1 048 көрілім

шынығуБүгінде жасы 88-ге келген Бекболат Сәдуақасов ақсақал денсаулықты сақтау, ауырмау, ұзақ жасау әр адамның өз қолында деп санайды. Биылғы жылдың тамыз айында 88-ге толып, 89-ға аяқ басатын ақсақал ауру дегенді білмейді, емханаға бармайды және дәрі-дәрмек ішпейді.

Мен қалай арақтан тиылдым

1928 жылдың 17 тамызында дүниеге келген Бекболат ақсақал соғыс біткенде 18-ге толмағандықтан, соғыс сұрапылын көрмеген. Бірақ ол Ұлы Отан соғысының отты жылдарында бұғанасы қатпай ерте еңбекке араласып, ұлы жеңіске өз үлесін қосты.

Еңбек жолымды Зеренді аудандық прокуратурасында қызмет істеуден бастадым, -дейді ақсақал. –Ол кезде жұрттың бәрі арақ-шарап ішеді. Алғашқы жалақымды алған күні біреулер жу деген соң арақ алып, солармен отырып іштім.  Әрине, бір жарты емес, бірнешеуінің басына су құйдық. Содан ақыл-есім  кіресілі-шығасылы  жалдап алған пәтеріме қалай жеткенім есімде жоқ. Ертеңіне таңертең басым ауырғанына қарамастан, жұмысқа шықтым.

Менің түріме қарап прокурор арақ ішкенімді айтпай-ақ  түсінген сияқты. Ол өзі түсі суық, қатал кісі еді. Маған «арақ іштің бе?» деді қадала қарап. «Іштім» -дедім жасыра алмай. «Енді арақ ішсең, жұмыстан кетесің, бұл саған соңғы ескертуім» деді ол. Прокурор ағайымның сол сөзі әсер етіп, арақ ішуден мүлдем тиылдым. Ал темекіні болсын-болмасын шекпейтінмін. Содан күнде таңертең он-он бес минут дене жаттығуын жасауды әдетке айналдырдым. Ал кейін келе жарты сағат, онан да көп дене жаттығуын жасайтын болдым.

Бекболат Сәдуақасов сол кезден бастап салауаттылықты серік етіп келеді. Ол күн сайын 1,5-2 сағаттай дене жаттығуын жасап, жүгіреді, мұздай суға шомылады. Салауаттылықты өмірлік серігіне айналдырған ақсақал ауру дегенді білмейді. Ол сексеннен асқан жасына қарамай салмағы 24 келілік кір тасын иығына қойып 100 рет отырып, тұрады. Қолын алдына созып 500 рет отырып тұру жаттығуын жасайды. Ақырын желе шоқытып (марафон жүгірісімен) күн сайын 1-1,5 сағаттай жүгіреді.

Салауаттылық  денсаулығын ынғайтуға көмектесіп қана қоймай, белсенді өмір сүруге де жағдай жасапты. Бекболат ақсақал прокуратура органында қызмет ете жүріп түрлі спорт жарыстарына белсене қатысып отырған. Ол үш дүркін облыстық «Алтын масақ» спартакиадасының көпсайыстан жүлдегері. Өзі ұзақ жылдар қызмет еткен «Еңбекшілдер ауданының құрметті азаматы» және «Қазақстан Республикасы  прокуратурасының құрметті қызметкері» деген атақтары да бар.

Сексеннің сеңгіріне шыққан ақсақал қарап отырмай, түрлі тақырыптарға қалам тербеп, кітап жазады. Қазір оның 9-шы кітабы баспаханада басылып жатыр.

Денсаулықты сақтау — өнер

Адам өз денсаулығының қожайыны деп санайтын Бекболат ақсақал. Өмір бойы салауаттылықты ұстанып, дене жаттығуын жасаумен, ұйықтау және тамақтану тәртібін сақтаумен келе жатқан қария басы ауырып, балтыры сыздау дегенді білмейді. Денсаулық өздігінен келе салатын Жаратқанның адамдарға берген тегін сыйы емес деп санайды ол. Агротехникалық шараларды қатаң сақтаған диқанның мол өнім алатыны сияқты, денсаулығын нығайту шараларын жасаған адам ғана ауру дегенді  білмей, ұзақ жасайды. Бұл – сексеннің сеңгіріне шықса да өзін жігіттей ширақ сезінетін Бекболат ақсақалдың өмірлік ұстанымы.

Қарияның әрбір күні өзі белгілеген күн тәртібі бойынша өтеді. Кешкісін сағат 10-дар шамасында ұйқыға жататын ол таңертең күн сайын 5-те оянады. Онан әрі мұздай суға шомылып, аздап дене жаттығуын жасайды. Сонан кейін күн жылы, ашық болса таза ауаға шығып бірер сағат серуендейді. Ал қыстың қытымыр аязды күндерінде желдеткішті ашып қойып үйдің ішінде немесе ауладағы албарда жүреді.

«Денсаулықты нығайтуға қажетті серуендеу, дене жаттығуын жасау сияқты әрекеттер үшін керек болса үйді, болмаса есік алдындағы албарды, ауланы да пайдалануға болады» -дейді ол. Таңғы тамағын ішкен соң тағы да бірер сағат жаяу жүріп, содан кейін жазуға отырады. Кітап жазу ол үшін ермек қана емес, жұмыс та.

Тамақты да ол бейберекет ішіп-жемейді. Таңертең орта қарын тамақ қабылдаса, түсте тойғанша ішіп-жейді. Ал кешкілік жеміс-жидек немесе көкөніс салаты сияқты жеңіл-желпі тамақ жейді. Ұйықтар алдында аздап таза ауада серуендейді.

Бекболат ақсақал жылына бір рет толық медициналық тексеруден өтіп тұрады екен. Сол тексерудің қортындысына сай егер қаны азайған болса, қан толықтыратын тағамдарды көбірек жеуге көңіл бөледі. Ал глюкоза, болмаса басқа да витаминдер жетіспеушілігі болса, бұл олқылықты толтыруға назар аударады.

«Мен бойымдағы кейбір ұсақ-түйек ауруларды өзім емдеймін» дейді ақсақал. Түрлі дене жаттығулары мен массаж жасау сияқты тәсілдерді пайдалану арқылы ұсақ-түйек аурулардан айығуға болады деп санайды ол.

Денсаулығын қадағалап, бақылап және басқаруды меңгерген қария шын мәнінде өз денсаулығының қожасына айналған. Оның денсаулықты қалай сақтауға болатыны жайында айтатын құнды пікірлері мен ойлары аз емес. Өкінішке орай, ғарышқа самғауды үйренген бүгінгі ғылым денсаулықты сақтау ғылымын үйрене де, үйрете де алмай отырғаны шындық. Бүгінгі медицина ғылымының бар берері – бойын дерт меңдеген адамдарды түрлі дәрі-дәрмекпен және операциялар арқылы дертін аздап жеңілдету ғана. Дәрімен аурудан толықтай жазылу мүмкін еместігін бәріміз көріп, куәсі болып жүрміз.

Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде

Жыл сайын біздің елімізде ғана ондаған ауруханалар мен емханалар, дәрігерлік амбулаториялар салынып жатады. Жыл сайын жүздеген, тіпті мыңдаған жас медициналық білім алып шығады, бірақ солардың бәріне қарамастан елімізде аурухана мен емхана және дәрігер мамандар жетіспейді. Неге десеңіз, аурулар саны жыл санап көбеймесе, кемімей отыр.

Бүгінде қашан бараң да емханалар мен ауруханалардың дәлізінде сіресіп кезек күтіп тұрғандарды көресің. Олардың арасында жастар да, қарттар да бар. Солардың ешқайсысы өкінішке орай, Бекболат ақөсақалдың айтқанындай, адам өз денсаулығының қожасы екендігін білмейді.

Мен Бекболат ақсақалмен анда-санда моншада кездесіп қаламын. Өмірге құштар, аңқылдаған ақкөңіл қария кездескен жерде амандық-саулық сұрап мәз-мәйрам болып қалады. Ауру дегенді білмейтін (ол кісі өмірінде екі-ақ рет ауырыпты) денсаулықты сақтау өнерін жете меңгерген ақсақалдың  аурудан азап шеккендерге айтар ақылы мен берер кеңесі аз емес.

-Мен жүз жасқа жеткенде «Ұзақ жасаудың құпиясы» деген кітап жазсам деген ойым бар,- дейді ол. Ауырмаудың амал-тәсілін жетік меңгерген қарияның өз тәжірибесі арқылы түйсінген ұзақ жасаудың құпия сырын жұртшылыққа ұсынудағы мақсаты да көпшіліктің назарын салауаттылықты ұстанып, денсаулықтарын күтуге аудару екендігі анық.

-Ештеңе өздігінен келмейді. Адамдардың көбі жалқау, олар тіпті, ауырып, содан тауқымет тартып жүрсе де жандарын қинап, денсаулықтарын сақтауға, салауаттылықты ұстануға әрекет жасағысы келмейді. Жалқаулықты жеңген адам ауруды да жеңеді, -дейді қария. «Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» деген қағиданы ұстанған Бекболат ақсақалдың  ұстанымының дұрыстығын өмірдің өзі дәлелдеуде.

 

 

 

Пікір қалдырыңыз

Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники

Пікір қалдырыңыз

Яндекс.Метрика