994 көрілім

махаббатХовард кедей отбасынан шыққан бала еді. Ол мектепке керекті кітап-дәптер алу үшін көшеге шығып ұсақ-түйекті сатып ақша табатын. Бір күні ешнәрсе сата алмады.Саудасы жүрмегені өз алдына қатты шаршап, шөл қысты. Бір жағынан қарны да аш еді. Содан бір үйдің есігін қағып, жүрек жалғайтын тамақ сұрағысы келді. Бірақ есікті жас келіншек ашты. Соны көрген бала ұялып: «кешіріңіз, ішетін су бар ма?» деп сұрады.

Жас келіншек баланың жүдеу жүзін көріп жаны ашып, қарны ашқан шығар деген оймен бір стақан сүт әкеліп берді. Бала сүтті асықпай, бойына сіңіре ішті. Содан кейін: «Көп рахмет. Сүт үшін сізге қанша қарызбын?» деді.

-Ешқандай қарыз емессің, -деді келіншек күлімсіреп. –Анам көрсеткен жақсылық пен жасаған көмегің үшін ақы талап етпе деп үйреткен еді, -деді.

-Ендеше сізге тағы да үлкен рахмет, -деді бала.

Ховард Келии ол үйден шыққанда тәні ғана нәр алып қоймай, рухани жағынан да жақсы әсерге бөленгенін сезді.

Арада біраз жылдар өтті. Әлгі әйел сирек кездесетін ауруға шалдығып, жергілікті дәрігерлер оны емдей алмай үлкен қалаға жіберді. Кеңес беруге шақырылған дәрігерлердің бірі Ховард Келли еді. Ол әйелдің қайдан келгенін естіген соң-ақ оны көруге асықты. Ол бір кезде өзіне қайрымдылық танытып, сүт берген әйелді көрген сәтте бірден таныды. Осыдан кейін әйелді ауруынан айықтырып, көмектесуге барын салуға бекінді.

Ұзақ уақыт ауруханада жатқан әйел дертінен айықты. Ауруханадан шығар алдында оны емдеген доктор Келлиге әйелдің есеп-шоты келді. Ол оны тексеріп, үстіне бір нәрселер жазып, конвертке салып науқасқа жіберді.

Әйел есеп-шот салынған конвертті ашудан қорқып біршама уақыт отырды. Өйткені, мұндай аурудан емдеудің бағасы өте қымбат тұратын. Азын-аулақ жалақымен жан баққан келіншек ондай ақшаны қайдан аламын деп қорыққан. Бір кезде қорқынышын басып, конвертті ашты. Есеп-шоттың астындағы жазуды көргенде  көзінен жас ыршып түскен. Өйткені қағазда: «Емдеуге кеткен шығындар толығымен бір стақан сүттің ақысына төленді» -деген жазу болған еді.

Иә, «бұл дүниенің жақсылығы о дүниеге кетпейді» деген рас екен.

 

 

Пікір қалдырыңыз

Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники

Пікір қалдырыңыз

Яндекс.Метрика