Жағымпаз адамнан сақтан

Емдік өсімдіктерден жасалған табиғи дәрілер мен дәрумендер, балалар мен ересектерге арналған брендтік киімдер, косметика, т.б. төмендетілген бағамен тапсырыс бере аласыз, Қазақстанның кез-келген аумағына жеткізіп береді. Толық ақпаратты мына сілтеме арқылы алыңыз:

https://akikat01.com/internet-magazin/

жағымпазЖағымпаздық деген жаман қасиеттің қашан, қалай пайда болғанын кім білсін, ол адамзат баласымен бірге жасасып, бірге өмір сүріп келе жатқандай. Жағымпаз адамдар қай заманда да, қандай қоғамда да болған және бола беретін сияқты. Өйткені, жағымпаздықтың астарында адамның әлсіздігі, табансыздығы, тұрақсыздығы және ең алдымен, арсыздығы тұрады.

Жағымпаздықтың негізі – әлсіздікте

Әлсіз, әлжуаз, өз күші мен қабілетіне сенбейтін, өзін дамытып, биіктерге жетуге құлшынбайтын пенделердің бойында міндетті түрде жағымпаздық қасиет орнығады. Өйткені, өмір сүру қажеттілігі ондай пендені күшті, өз пікірі, ұстанымы бар және үнемі өзін өзі жетілдіріп, биіктерге құлшынатын, сондай биіктерге үнемі жетіп, шыңдарды бағындырып жүретін жігерлі адамдардың қолтығының астын паналап, соларды пайдалануға, солар арқылы биіктерге жетуге  ынталандырады. Әлжуаз жанда одан басқа амал да болмайды.

Егер сіз табиғатқа зер салып қарасаңыз, Жаратқан тіршілік иелерін бір-бірімен септесіп тірлік етуге бұйырғанын аңғарар едіңіз. Мәселен, кене деген кішкентай жәндік бар. Басқа жәндіктердің қанымен қоректенетін кененің қол-аяғы бар жүреді, бірақ  өткір тырнағы, тісі бар жыртқыш емес, елік, бөкен сияқты қатты жүргіруге жарайтын мықты тұяғы да жоқ, сұңқар сияқты биіктерге самғайтын қанаты жоқ. Ендеше кене қалай  күн көрмек? Ол үшін Жаратқан оған өзінен әлдеқайда үлкен сиыр, қой, жылқы сияқты жануарлардың денесіне жабысып алып, қанын емін-еркін соруына мүмкіндік жасаған. Кіп-кішкентай кене жануарға жабысқан соң бірер аптаның ішінде тырсиып семіріп, қанға мелдектей тояды. Оны жануардың денесінен жұлып алу да оңай емес.

Жағымпаз пенделер де сол сияқты. Олар өз күштерімен, ақыл-ой, қарым-қабілеттерімен ешқашан биік мансапқа, байлыққа, атаққа жете алмайды. Өйткені, бойларында ондай қабылет те, ерік-жігер, білім де жоқ және ең өкініштісі, сондай білім мен біліктілікті игерейін дейтін ынта-ықылас та жоқ. Әдетте жағымпаз адамдардың бәрі жалқау болып келеді. Дегенмен, оларда кене сияқты өздерінің қоректеріне тастай жабысып, соны пайдаланып, ойларына алған барлық мақсаттарына жеткізетін қасиет бар, ол – жағымпаздық.

Жағымпаз ештеңеден тайынбайды

Мақсатына жету үшін жағымпаз ештеңеден де тайынбайды: олар қажет болғанда әнші де, биші де, қолбала да, сайқымазақ та  бола алады. Ұлы Абайдың осыдан бір ғасыр бұрын айтқан: «Күштілерім сөз айтса, бас изеймін шыбындап, әлсіздің сөзін салғыртсып, шала ұғамын қырындап» деген өлеңінің кейіпкерлері бүгінде де айналамызда өріп жүр.

Мен жұмыс жайына байланысты түрлі алқалы жиындарға жиі қатысып жүремін. Сонда төрде отырған басшылар бірдеңе айтып жатса соның сөзін асқан ұқыптылықпен, ынтамен тыңдаған кейіп танытып, әлгі өз жағына қараса-ақ, басын изеп мақұлдап отырған кейіпке енетін адамдарды көп көрдім. Өзінің айтқанын зор ынтамен тыңдап, бас изеп мақұлдап отырған адамды бастық несіне жеккөрсін. Ондайлардың ойлары әлбетте сол бастықтың көзіне түсіп, жақсы қызметке ие болу екендігі 2х2=4 дегендей белгілі жай.

Кеңес заманында «сіздің жеке өз басыңызға» және «сіздің дана басшылығыңызбен» деген сөз жиі айтылатын. Ол сонау Брежневтен бастап, басшы орынтағында отырғандарға жағымпаздардың айтатын және басшыларға майдай жағатын тамаша сөзі болған еді. Қазір басшыларға «аға» деген көп айтылатын болыпты. Барша жұрттың көзінше үлкен бастыққа «аға» деп жалпылдайтындар көп бүгінде. Аға деп әлгінің бауырмалдығы ұстап тұрған ештеңесі жоқ. Ондай «ағалағыш» жағымпаздардың өздерінен жасы үлкен қолында билігі жоқ адамдарға шекесінен қарап дөрекілік танытқандарын да талай көрдім.

Жағымпаздың жалғыз арманы

АҚШ-тың ертедегі президенті  Авраам Линкольн бір естелігінде былай жазады. «Мектепте оқып жүргенімде бір күні көшемен келе жатып  ұстаханының жанынан өттім. Темір ұстасының қимылына аузымды ашып таңырқай қарап тұрған маған ол: қане, көрік басасың ба, деді» деп есіне алады. Әлгінің көмекшісі жоқ екен. Мақтауын келістіріп жас балаға ұста екі-үш сағат көрік бастыртып қойыпты. Өлердей шаршаған бала содан былай ұстахана тұрған көшені айналып өтетін болады. Ал кейін билікке қолы жеткенде «Егер мені біреу себепсіз мақтай бастаса, оған меннен бірдеңе қажет болып тұрғанын сезе қоямын» деп жазған екен.

Әрине, бүгінгі басшылардың бәрі Линкольн сияқты данышпан емес. Олардың көбі  өздерін еш себепсіз мақтап, асты-үстіне түсіп «ағалайтын» жағымпаздардың ойында не бар екенін мүлдем сезбейді. Содан кейін-ақ, мұндайлар жағымпаздар құрған қақпанға оңай түседі. Көп ұзамай жағымпаз әлгінің сеніміне кіріп алып, ең жақын адамына айналады және қолы билікке жетіп, басшыны өз мүддесіне жегіп пайдаланады. Мұндайлардың әрекетін жоғарыда айтылған кенемен салыстыруға болады. Қадалған жерінен қан алатын жағымпаздар да өз бойларында жоқ қасиеттері бар басшылардың қанын сорып, топтай болып семіреді. Олардың бар арман-мақсаттары да осы.

Жағымпаз тұрақсыз болады

Крыловтың «Түлкі мен қарға» туралы аңызын оқыдыңыз ба? Аузында ірімшігі бар бағана басында отырған қарғаны көрген түлкі оны жөн-жосықсыз мақтай жөнеледі, тіпті бұлбұлға теңеп, одан да өткен әншісің деп соғып жібереді. Мақтауға еліккен байғұс қарға түлкінің айтқанына сеніп оның қалауымен ән салмақ болады. Сөйтіп, «қарқ» еткенінде аузынан ірімшігі салп етіп жерге түседі. Ірімшікті қақшып алған түлкі арманы орындалған соң қарғаны жайына қалдырып табанын жалтыратады.

Жағымпаздар да солай қолында билігі, байлығы бар адамдарды «ағалап» жағалайды да, қажетін алып, оны әбден пайдаланған соң әлгі адамның қолынан билігі мен байлығы кеткен кезде жалт бұрылып табандарын жалтыратады. Кеше ғана «ағалап» асты-үстіне түсіп жүрген бауырмал адам бейнесін күрт өзгертіп, қатыгезденіп, дөрекіленіп шыға келеді.

Мен өмірде қолында байлығы мен билігі барда пайдаланып алып, басынан бақ тайған соң жалт бұрылған біраз жағымпаздарды көрдім. Ондайлар бұларын еш ұят санамайтыны өз алдына, тіпті соны кәдімгідей мақтаныш көретін сияқты. Бойларында талант, қабілет, ерік-жігер, терең ақыл сияқты қасиеттері жоқ жағымпаздар өздерінің «сасық қулық, арсыздық, сатқындық, дөрекілік, екіжүзділік» сияқты жаман қасиеттерін мақтаныш көретін сыңайлы.

Түйін: Қандай жағдайда да жағымпаз жандардан ат шаптырым аулақ жүруге тырысыңыз. Егер сізді біреу себепсіз мақтай бастаса, оған сізден міндетті түрде бірдеңе қажет болып тұрғанын есіңізден шығармаңыз. Крыловтың «қарға мен түлкісін» әрдайым есіңізде ұстаңыз. Жағымпаздардың қармағына сонда ешқашан түспейтін боласыз. Ал, жағымпаздар сізге міндетті түрде көп жамандықтар әкеледі.

 

Пікір қалдырыңыз

Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники

Оставить комментарий

Жарнама
Жарнама
Яндекс.Метрика