мағынасы бір-бірінен аумайды. Бірақ жаза мерзімі әртүрлі. Бір бапта 5-7 жылға дейін бостандығынан айыру көзделсе, екіншісінде 3-5 жыл. Ал үшіншіде 1-3 жыл екен. Судья сол баптардың ең азуы жоқ жұмсағын алып, сол бойынша ең төменгі шекті, яғни 1 жыл шартты мерзімге кесуді тағайындаған.

Өкініштісі сол, мұндай солқылдақ заңдар қазір де қылмыстық заңдарымызда баршылық. Сырт қарағанда мән-мағынасы бір-біріне өте ұқсайды, ал жаза мерзімі әртүрлі және оған қоса жаза нақтыланбай 3-5 жыл немесе 4-6 жыл деп жалпылама белгіленген. Оның төменгі шегін ала ма, жоғарғы шегін ала ма, бұл мәселені судья өзі шешеді. Жалпақ тілмен айтқанда, мұның өзін судьяның пара алуы үшін қасақана жасап қойған нәрсе ме деп қаласың.

Кісі өлтірген жігіт 2,5 жылға сотталды

Таяуда 1 еуроазия каналынан Шымкентте көшеде жүз шақырымдық шапшаңдықпен жүйткітіп келе жатып, жаяу жүргінші өтетін жермен өтіп бара жатқан он жастағы қызды қағып кеткен жігіттің соты жайында хабар көрсетілді. Әлгі жігіт бұрын да екі рет сотталған екен. Сотталған деген аты болмаса, қарсы тараппен келісіп, жаза жеңілдетілген.

Қатты соққыдан бала отыз метрдей жерге ұшып барып құлаған. Машинасын тоқтатқан әлгі жігіт қанға батқан балаға бей-жай қарап тұрыпты. Басқа автокөліктер тоқтап, жедел жәрдем мен полицияны шақырған. Қыз ауруханада көз жұмыпты. Кісі өлтірген жігіт құлап жатқан баланың жанына келіп, көмектеспеген және кейін ата-анасынан да кешірім сұрамапты.

Ал бұрын екі рет сотталған, бай кәсіпкердің баласына судья кісі өлтірген қылмысы үшін 2,5 жыл шартты мерзім берген. Баласынан айрылып зар жылаған ата-анасы соттың бұнысына келіспей, жоғарыға шағымданамыз дейді. Бірақ, мұндай жазаны судьяның аспаннан алмағаны белгілі. Яғни, ол заңда жазылған баптың жоғарыда айтқанымыздай ең төменгі шегімен, барынша жұмсартып жаза тағайындаған.

Сондықтан, оны заң бұздың деп ешкім айыптай алмайды және қайта қарағанда да еш кінәрат қоя алмасы анық. Міне, осындай жазықтыларды жазадан құтқаратын, керісінше, жазықсыз жандарды шырылдатып қатаң жазалауға негіз жасайтын солқылдақ заңдар жетерлік.

Заң қашан толымды болады?

Біздің елімізде заң шығаратын депутаттардың екі палатасы қызмет жасайды. Онда жүздеген адам ай сайын қарапайым пенделердің түсіне де кірмейтін мөлшерде жалақы алып, оған қоса қызмет пәтері, басқа да жеңілдерін пайдаланып, заңдарды жетілдірумен айналысады.

Депутаттар жыл сайын жүздеген заңды қабылдайды екен. Ол не қылған таусылмайтын заң? -дейсіз ғой. Заңдар әлдеқашан жазылған, ол бар. Бірақ қабылданғанына бірер жыл өтпей жатып шикілігі сезілген заңдарды қайта өзгерту, толықтыру қажет болады да, депутаттар заңдарды жетілдіреді. Осылайша заңдар жыл сайын ЖЕТІЛДІРІЛЕ БРЕДІ, ЖЕТІЛДІРІЛЕ БЕРЕДІ…

Заңдар жыл сайын өзгертіліп, жетілдіріліп жатса да ол осы күнге дейін қайта жетілдірілмейтіндей ТОЛЫМДЫ ЗАҢ болған жоқ. Біздің заңдарымызды бір басын кессең, оның орнына екі бас өсіп шыатын ертегінің кейіпкері – айдахармен салыстыруға болатындай. Шикі заңды жетілдуріден депутаттар жалықпайды, ал ЗАҢДАРЫМЫЗ шикіліктен арылмайды. Бұл заңды жетілдіру деген ойын қиямет қайымға дейін созылатын сияқты. Яғни, шикі заңдар ешқашан толымды болмайды.

Ақылға сиымсыз заңдар

«Заң газетінің» соңғы бетінде әлем елдерінде қабылданған ақылға сиымсыз заңдар біраз уақыт беріліп тұрды. Әлгі заңдарды оқығанда мұны шығарған адамның ақыл-есі дұрыс па деген ойға қаласың. Мәселен: «қаланың ішінде ядролық қаруды жаруға болмайды» деген заң бар екен. Сонда ядролық қаруды қала аумағынан бірер шақырым шығып, жара беруге бола ма?

Ал енді мына заңға не дейсіз: «көшеде әйелін сабауға болмайды». Бұл шет елдердің бірінде жұмыс істеп тұрған заң. Осы заңға бағынатын болсақ, әйеліңізді үйдің ішінде немесе көпшілік орындарда қан жоса етіп сабауыңызға болады екен. Тек көшеде сабамасаңыз болғаны. Сонда сіз заң бұзбаған болып саналасыз.

Ал енді тағы бір елдің заңы бойынша кәстөм мен шалбар екі түрлі болмауы тиіс. Мәселен, көк кәстөм, қара шалбар кисеңіз, заң бұзған болып, жауапқа тартыласыз. Оны айтасыз, қала әкімшілігінің алдында жыныс жақындығын жасауға болмайды деген де заң бар екен.

Осындай заңдарға қарап, адамдардың заң шығарудағы қиял-армандарының шексіздігіне қайран қаласың. Иә, ғасырлар бойы заңдарды ойлап тауып, қайта-қайта өзгертіп, қырып-жонып жетілдіріп келеміз. Бірақ соған қарамастан, заңдарымыз шикілігін, солқылдақтығын қояр емес.

 

Пікір қалдырыңыз

Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники

Пікір қалдырыңыз

Яндекс.Метрика