1 239 көрілім

71Біздің бар өміріміз қоғамда, яғни адамдардың арасында өтеді. Сондықтан қаласақ та, қаламасақ та айналамыздағы жандармен әртүрлі қарым-қатынаста болуымызға тура келеді. Біздің өміріміздің жақсы, не жаман болуы тікелей айналамыздағы адамдармен қарам-қатынасымыздың жайына тікелей қатысты болмақ.

Қарым-қатынас туралы неге оқытпайды

Мектептерде, онан қалды жоғары оқу орындарында жүздеген пәндер бар. Тіпті, атауын өмірі естімеген пәндер жайында оқып немесе естіген кезде қайран қалып жатамыз. Бірақ адам өміріне тікелей елеулі ықпалын тигізетін қарым-қатынас жайында не ғылым, не жеке пән жоқ. Осыған қарап, мұны екі аяқты адам деп аталатын пенделердің көңіл бөлуге де тұрмайтын өте ұсақ нәрсе деп түйсінгенін ұғуға болатындай.

Шындығында, адамдардың өмірде бақытты, не бақытсыз, жақсы-жаман болуы, табысқа жетіп биіктерге көтерілуі, болмаса жолын қырсық шалып, құрдымға құлауы – бәрі тікелей айналамыздағы адамдармен қарым-қатынасымыздың жағдайына байланысты болмақ.

Егер сіз айналаңыздағы адамдармен әрдайым жақсы, жылы қатынаста болып, жұрттың көңілін табуға тырысып жүрсеңіз, жауыңыз жоқ, досыңыз көп болады. Ал тілектес досыңыздың көп болуы өмірде табысқа жетуге қажетті ең басты шарт болып табылмақ.

Мектепте, онан кейін жоғары оқу орындарында қарым-қатынас мәдениеті, жақсы қарым-қатынас орнату амалдары жайында жан-жақты оқытса, қоғам дәл бүгінгідей азып-тозбас еді деген ойға қаласың.

Қарым-қатынасты бұзатын нәрсе – өзімшілдік

Өзін, өзінің мүддесін ғана ойлап, басқалармен санаспайтын адамның айналасындағылармен қарым-қатынасы ауырлайды. Өзін әрдайым өзгелерден жоғары қойып, өзінен асып бара жатқандарды жек көретін және аяғынан шалғысы келіп тұратын бір кісінің «менің жауларым» дегенді жиі айтатынын естідім. Өркөкірек, мақтаншақ және дөрекі мінезді сол кісіні айналасындағылардың мақтағанын естімеппін, керісінше ит терісін басына қаптап жамандап жатады.

Өзімшіл адам өз мүддесін ғана ойлап, бұл әрекеті басқаларға ұнай ма, жоқ па, оған назар аудармайды. Ертеректе, кеңес заманында аудандық газетті қызмет істедім. Бір бөлмеде үш адам отырамыз. Орта жастағы бір кісі темекі тартады. Ол темекісін әр бес минут сайын бұрқыратып, кабинетті көк түтінге толтырады.

Қыстың күні, желдеткішті ашуға болмайды. Содан екеуміз көк түтінді жұтып, амалсыз басқа түскен соң көнбістік жасап жүрдік. Бір күні кабинетімізге тағы бір адам келді. Орта жастағы келіншек. Әлгі әдетіне басып темекісін тұтатып, бұрқырата бастап еді, келіншек шап етіп бетінен ала кетсін. Содан екеуі бір сағаттай ұрыссын.

Бұл текетірес бірнеше күнге созылды. Әлгі өзімшілдікке салып темекісін бұрқыратады, ал әйел шапылдап аузына ақ ит кіріп, көк ит шығады. Ақырсында ол бастыққа барып, шағым жасады. Содан бұл іс бастықтың бөлмесінде кішігірім жиналыста қаралып, өркөкіректенген темекі тартқыш сыбағасын алды. Содан кейін ол темекісін амалсыз далаға шығып тартатын болды.

Мұндай өзінің теріс әрекетінің басқаларға ұнайтын-ұнамайтынына назар аудармай, өзіме ұнаса болды дегенді ұстанатын пенделер өмірде көп кездеседі. Әдетте, ондайлар әлгі келіншек сияқты қытымырлау жандармен кездескен кезде осы әрекеті үшін таяқ жеп жатады. Яғни, мұндай өзімшілдік әрекет ерте ме, кеш пе міндетті түрде қолайсыздықтарға ұрындырады.

Жақсы қарым-қатынаста болудың амалы қандай?

Облыстық «Арқа ажары» газетінде қызмет етіп жүрген кезімде басшы болған бір кісі мені бір бөлімнен екіншісіне, одан үшіншісіне ауыстырып, бір кабинеттен басқа кабинетке көшіріп, тасқааяқтай қағыстырды. «Басқа түссе баспақшыл» демекші, оның мынау зомбылығына үнсіз шыдадым.

Содан бірнеше жыл өткенде бір себеппен басқа редакцияға ауыстым. Ал мені қуғындаған әлгі кісі сол-ақ екен үйіме, онан қалды ұялы телефоныма қайта-қайта хабарласып қызметке қайта оралуымды өтінді. Тіпті, ол мен сыйлайтын бір кісіні араға салып, қайта кел деп қолқалауын қоймады. Содан бірнеше айдан кейін облыстық газетке қайта оралдым.

Бұдан не түйіндеуге болады? Егер сіз өзімшіл болмай, өз міндетіңізді әрдайым адал атқарсаңыз, құқығыңызды алға тартып, жұрттың жағасынан алмай, сабырлы, кішіпейіл болсаңыз, тіпті оңбаған деп санайтын жаман басшылармен де жақсы тіл табысып, дұрыс қарым-қатынас орната аласыз.

Інжілде Иса пайғамбардың шәкірттеріне айтқан «жақсылыққа жақсылық жасау әркімнің қолынан келеді, ал сендер жамандыққа жақсылықпен жауап қайтарыңдар, досын сүю әркімнің қолынан келеді, ал сендер жауларыңды да достарыңдай сүйіңдер» деген сөзі жақсы қарым-қатынас орнатудың ең тиімді және сенімді жолы десек, артық айтқандық болмайды.

Белгілі интернет-бизнесмен, өзін-өзі дамыту мектебінің негізін салушы Алекс Яновский бақытты болу үшін 4 бағытта даму қажет дейді. 1–ші бағыт: денсаулық сақтау, 2-ші бағыт: өзін-өзі жетілдіру, 3-ші бағыт: бизнес, 4-ші бағыт: қарым-қатынас. Осы төрт бағытта ырғақты дамыған адам мына өмірде шынайы бақытын табады дейді ол.

Бақытты болғыңыз келсе – айналаңыздағы адамдармен дұрыс қарым-қатынаста болыңыз.

 

Пікір қалдырыңыз

Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники

Пікір қалдырыңыз

Яндекс.Метрика