2 404 көрілім

2590-шы жылдарда барлық ақпарат құралдары жұлдыз жорамалдар беріп жүрді. Соңғы жылдары жұлдыз жорамал берушілер қатары күрт азайып барады. Ол тек жаңа жыл қарсаңында ғана берілетін болды. Адамдардың арасында жұлдыз жорамалға сенетіндер де, сенбейтіндер де бар. Жалпы, жұлдыз жорамалға сенуге бола ма және ол адамға не береді?

Ерінбегеннің бәрі жұлдызшы болады

Нарық талабына сай сұраныс болған жерде ұсыныс та бар. Жұлдыз жорамалға деген сұраныстың көбеюі ұсынысты да күрт көбейткен еді. Бұрын бұл кәсіптің атын да естімеген біреулер әп-сәтте жұлдызшы болып, жұлдыз жорамал жасаудың қыр-сырын айтып, нағыз «жұлдызға» айнылып шыға келісті.

Сондай «жұлдызшылардың» арқасында жұлдыз жорамалдың аз жылдың ішінде қадір-қасиеті кетіп, көп адамдар оған күмәнмен қарай бастады. Ал ислам дінін ұстанатын әсіресе діндәрлар болсын-болмасын әу бастан-ақ жұлдыз жорамалды сайтанның ісі санап, оған барынша қарсы шықты.
Өз басым түрлі газеттерде қызмет ете жүріп, жұлдыз жорамалдың қалай жасалатынын көзбен көріп, апталық жұлдыз жорамалды талай мәрте ұйымдастыран кездерім болды. Ол үшін кез-келген орыс тілді басылымнан апталық жорамалды аударып, ықшамдап дайындайтынбыз. Бұған сол аптаның ғана емес, өтіп кеткен апталардың жұлдыз жорамалдары да жарай беретін.

Осылайша, жалған жұлдызшылар өз жорамалдарымен халықты бір алдаса, журналистер оны ботқа қылып араластырып және бүлдірді. Соған қарамастан, жұлдыз жорамалдың сараптамаларына имандай сенетіндер аз болмады. Бәлкім, бұған жұлдыз жорамалды дайындаушылардың нақты ешнәрсе айтпай, бәрін тұспалдап, болжамдап жалпылама айтулары да себеп болған шығар.

Жұлдыз жорамал қалай жасалады?

Жұлдыз жорамал десе, көбіміз қазіргі Ресейдегі Глоба сияқты төтеннен қосылған, өзін өзі әспеттеп жүрген жалған жұлдызшыларды көз алдымызға келтіріп жатамыз. Шындығында нағыз жұлдызшылардың ондайлармен үш қайнаса сорпасы қосылмайды.

Ресейдің белгілі теологы Александр Хакимов Индияда болғанында бір жұлдызшымен кездескені жайында баяндайды. Әлгі жұлдызшы тіпті оның аты-жөнін, туған жері мен жылын, кәсібін, отбасы туралы өзі сұрамастан бәрін қолға қойғандай айтып беріпті. Содан сөйлесе келе оның болашақты қалай болжайтынын естіп біледі.

Әлгі жұлдызшыда жұлдыз жорамалды қалай жасайтындығы туралы нұсқамалық сияқты өте ертеде осы саланың білгірлері жасаған құжат бар екен. Ол жұлдыз жорамал жасағанда соны басшылыққа алатын көрінеді. Өзінің бар жасайтын шаруасы аспан денелерінің дәл қазіргі сәттегі орналасу орнын анықтау екен.

Үнді жұлдызшыларының қазіргі Батыстан шыққан жалған жұлдызшылардан ерекшелігі сол, олар 12-ге жіктелетін жұлдыз күнтізбесін қазіргі сәттеге жұлдыздардың орналасуы бойынша анықтайды. Мәселен, қыркүйектің 21-нен қазан айының 20-на дейінгі кезең таразы шоқжұлдызына жатады.
Батыс жұлдызшылары осылай есептейді. Ал үнді жұлдызшылары оны аспан денелерінің осы сәттегі орналасу деңгейіне қарап анықтайды. Тіпті, таңертең бір шоқжұлдыз, мәселен, таразы болса, түсте арыстан, кешкілік тауешкі болып кетуі мүмкін. Яғни, адамның қандай шоқжұлдыз аясында туғанын анықтау үшін дәл сол жылдың сол кезеңінде аспан денелері қандай шоқжұлдызда орналасқанын анықтау қажет. Бұл – өте күрделі ғылым.

Жұлдыз жорамал не үшін қажет?

Теледидарда қазақ тілінде көрсетілген бір хабарда жұлдыз жорамал деген сайтанның ісі, одан барынша аулақ жүрген дұрыс деп түсіндірілді. Құранда таспен, садақтың жебесімен бал ашып, болашақты болжау күнә екендігі жайында аят бар. Бірақ, жұлдыз жорамал жайында қасиетті кітапта нақты ештеңе айтылмаған.

Ертедегі үнді елінде сәби дүниеге келгенде ең алдымен жұлдызшыны шақырып, қай шоқжұлдызда туғанын, болашақ даму бағдарын сұрап, болжап алады екен. Жұлдызшылар баланың болашағын қолға қойғандай нақты айтып берген.

Екі жасқа келгенде еңбектеген сәбидің алдына садақ, кітап, алтын теңге мен күріш үгетін таяқ қойған. Бала сол заттардың қайсысын алса, ол болашақта сондай кәсіпке бейім болады деп болжамдаған. Бұл не үшін қажет? Ертедегі ведалық өркениетте балаларды оқытатын гурукула аталатын мектеп болған.

Онда балаларды өздерінің икемі мен қабілет-қарымына қарап бөліп оқытқан. Қазіргідей мидай араластырып, қабілет-қарымын ескермей бірге тәрбиелемеген. Мәселен, өз басым математика, химия, физика деген пәндерді иттің етінен жеккөретін едім және өте нашар оқыдым. Есесіне, қазақ тілі мен әдебиеті, география, тарих пәндеріне ынтам өте жоғары болды.

Онжылдықты бітірген соң ҚазГУ-дің тарих факультетіне түсіп, кейін журналист, жазушы болдым. Сонда ойлаймын, математика сияқты маған мүлдем қажетсіз сабақты оқып, басымды қатырғанша, бірден өзім жақсы көретін пәндерге бейімделсем, әлдеқайда биік жетістіктерге жетер едім деп.
Ал ежелгі үнділіктер дәл солай жасап, баланың бейіміне қарай бөліп оқытқан да, олар өмірден бірден орындарын тапқан. Жұлдыз жорамал деген де сол үшін қажет болған сияқты. Қазір Батыстан келген түсінік бойынша жұлдыз жорамал деген адамның болашағын түгел болжап беру. Шындығында бұл мүмкін емес.

Өйткені, Алла адамдарға тағдырын өзгертуге түрлі мүмкіндіктер берген. Соны пайдалана алса, адамның болашақ тағдыры да өзгермек. Ал жұлдызшы «сен болашақта ғалым боласың» десе, керісінше ол тағдыр жолын өзгерту арқылы бай кәсіпкер болуы мүмкін. Сондықтан, болашақты айна қатесіз жүз пайыз дәлдікпен болжау мүмкін емес.

Осыған орай, ежелгі веда ілімі ұстанған жұлдыз жорамал арқылы адамның болашағын болжау емес, оның бойындағы қабілет-қарымын, неге бейім екендігін анықтау жайы көкейге қонады.
Мәселен, бүгінде барлық сала бойынша болашаққа талдау сараптама жасау тәжірибесі бар. Бұл не береді? Ауа райын болжаушылар алдағы көктем мен жазда жауын-шашынның қалай болатынын, ауа райының жайын болжамдап, оны ауыл шаруашылығы қызметкерлері тұтынып, пайдаланып жатады. Содан жұрт кәдімгідей пайда тауып отыр.

Экономиканың даму жағдайын болжамдайтын сарапшылар, саяси ахуалдың бағдарын айқындайтын сарапшылар бар. Олардың қызметін ғылыми негізде тұтынып, сол ақпаратты ақша төлеп сатып алатындар аз емес. Ендеше, болашақты болжамдауды түгел сайтанның ісі деп теріске шығарып, одан атқұла бас тартуға бола ма?..

 

 

Пікір қалдырыңыз

Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники

Пікір қалдырыңыз

Яндекс.Метрика