805 көрілім

уақытЖыл тоғысында әрбір адам алдағы жылдан жақсылықтар, игі өзгерістер күтетіні белгілі жай. Өмірді адамға қызықты, тартымды ететін де ертеңгі күнге деген үміт. Міне, қазақша мешін, өзге елдердің күнтізбесінде маймыл атанған жыл да тарих қойнауына сіңіп барады. Алдағы жыл тауық, батыстық күнтізбеде отты тауық деп аталатын жыл.

Жылды арақпен қарсы алу ақымақтық

Жасыратын не бар, адамдардың көбі жаңа жылды арақ немесе шампан құйылған бокал ұстап, ақ тілек айтып қарсы алып жатады. Бұл қаншалықты ақылға сиымды және арақ ұстап тұрып айтылған немесе тілеген тілектің қаншалықты орындалу мүмкіндігі бар?

Ислам дінінде арақ-шарап харам аталып, оны ішуге тиым салынған. Буддашылар, индустар да спиртті ішімдікті харам деп біледі. Христиандар мен иудейлерде ғана ертеде сусын ретінде пайдаланған шарапты ішуге рұқсат етілген. Міне, осындай харам аталған сусынды ішіп тұрып, оны ішуге тиым салған Алладан медет тілеу ақылсыздық емес пе.

Жаңа жылдың адам өміріндегі орны қандай?

Алыс сапарға жиналған адам жолға қажетті заттарын түгендеп алып, туыстарымен қоштасады, содан кейін ештеңені ұмытқан жоқпын ба деп, өз үйінде сәл тізе бүгіп отырады. Сол сияқты ескі жылды шығарып салып, жаңа жылды қарсы алғалы тұрған сәтте әрбір адам өткен жылы атқарған шаруаларын ой елегінен өткізіп, не тындырдым, нені істей алмадым деп өзіне өзі есеп беруі қажет. Бұл болашақта өткенде жасаған қателіктерін қайталамауға және бітпей қалған шаруаларын аяқтауға күш-қуатын жұмылдыруға ықпал етпек.

Содан кейін жаңа жылда не істеймін, қандай шаруаларды тындырамын деп, іштей ойланып, жылға арнап жоспарын жасап алғаны жөн. Егер зер салып қарасаңыз қандай шаруаны жасарда да алдымен жоспарлап, нақты ойластырып алса нәтиже болмақ. Ал, еш ойланып-толғанбастан бірден кірісіп кеткен іс бейбереткеттікке ұласып, нәтижесі де оңды болмасы сөзсіз.

Осы орайда, еліміздің бас мүфтиінің айтқан жаңа жыл мерекесін атап өтудің мұсылман баласы үшін оншалықты қажеттілігі жоқ дегенімен келісуге болады. БАҚ-та жаңа жылда қанша шығын кететіні жайлы мақаланы оқыдым. Шет елдерге барып, қымбат қонақүйлерде қарсы алатындардың шаш етектен шашылатыны болсын-болмасын белгілі. Өз елімізде, отбасында отырып жаңа жылды қарсы алу үшін де біраз шығын кетеді екен.

Алдымен, шырша алып, оны безендіру, жарқырауық шамдар алу, отшашатын құралдар алу, дастархан мәзірі – бұның бәрі қып-қызыл ақша. Бір түн ғана тұратын жасанды шыршаны сатып алуға сонша ақша жұмсаудың қанша қажеттілігі бар?

Адамның бар тілегін орындайтын – Алла. Бұл – ақиқат. Ал Алла адамдардың арақ ішіп, ақыл-естен айрылуын қалайды дейсіз бе? Жоқ. Ендеше арақ құйылған бокалды ұстап тұрып тілек айту қаншалықты ақылға сиымды? Сондай-ақ, Құранда Алла ысырапшылдықты ұнатпайды деген аят бар. Жаңа жылды қарсы аламын деп ысырапшылдық жасау да Алланы риза ететін шаруа емес екен.

Кез келген адам тілегіне жете алады

Мен жыл сайын мұсылман күнтізбесін сатып аламын. Өйткені, одан ислам дініне, имандылыққа қатысты көптеген пайдалы ақпараттар алуға болады. Таяуда күнтізбеден бір ислам ғұламасының айтқан мынадай сөзін оқыдым. Оның айтуынша, кез келген адам шын тілесе арман-тілегі орындалады. Мейлі ол күнаға белшеден батқан күнакар болсын, егер бір мақсатқа шын ниетімен бар жан-тәнімен ұмтылса, оған жетпей қоймайды екен. Яғни, Алла адамдардың кез-келген тілектерін орындайды.

Бірақ, тілектің де тілегі бар. Егер пенде осы дүниенің игілігін тілесе, Алла оның тілегін береді, бірақ ондай пенде бақи дүниенің игілігінен құр қалады. Яғни, орны тозақ болады. Сондықтан, есі дұрыс адам екі дүниенің де игілігіне жетуге ұмтылғаны жөн болады.

Болашаққа айқын жоспар жасаңыз

Жыл тоғысында тұрған сәтте, сіз арақ ішіп ақылыңызды тұмандандырып ақшаңызды бір шашып, денсаулығыңызды және құртып, өзіңізге залал келтірмеңіз. Оның орнына жаңа жыл кешінде алдағы жылы не істеймін, не шаруаларымды тындырамын және ойлаған мақсаттарыма қалай жетемін деген жайды ойлап, соның бәрін ақ қағазға жазып, түсіріңіз.

Алдағы жылға арнаған жоспарыңыз сізді бір жыл бойы өмір жолымен алға жетелейтін бағдаршыңыз болсын. Оны күн сайын оқып, санаңызға терең сіңіріңіз. Осылай жасау арқылы сіз өміріңізді бір реттілікке түсіресіз және нақты жоспарлар бойынша күш қуатыңызды бір бағытқа шоғырлап, мақсатыңызға жету мүмкіндігіне ие боласыз.

Жаңа жылды мерекелік дастархан басында айқай-шумен, арақ-шараппен өткізген пенде мен өткен жылдағы шаруаларын қортындылап алып, алдағы жылға нақты жоспар жасап, сол бойынша өмір сүруге талпынған адамның арасында аспан мен жердей айырмашылық болады. Бейберекет өмір кешкен пенденің іс-әрекеті де бейберекет болмақ. Ондайлар нақты мақсат бойынша әрекет жасамайтындықтан, өмірі нәтижелі болмайды. Ал, нақты жоспар құрып, сол бойынша шаруа жасаған адамның тасы өрге домалап, арман-мақсатының әрдайым биіктерінен көрінуге мүмкіндіктері бар.

Жаңа жыл, жақсылық пен игілік әкелсін, армандарыңыздың асқақ биіктерінен көрінулеріңізге шын жүректен тілектеспін!

 

Пікір қалдырыңыз

Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники

Пікір қалдырыңыз

Яндекс.Метрика